Зердеге тоқитын ғибрат

115

0

Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы уақыттың кереғар құбылыстарын көзбен көріп, заман идеясына үн қосқан. Сондықтан да болар, олардың шығармаларында ой үндестігі кең көрініс тапқан. Ғибрат өлеңдерін зерделегенде, ортақ ойлар мен ұқсас ұстанымға кез болдық.

Екі ақынның шығармала­рында басты қозғалатын тақы­рыптың бірі – есті адам жайында. Естіген сөзін ақылмен ойланып, ойлы шешім қабыл­дайтын кісіні есті адам деп ес­ептеген. Ойлары бір арнада то­ғысқандай. Осы орайда Абай мен Мәшһүр Жүсіптің мынадай өлең жолдары бар.

Абай Құнанбайұлы:

– Жігіттер, ойын арзан,

күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен

сымбат.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

Ғибрат ал, ей, ағалар мына

сөзден,

Жастықтан тәубе қылып,

иман ізден, –

дейді.

Бұл өлең жолдарын бір-бірімен салыстыра келе, есті адамның бойында білім де, ғылым да, иман да болатынын ашып айтқанына көз жеткіздік.

Қос данышпанның шығар­ма­­шы­лығында бұдан басқа да біршама ұқсастықты көруге бо­лады. Есті адам жайында сөз қоз­ғаған Абайдың он тоғы­зыншы қара сөзінде:

– Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Ес­тілердің айтқан сөздерін ес­керіп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол есті­лер­ден естіп, білген жақсы нәр­се­лерді ескерсе, жаман деген­нен сақтанса, сонда іске жа­райды, сонда адам десе болады. Мұн­дай сөзді есіткенде шай­қақтап, шалықтанып не салбырап, сал­ғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді тани­тұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады, – деген.

Абай атамыз үшін есті адам – тек көп нәрсені білетін ғана емес, естіген сөзін саралап, түйін шығара білетін, тәжіри­беден сабақ алатын адам. Ес­ті­лікті ақыл мен сананың үй­лесімді жұмысы деп түсінеді. Мәшһүр Жүсіп атамыздың да санаға сәуле түсірген өлең жолдарында:

– Көп сөйлесе, көз тозар,

Аз сөйлесе ой тозар.

Есті адам аз сөйлеп,

көп ойлаған,

Жөнсіз сөзден ғибрат

алмай, ойланған.

Бұл өлең жолдарында ақын артық сөйлеу сөздің мәнін кет­іретінін білдіреді. Әсіресе, сөз орынды қолданбаса, адамды нанымсыз, беделсіз етеді. Бұл артық сөзбен уақыт өткізуден гөрі, өз ойымен жұмыс істеп, мәнді дүниелерге көбірек көңіл бөлу маңызды екенін көр­сетеді. Демек, «үлгі жол – жақ­сы­лардың әрбір ісі» деп рухани дүние мен ұрпақтар сабақтас­тығының үзіл­месіне сенеді.

Абай мен Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы есті адам идеясының үндестігі мұны­мен бітпейді. Алайда, екеуі­нің қолтаңбасын шатастыру мүм­кін емес. Абайдың потенциалы бізге қуатты поэзия, көркем шы­ғарма түрінде жетті. Ал Мәшһүр Жүсіп дастандар мен діни мысалдарға, риуаяттарға, аңыз-әңгімелерге көп қалам сілтеген. Екі тұлға да артынан мәңгі өшпес рухани мұралар қалдырды. Бұл мұралардың бізге және келер ұрпаққа берері мол екені сөзсіз.

Нұрбала ІЛИЯСОВА,

№167 орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі