ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ТӨРІНДЕ ЖЫР ТҰНЫП ТҰР…

589

0

Қызылқұмның қойнауында Жаңақала деген ауыл бар. Қазіргі атауы Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл. Ширек ғасырдан астам тарихы бар мекеннен ырыс пен құт, береке таймаған. Олай дейтініміз – елдің, халықтың ауызбіршілігі бекем. Ал, ауызбіршілік бар жерде ынтымақтың, ырыстың болары хақ.
Ауылдың тарихына тоқталсақ, 1963 жылдың басында облыстағы бірнеше аудандар біріктіріліп, аймақтық колхоз-совхоз өндірістік басқармасы болып қайта құ­рыл­ды. Орталық комитеттің қау­лы­сы бойынша 1964 жылы Қармақшы ауданынан екі сов­хоз ұйымдастырылады. Соның бірі осы – Жаңақала ауылы болатын. Оған шаруа жайын білетін білікті басшы Қаратай Қуаңбаев сайланады. Ол кісі “Тағай” деген жерді белгілеп, шопандар үйін тұр­ғызады. Ешқандай байланыс жоқ, Қызылқұмның шетіне орналасқан елге әуелгі кезде көшіп баруға ешкімнің жүрегі дауа­ламайды. Сол уақытта басшының батылдығы мен іскерлігіне сенген Зауыт Ерназаров ақсақал барлық шопандарды жігерлендіріп  ауыл басшысына қолдау көрсетіп, жаңа қонысқа көшеді. Ферма орта­лы­ғында алғаш қой қырқатын, қара­көл дайындайтын пункт салы­нады, мұнан соң қой жуатын тоғытпа іске қосылады. Қарқынды құрылыс нәтижесінде бастапқы 16 үй бой түзейді. Онда барғандар “Қызылқұмда жаңа қала пайда болыпты” деп таңданыстарын біл­діретін көрінеді. Міне, осындай ха­лықтың бірлігі мен басшының іскерлігінің арқасында пайда болған ауыл “Жаңақала” деп аталған екен. Совхоздың қазығын қағып, оны 16 жыл басшы болған Қ.Қуаңбаевтан кейін басқарған Рүстем Ахметов, Зинабыт Сүлей­менов, ауылдың ірге тасын  қалас­қан Сайлау Жанбаев, Орақ Дәне­керов, Жайылқан Демеуов, Социалистік Еңбек Ері Әділбек Хайрул­лаевты кейінгі ұрпақ мақтан тұтады.  
Бүгінде осы аға ұрпақ салған сара жолды шалғайдағы ел сақтап келеді. Әсіресе, қандайда бір істе, жиын-тойда дүйім жұрт болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе жұмылулары кез келген жанды қайран қалдырады. Оған дәлел төмендегі деректер.
Наурыз айы келгенде ауыл ерекше түлейді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елде қарбалас басталады. Себебі, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар Наурыз мерекесін тойлауға республиканың түкпір-түкпірінен ағылады.  Өткенге көз жүгіртсек, сонау 1989 жылы Нау­рыз мерекесін жаппай тойлау басталғанда алғаш болып мерекелеген жаңақалалықтар шарада салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай өткізеді. Киіз үй тігіп, дастарқанын жайып, тарихи құндылықтарды қайта жаңғыртты. Қыз ұзату, келін түсіру дәстүрін сол кезден бастап кейінгі жастарға ұлықтады. Ат жарыс, балуандар күресі, көкпар тарту секілді спорттық жарыстарды сол уақыттан бері дәріптеп келеді. Отыз жыл бұрын басталған Нау­рыз мейрамын 1947-1948 жылы туған ауыл азаматтары қолға алып, демеушілік жасаған. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасын табуда. Жыл сайын өз кезегінде әр жылғы туғандар мерекені өткізу міндетіміз деп біледі. Ауылдың осындай ауызбірлігін жырға қосқан ақын Серік Ыдырысов “Наурыздың нұры сіңіп, құл­пырып қыр, төсінде Қызылқұмның жыр тұнып тұр” деп жазған еді.
– Мұндай игі бастаманы бастаған жандар бүгінде жетпістен асқан ақсақалдар екен. Ауыл азаматтарының бір болуының арқасында наурыз мейрамы әлі сол қалпында ұйымдастырылып келеді. Осы күні жан-жақта жүрген ауылдастар жиналып, бір-бірімен қауышып, төс қағысып амандық біліседі. Дүниеден озған жандарға ас беріледі. Мұның барлығы біздің ауыл үшін салтқа айналған, – дейді ауыл тұрғыны, тарихшы Сақтапберген Қосбаев.
Биыл да дәстүр бойынша ұлыс­тың ұлы күнін 1986-1987 жылы туған жандар өткізеді. 21 наурыз кү­ні қонақ асы беріліп, ретро ән­дер­ден  Жалғасбек Ләппайұлы атын­дағы жүлде сарапқа салынып, кеш мерекелік концертке ұла­­са­ды. Ал Наурыз мерекесі сал­­­та­натты шараның ашылуынан бастау алып, тойға жиналған қауым мерекелік дастарханнан дәм татады. Онан әрі спорттық жа­рыстар, театрландырылған сах­налық қойылымдардан байқау өтеді. Наурыздың көркін  түс ауа ат жарыс кіргізеді. Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, тай жарыс­тарын көруге баратын халықтың қарасы көп болады. Бәйгені тама­ша­лауға еңбектеген баладан, ең­кей­ген қартқа дейін барады. Бұл жыл­да орын алатын үрдіс. Осы­лайша, қызылдың қиянында екі күн бойына дүбірлі той салтанат құрады.
Ал берекенің бастауы, елдіктің белгісі болған наурыз мейрамы ауыл адамдарының мызғымас бірлігін нығайта түспек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<