Жәдігерлер Жанкент жұмбағын ашуға көмектеседі

221

0

Фото: Археология және этнография ғылыми орталығы

Ежелгі қалашықтың орнын зерттеуге Өзбекстандағы Я.Гу­лямов атындағы Самарқанд археология институтынан, еліміз бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жа­нын­дағы Археология және этнография ғылыми орталығынан, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалынан мамандар қатысты. Қазба жұмысы Жанкент архео­логиялық ескерткішін жан-жақ­ты зерттеу, сақтау және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақ­сатында жүргізілді.

Стелланың ашылу рәсімін­де сөз сөйлеген Түркі Академия­сының президенті Шаһин Мұс­тафаев Жанкент X ғасырға де­йін Сырдария оғыздары мем­ле­кетінің астанасы ретінде ай­мақ тарихында ерекше орын ал­ған шаһар екенін атап өтті.

– Жібек жолы бойында ор­наласуының арқасында қала Еділ-Орал өңірі мен Мәуе­рен­­наһр, Хазар қағанаты, Хо­резм арасында маңызды сауда және мәдени байланыс­тар то­ра­бына айналды. 2023 жыл­дан бастап цитадельдің кіре­бе­ріс қақпалары мен тұрғын үй­лерде, сондай-ақ қаланың шах­ристан бөлігінде қазба жұ­мысы жүргізілді. Ондағы мақ­сат – төменгі Сырдария өңі­рін­­дегі ортағасырлық қала ти­пін­дегі қоныстардан алынған ар­хеологиялық материалдарды жү­йелі түрде жинақтау, жік­теу және талдау. Алынған нәти­же­лер VII-X ғасырларда Сыр­дария өңіріндегі түркі-оғыз мә­дениетінің қалыптасу, даму са­тыларын нақтылауға мүм­кін­дік беріп, Сырдарияның орта және төменгі аймақтарындағы этникалық жүйелер туралы тү­сінікті айтарлықтай кеңей­теді, – деді ол.

Археологтардың айтуынша, Жанкент тұрғындарының өзін­дік мәдениеті болған. Ал қаладағы тұрғын үй және ша­р­уа­шылық ғимараттарының құ­ры­лымы оның инфрақұры­лы­мының ауқымды болғанын әрі жақсы дамығанын көрсетеді.

– Үшжылдық жоба аясында 1800 шаршы метр аумақта қазба жұмысын жүргіздік. Бұл бізге хронология бойынша ғана емес, материалдық мәдениет, археоботаника және археозоологияда жаңа үлгілер табуға, тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің тең­гелері жасырылған күміс көм­бесі. Жанкенттен алғаш рет табылып отырған тарихи жәдігер ежелгі қаланың Жі­бек жолындағы ірі сауда және мә­дени орталық ретіндегі ма­ңыз­дылығын көрсетеді. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қыз­меткерлері Ағабек Назаров пен Жетесби Сұлтанжанов ар­хеологиялық қазба жұмысы кезінде ғана емес, стелла мен қазба алаңының үстіне қор­ғаныш жабындысын орна­туға көп көмектесті, – деді Самар­қанд археология институтының маманы Айсулу Искандерова.

Қазба жұмысы барысында Жанкенттің материалдық мә­дениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігер табылды. Оның ішінде бұрын-соңды кездеспеген пішін мен қолданыста болған қолдан жасалған керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қош­қар басы бейнесіндегі тұ­ғыр­лардың өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады.

Археологиялық зерттеулер – Түркі Академиясының ғы­­лыми қызметіндегі басты ба­ғыттардың бірі. Мәселен, қа­­зіргі таңда Моңғолиядағы Ном­­ғон жазығында Түркі қаға­наты дәуіріне жататын мемо­риал­дық кешенге қатысты да­ла жұмыстары жалғасып жа­тыр. Ал 2024 жылы Акаде­мия тарапынан Маңғыстау об­лы­сында оғыз-қыпшақ дәуі­рінің қорымдарын зерттеуге ар­налған ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»