«Жағдайы ауыр». Ақтөбеде 3 жасар қызды көлік басып кетті (видео)

169

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ақтөбеде аулаға жүгіріп шығып, ойын алаңына қарай беттеген 3 жасар қыз көлік астына түсіп қалды. Рөлде болған адам ішімдік ішпеген.

Оқиға Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында болды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 жастағы жүргізуші ішімдік ішпеген.

– 1 желтоқсан күні сағат 15:20–да Toyota көлігінің жүргізушісі 2021 жылы туған қыз баланы қағып кетті. Қазіргі кезде бала ауруханада. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр, – деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде көлік айып тұрағына қойылды. Ал дәрігерлер баланың жағдайы туралы айтты.

– Ауруханаға әкелген бойда қабылдау бөлімінен соң реанимация және қарқынды емдеу бөліміне жатқызылды. Жалпы жағдайы дұрысталғаннан кейін травматология бөліміне ауыстырылды. Жағдайы ауыр. Бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы бар. Жамбас сүйегі сынған. Баланың қасында анасы бар, – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматолог дәрігері Қуантай Махамбетов.

Еске салсақ, Алматы қаласының кіреберісінде орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің аумағында оқушыны автобус басып кетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<