Заң мен тәртіп бірінші орында тұруы тиіс

88

0

Жалпы қазақстандықтар жыл сайын Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын күтетіні белгілі. Бүгінгідей алмағайып уақытта жер-жаһанның қай мемлекетінде де біз күтпеген жағдайлар орын алып жатқанда, ел халқын ұйыстырып, бет алысы мен даму бағытын анықтап отыратын нұсқау әбден керек. 

Сонымен жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты кезекті Жолдауын жариялады.  Ендеше биылғы Жолдаудың маңызы неде? Жалпы біз Жолдау тарихы мен әлемдік тәжірибеден нені байқаймыз? Саяси ғылымдар докторы, облыстың құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлымен болған аз-кем әңгімені оқырманға ұсынамыз.

– Мұрат Бақтиярұлы, Президенттің кезекті Жолдауы жария­ланды. Жалпы Жолдаудың мән-маңызы неде? Әлемдік тәжірибеден не түюге болады?

– Елімізде жыл сайын Мемлекет басшысының халыққа арналған дәстүрлі Жолдауы Парламент алдында жасалады. Бұл үрдіс 2006 жылдан бастау алады. Бұл 19-шы Жолдау.

Дүниежүзілік тарихқа көз жіберсек, өз мемлекетіндегі халқының тыныштығы үшін, елдің ішкі ынтымағын сақтау мен алға қарай дұрыс дамуы үшін сол мемлекет басшылары өз халқына үндеу тастап, жолдау арнап отырған. Жолдау жасаудың ресми түрі АҚШ президенті Джордж Вашингтонның 1790 жылғы жасаған жолдауынан бастау алады. АҚШ Президенті жылына үш рет, оның екеуі Конгресте ел бюджетін бекіту, елдің әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту, АҚШ-тың сыртқы саясатын нақтылау, үшінші жолдауы тікелей ұлтқа бағытталып, АҚШ азаматы болудың бақыты, өз азаматтарын әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қорғайтындығын айтып, ұлтының рухын көтереді.

Түркия мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік те өз ұлтына үнемі жолдау жасап отырған. Оның түрік халқына арнаған бір жолдауы үздіксіз 36,5 сағатқа созылған.

Жалпы біздің мемлекетімізде Президенттің халыққа арнаған жолдауларында қалыптасқан үрдіс бар.

Бірінші – халықты және Парламент депутаттарын қазіргі таңдағы елдегі, әлемдік қауымдастықтағы жағдайларға шолу жасау, жеткен жетістіктер мен шешілмеген мәселелерді талдау. Екінші – Жолдау алдағы уақыттағы мемлекеттің негізгі бағыттарын айқындап, оларды шешудің тетіктерін белгілеу (заң, реформа, қаржы, т.б). Үшіншісі, Жолдаудың ең өзекті символдық жағы Мемлекет басшысы ұлттық мүдде мен елдің тұтастығының кепілдігі ретінде көрінді.

Жолдау деген бір-бірін толықтырып отыратын егіз ұғымды білдіреді. Біріншісі – жол сілтеу, жол көрсету. Екіншісі – халықпен ақылдасу, сырласу арқылы мемлекеттің алға қойып отырған жоспарын жеткізу. Ел ішіне әлеуметтік, экономикалық, рухани мәселелердің түйткілді жақтарына мемлекет жауап беріп отыруы керек. Біз қазір шайқалып тұрған әлемдік қауымдастықта өмір сүріп отырмыз. Қазақстан сол қауымдастықтың бір мүшесі ретінде экономикалық жүйемізді әлемдік стандарттарға, экономикалық ағымға қарай реттеп отыруы қажет. Конституция бойынша Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын белгілейтін – ел Президенті. Сондықтан да Жолдауда еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуы мен сыртқы саясаттың негізгі басым бағыттары жолдаулардан көрініс тауып келеді. Қазақстан ел дамуының базисі болып табылатын экономикасын заман талаптарына сай жетілдіріп отыруы керек.

–        Биылғы Жолдаудың негізгі бағыты қандай? Қандай мәсе­лелерге басымдықтар берілген?

