«Жабайы» такси – көлеңкелі табыс

528

0

«Жабайы» такси –   көлеңкелі табыс Нұрлыбек аға алты-жеті жылдан бері таксист болып, нан тауып жүр. Мұнай компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істеген оның жаппай қысқартудан бергі кәсібі – осы.

Облыс орталығына жақын жердегі ауылдан қалаға күніге бірнеше мәрте адам тасып, бала-шағасының нәпақасын айырады. Табыс әр кезде әрқалай. Техниканың аты – техника, ас-суы мен жанар-жағармайынан бөлек, ара-тұра бұзылатын көлігін жөндеуге де аз ақша кетпейді. Ол сияқты қызылордалық талай такси жүргізуші осы күні көшеде жол-патрульдік полиция көлігін көрсе, қаралай қорқатын болған. Өйткені «рейд жүріп жатыр екен» дегенді естігелі маза жоқ. Бұл жерде әңгіме «жабайы» таксиге ғана байланысты.

– Алғашында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын салық төлеп, тым жақсы жұмыс істеп жүрген едім. Бір күні салықты мерзімінен кешіктіріп төлеуге тура келді. Сөйтсем, артынша «42 мың теңге өсімпұл төлейсіз» деген ескерту қағазы келіп тұр. Біз секілді күнделікті аз-маз табыспен өмір сүріп жүргендер үшін бұл қалтаға кәдімгідей салмақ. Амал жоқ, өсімпұлдан құтылып, жеке кәсіпкер болудан бас тарттым. Заңды түрде тіркеліп жұмыс істегеннің тиімді тұсы, көшеде қорықпай жүресің. Ал қазір «біреу-міреу тоқтатпаса екен» деп тілеп отыратын болдық, – дейді Нұрлыбек аға.

2015 жылы салық жүйесіндегі кейбір баптар кү­шей­тіліп, таксистер де өз кәсібін заң­дас­ты­рып, та­бы­сы­­ның белгілі бір бө­лігін мем­лекетке беруге мін­деттелді. ­Об­лыс бойынша мем­­ле­кет­тік кі­ріс­тер депар­та­мен­тінің мә­лі­метіне сүйен­сек, 2019 жыл­дың қа­зан айына дейін қызылордалық 1882 жүргізуші же­ке кәсіпкер ре­тінде тір­кел­ген. Бұл туралы 2003 жылғы Авто­­мобиль көлігі туралы заңда анық көр­се­тілген. «Таксимен та­сы­мал­даушы – жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызмет көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға», – делінген онда. Олар қызмет бастамас бұрын Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органға таксист болатыны туралы хабарлауы тиіс.

Салық органдарына тіркелу үшін азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлігін ала баруы қажет. Содан кейін екі жолмен салық төлейді. Бірі – жеңілдетілген декларация бойынша жартыжылдық табысының үш, екіншісі – патент алу арқылы ай сайынғы табыстың бір проценті шамасында.

– Жеке кәсіпкер болып жолаушы тасымалымен айналысатындар кө­лікке бақылау-кассалық аппарат орнатуы тиіс. Бұл олардың нақты табыс көлемін анықтауға көмектесіп, салық төлеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ал тіркелмей жұмыс істейтіндер заңды қызметтегі әріптестеріне кедергі келтіріп, көлеңкелі пайда тауып жүр, – дейді департаменттің бөлім басшысы Гүлжамал Шортанбаева.

Назерке САНИЯЗОВА.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<