Заңнамалық тыйым және атқарушы билік

619

0

Биылғы сайлау үдерісінің нәтижесінде қоғамда Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Ол халықтың мүддесін жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толыққанды қорғауға мүмкіндік береді. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек екенін айтқан болатын. Нақтырақ айтқанда, жолдауда «Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көп полюсті партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар бағытын іске асырудың қисынды жалғасы саналады. Әсіресе, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарда өтетін алдағы сайлау аясында бұл шешім өте өзекті. Осы тұрғыда Президент Қ.Тоқаевтың партия мүшелігінен шығуы Қазақстан қоғамында партияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Әкімдер саяси ұйымдарға жетекшілік етуден босатылды, қалыптасып жатқан жаңа заңдық кеңістік шеңберінде жұмыс істеулеріне тура келеді. Керісінше, пікір алуандылығы мен шынайы саяси белсенділіктің пайда болуы аймақтардағы түйткіл мәселелер мен қайшылықтардың алдын алып, оңтайлы ахуал қалыптастырмақ. Десек те, қоғамда орын алып жатқан үдерістерге деген азаматтардың да, саяси күштердің де пікірлері бірдей бола бермейді. Олардың кейбіреулеріне мемлекеттік саясатқа деген өзгеше көзқарастың тән екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан қоғамдық топтар өз көзқарастарын ілгерілету үшін партиялардың көмегіне жүгінеді немесе жақтастарымен бірігіп жаңа партия құрады. Ендеше, сайлау кезінде қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырумен қатар, оның жікке бөлінуіне ықпал ететін саяси күштер мен үдерістердің болуы да заңдылық.

Жалпы демократиялық елде партиялар көп болады. Бірақ жоғарыда айтылғандай, әкімдер мен олардың орынбасарлары партияда болмауы керек. Олар, яғни, мемлекеттік қызметшілер халықтың мүддесін ойлауы, халыққа қызмет етулері тиіс. Сондықтан әкімдер шешім қабылдауда тұрғындардың мүддесін ескеріп, қоғаммен диалог орнату институттарының барлығының жұмысын оң жолға қоюға мүдделі болуы керек. Аймақ басшыларының көппартиялық жүйенің қалыптасуы мен саяси бәсекелестіктің дамуы және пікірлер алуандылығы жағдайында жұмыс істеуге дағдыланғандары жөн. Оларға саяси жүйенің ұзақмерзімді тұрақтылығы, азаматтардың өзекті мәселелерін шешудің тиімділігінің артуы ғана нәтижеге әкелетіндігін терең түсіну арқылы реформаларды табысты жүзеге асыруға болатындығының маңызын ұғынар кез келді.

Нұрмұрат Ерманов, қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<