–        Президент әрбір Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жолында ең әуелі дамыған елдердің тәжірибелерін мұқият зерттеп, қажеттісін алып, өзіміздің ұлттық жағдайымызға, мүдделерімізге сәйкестендіре отырып пайдалануға тырысады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында негізгі міндеттер деп 7 бағытты атап көрсетті. Мәселен, елге инвестиция тарту.  Ол үшін екінші деңгейдегі банктерді де инвестиция құюға тарту, алдағы 3 жыл ішінде банктер туралы заң қабылдау керектігі айтылды. Мұнан бөлек, міндетті түрде жаппай цифрлық елге айналу, цифрлық кодекс қабылдау, өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беру, агросаланы одан әрі дамыту, Қазақстанды Евразиядағы көлік хабына айналдыру, елдегі мемлекеттік үлесі бар ұйымдарды барынша қысқартып, бәсекелестік ортаға жіберу, ел ішіндегі көші-қон үдерісіне бақылау орнату  міндеті қойылды.

Биылғы Жолдаудың негізі –  ЖИ мен цифрландыру. Жолдауда ЖИ сөзі 31 рет, цифрландыруды дамыту сөзі 47 рет қолданылған. Мұның себебі мынау: қазір дүние жүзінде биылдың өзінде ЖИ-ді дамытуға 400 млрд доллар жұмсалса, 2030 жылға қарай бұл салаға 5 трлн доллар қаржы құйылады деген болжам бар.

– Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын, ел экономикасын жақ­сартуға қаншалықты әсері тиіп жатыр?

–        Қазір әлемдік геосаясат өте күрделі жағдайда. Таяу Шығыстағы Израиль-Палестина соғысы, Газа секторында 2,3 миллион халық бомбалаудың нәтижесінде уақытша лагерьлерді паналауда. Ресми дерек бойынша соғыс барысында 60 мың палестиналықтар қайтыс болып, 150 мың адам жарақат алған. Ресей-Украина соғысының салдарынан бүкіл Батыс елдерінің Ресейге қатысты санкциялары, АҚШ пен Қытай арасындағы қырғи-қабақ қатынас біздің еліміздің экономикасына үлкен кері әсерін тигізуде.

Әлемде 8 млрд халықтың 1 млрд 200 миллионы өте кедейлік деңгейде өмір сүріп жатыр. Біздің еліміз әлемдік қауымдастықтағы 200-ге жуық елдердің ішінде кедейлік шегі жөнінен 168-ші орындамыз (кедейлік күнкөріс деңгейі – жас басына шаққанда 52500 теңге). Салыстырмалы түрде айтсақ, 2001 жылы Қазақстанда тұратын халықтың кедейлер саны 46,7 пайыз болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл – үлкен жетістік.

Елдегі тұтынатын азық-түлік корзинасын салыстырмалы түрде көрсетсек: 1998 жылы еліміздегі орташа жалақы 6700 теңге болса, ең төменгі жалақы 2440 теңге болды. Ал 2025 жылы елдегі орташа жалақы 300 мың теңге, ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды.

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты 2001 жылы заң қабылданды. 2001 жылдан 2024 жылға дейін ажырасу деңгейі екі есеге дейін артқан. Бұл өте өзекті мәселе.

 Тәуелсіздікті алу бар да, оны тұрлаулы ету деген тағы бар. Ел тәуелсіздігін баянды ету барған сайын оңай түспейтініне көзіміз жетіп отыр. Айналадағы бүліншіліктің Қазақстанда да орын алуын тілейтіндер жоқ емес. Ойы олақ, қимылы шолақ ондай жандардың иегінің астындағыны да көрмейтін керенау кердеңдігін халық біледі. Мемлекет басшысының қазақ қоғамын ілгері жылжыту, ізгілендіру, әділеттілік пен заңдылықты қоғам дамуының негізі ету төңірегінде жасап жатқан орасан еңбегі елдік пен мемлекеттілікті нығайтуға бағытталғанын көріп отырмыз. Біздер, зиялы қауым, өмір көрген ақсақалдар, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, оны орындауды әрқайсысымыз өзіміздің абыройлы міндетіміз деп білеміз.

Біз өзгеріс үстіндегі қоғамбыз. Өзгеріс – күрес. Күресте жеңіс те, жеңіліс те болады. Біреуге өз жеңілісін, біреуге өзгенің жеңісін мойындау қиын. Нарық қоғамындағы мұндай өзгерістер болмай қоймайтын тұрмыстағы дағдарыстарды өз мақсатына пайдаланатындар да бар. Оның бірден-бір амалы – биліктегілерді сынау. Оларды қалыптасып отырған қиындықтардың негізгі айыпкері етіп көрсету. Сол арқылы арзан ұпай жинау. Бұл түптеп келгенде қоғам неғұрлым ушыға түссе, бізге соғұрлым жақсы деп ойлайды. Бұл деструктивті жағдайға алып келуі мүмкін. Сондықтанда, заң мен тәртіп Президентіміз айтқандай, бірінші орында тұруы тиіс!

Әңгімелескен, Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»