Былтыр жыл аяғында елде зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғындар игілігіне беру туралы бастама көтеріліп, оның шекті сомасы, бірқатар ережелері бекітілгенін білеміз. Бұл қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалық болғаны рас.
Алғашында зейнетақы жинағының бір бөлігі азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу және қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдаланылатыны айтылған еді. Жыл басында оған экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) әдісі арқылы сәбилі болу қосылды. Зейнетақы қорындағы қаражатты игеру үшін республика бойынша оператор ретінде «Халық банкі» және «Отбасы банкі» бекітілді. «Отбасы банкі» тарапынан арнайы платформа іске қосылып, жұмыс жүргізілуде. Осы айдың басында арнайы брифинг берген «Отбасы банкі» облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабына сәйкес салымшылар жинақ қаражаттарын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 7 мақсатқа пайдалана алатынын айтты. Бүгінге дейін банктен 107774 арнайы шот ашылып, бірыңғай зейнетақы төлемдерін алуға платформа арқылы 83436 қазақстандық өтінім қалдырғанын, оның ішінде 49257 азамат өз қаражатын пайдалануға мақұлдама алғанын жеткізді. Осы орайда зейнетақы жинағының бір бөлігін емделу мақсатында алушыларға қандай ереже бекітілді? Облыс көлемінде бұл мақсатта қанша адам қаржысын алуға ниетті? Әсіресе, қандай емдерге сұраныс көп? Жауап іздеп көрген едік.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында біржолғы зейнетақы төлемдерін қосымша медициналық қызметтерге пайдалану ережесінің жобасы дайын болғаны туралы 28 желтоқсанда өткен арнайы брифингте министрліктің медициналық көмекті ұйымдастыру директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваның хабарламасы жарияланған екен. Онда «Ережеде біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану тәртібі және медициналық қызмет түрлерінің тізімі анықталды. Қазақстандықтар бекітілген тізім бойынша орфандық ауруларға қымбат ем қабылдайды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер, медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтерді, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, радионуклидтік және радиойодтерапияны талап ететін ауруларды түзету мақсатында реконструкциялау және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын жасата алады, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер-пышақ), протондық терапия, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде ел аумағында орналасқан санаторий-курортта медициналық оңалту, офтальмологиялық қызметтер (көру қабілетін лазермен түзету, мультифокальді линзаларды пайдалана отырып, катарактаны емдеу) көрсетіледі.
Шотыңызда емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемі жеткілікті болған жағдайда, емделу үшін тіркелген жеріндегі медициналық ұйымнан дәрігерлік комиссияның қорытындысын аласыз. Пациент өзі шетелдік немесе отандық медициналық ұйымды таңдайды және емдеу туралы шарт жасасады. Әрі қарай ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Жеке кабинетте сомасын, пайдалану мақсатын көрсете отырып, зейнетақы төлеміне арналған электрондық өтінішті толтырады, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұйыммен емдеу туралы шартты тіркейді және өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады. Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша құжаттарды тексергеннен кейін және сәйкес келген жағдайда оларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде азамат таңдаған медициналық ұйымға қаражатты аударады» – делінген.
Министрлік парақшасындағы осы мәліметті оқығаннан кейін өңірдегі ахуалды білмекке тиісті орындарға хабарластық. Алдымен «БЗЖҚ» АҚ Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Алмас Сәрсембаевпен сөйлестім. Алмас Әбдіқалықұлы емделу жайында тұрғындардан ауызша сұрақтардың болып жатқанын жасырмады.
– Зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге пайдалануға болады. Осыған байланысты тұрғындардан ауызша сұрақтар болып жатыр. Бірақ, өкінішке орай, бізде оған қатысты нақты ереже, қандай да бір ақпарат жоқ. Ережені ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеуі тиіс. Бұл туралы бір білсе «Отбасы банкі» білуі керек. Жұмыс енді жүріп жатыр, алдағы уақытта нақты ақпарат келетін шығар,– деді ол.
Осыдан кейін «Отбасы банкі» облыстық филиалы өкіліне хабарласып, емделуге қатысты сұрау салдым. Оның да жауабы мардымсыз шықты. «Бізде емделуге қатысты нақты ақпарат жоқ. Ол туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан сұраңыз. Емделуге қатысты ереже ең алдымен соларға келуі тиіс. Егер алдағы уақытта біздің қолымызға қандай да бір ақпарат келіп тисе, сіздерге айтатын боламыз» деді ол. Филиал өкілінің бұл жауабына қанағаттанбаған мен директорына қоңыраулаттым.
– Біздің банк баспанаға қатысты нақты ережені жасап, бекітті. Бүгінде ол бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ал емделуге қатысты ештеңе айта алмаймын. Ол туралы қолымызда бекітілген ереже, құжат жоқ. Оны денсаулық сақтау басқармасынан сұрау керек, – деп қысқа қайырды Әділжан Сәулебаев мырза.
«Мақта қыз бен мысық» ертегісіне ұқсап кетті ме, қалай өзі? Хош.
Сонан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына сұрау салдым. Сәбит Пазылов мырзадан да мардымды жауап болмады. Тіпті, «бұл тақырыпты жақсы қозғап отырсыз. Мен зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсау туралы нақты білмейді екенмін. Министрлік тарапынан бізге ешқандай ақпарат келген жоқ. Сіз айтқан соң зерттеп көруді ойлап отырмын», – деп ағынан жарылды.
Сонда деймін ғой, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыдағы хабарламасы тиісті орындарға таратылмағаны ма? Әлде басқа да себебі болды ма екен? «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейтін халқымыз баспана мәселесін шешуді көксейтіні рас. Бірақ, бірінші байлық – денсаулықты ысырып тастау қалай болар екен? Әсіресе, бала сүю бақыты бұйырмай жүрген отбасыларда зейнетақы салымын ЭКО жасатуға жұмсауға болатынын естігелі тағат қалмаған шығар. Айта кету керек, бұл ұсынысты «Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова көтерген болатын. Себебі ол отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, сол қоғамдық жұмысы барысында ЭКО-ға мұқтаж бір келіншек өтініш білдірген. «ЭКО жасатуға елімізде квота бар, бірақ жетпейді. Әлгіндей ұсыныс береміз, себебі зейнетақы салымын осы бағытта жұмсау жайлы ережеде жоқ. Бірақ қарастыруға болады» деген болатын ол. Талай ерлі-зайыптының үміт отын жағуға себеп болған осы жаңалыққа бейжай қарамай, жүзеге асыру механизмін жылдамырақ шешсе дұрыс болар еді. Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыдағы хабарламасында байқасаңыздар, ЭКО жайлы айтылмаған. Өйткені ол туралы жыл басында ғана белгілі болғанын айттық. Дегенмен, онан бері де бір жарым айға жуық уақыт өтті. Сонан бері нақты ережесі бекітіліп, көпшілікке таныстырылмағаны көңілді күпті етеді. Ал денсаулық мәселесінде уақытты өткізіп алмаудың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы бала болмау себепті ажырасады екен. Бүгінге дейін 24 мың нәресте дүниеге келген. Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен 10 мыңдай ЭКО жасалады. Оның қаншасының нәтижелі болғаны туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен, бұл тәсіл адам санын өсіретін шара ретінде қарастырылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстан халқының саны Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда аз екенін айтып, Үкіметке «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Оған сәйкес, эксракорпоральді ұрықтандыруға бөлінетін квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту қарастырылды. Ол биылдан бастап іске асырылмақ. Енді бұл бағдарламаға қосымша зейнетақы салымының бір бөлігін пайдалану да қосылып отыр. Бұл ЭКО жасатуды жеңілдетеді деп сенеді мамандар. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, тиісті орындар жүзеге асырудың нақты механизмін, ережесін көрсете алмай дал.
Облыс тұрғындары үшін де ЭКО мәселесі өзекті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, өңірде ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 166562. Қазіргі кезде аймақта 6320 отбасы өмірге ұрпақ әкелу бақытына ие бола алмай отыр.
Облыста 2015 жылы – 34, 2016 жылы – 35, 2017-де – 38, 2019 жылы – 36, былтыр 44 квота берілген. Былтырғы 44 квотаның ішінде қазіргі кезде 16 әйел жүкті. Бұл 36,3 процентті құрайды. 21 әйелдің мұздатылған эмбрионы сақталған, ЭКО-ға бару жоспарланып отыр. 910 отбасы денеден тыс ұрықтандыруға тіркелген.
– Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша облысқа 281 квота бөлініп отыр. Кезекте тұрған отбасылардың барлығы өңірлік комиссия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданатын болады. Былтыр бар болғаны 44 квота бөлінген еді биылға өзіңіз байқағандай неше есе көп. Бұған қуанып отырмыз. Ал зейнетақы салымы бойынша ЭКО жасатуға ниеттілер, емделушілер туралы нақты ақпарат жоқ әзірге. Менің ойымша, олар жеке клиникалар арқылы келісіп, зейнетақы қорына, банкке өтініш беретін шығар, – деді басқарма басшысы.
Репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова ЭКО жасауда әйелдер үшін ең бірінші уақыт өткізіп алмаудың маңызды екенін айтады. Өйткені әйелдердің жылдан жылға бала сүю мүмкіндігі азая береді. Квота бөлуге бекітілген ережеде де әйелдердің жасы 18-бен-42 жас деп нақты көрсетілген. Сондықтан бұл мәселеде уақытты оздыра бермеген маңызды.
Зейнетақы салымы арқылы емделуге болатын аурулар ішінде тіс емдету бар. Бұл жөнінде қандай да бір ақпарат білер деген үмітпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматологы Қонақбай Мүсілімовтен сұрадық. Ол да бұған қатысты нақты ақпарат білмейтінін ашық айтты.
Қысқасы, зейнетақы салымын медициналық мақсатта жұмсауға байланысты министрлік тарапынан айтылғанымен, нақты істің ізі көрінбейді. Әйтсе де, қаншама адамның үмітін оятып, сенімін ұштаған бастаманың сәтті жүзеге асарына сенгіміз келеді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<