Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асу барысы талқыланды, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу және оның 6 900 орындық 10 мектебін 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
2023 жылы жайлы мектептер құрылысына 19,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, «Самұрық – Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының шотына аударылды.
2024 жылға жоспарланған 21,3 млрд теңге игерілді. Қызылорда облысының әкімдігі мектептерге инфрақұрылым жеткізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөліп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Одан әрі жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде 10 мектептің инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталды.
Іргелес аумақтарын абаттандыру, жол салу үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд 80 млн теңге бөлінді. Мердігерлер анықталып, жұмыс жүргізілуде.
Өткен жылдың қазан айында республикада алғашқылардың бірі болып Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 900 орындық мектеп ел игілігіне табысталды. Қаңтар айының басында тағы 2 мектеп пайдалануға берілді. Бүгін Қызылорда қаласы КБИ мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп ашылды. Жақын күндері Жаңақорған кенті Саяжай мөлтек ауданындағы
600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 5 мектептің құрылысы осы жылы бітеді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының өңірлік жоспары жасалып, ол бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Демеушілік есебінен Қызылорда қаласындағы 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельмен қапталды, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды.
Қызылорда қаласындағы орталық алаңды қайта жаңғыртуға демеушілік есебінен 1 млрд теңге және облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаралды. Теміржол вокзалының ғимараты мен перроны күрделі жөндеуден өткізілді. Балалардың игілігі үшін 80 ойын және спорт алаңы салынды. Жаңақорған ауданында демалыс паркі, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» ашылды, Қармақшы ауданының Жаңажол ауылында орталық алаң және Жалағаш ауданының Таң ауылында көшелер абаттандырылып жарықтандырылды.
Облыстық бюджеттен қаралған қаражатқа 17 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 14 спорт, ойын алаңы салынып, 7 ойын алаңы жөнделді.
Демеушілер есебінен 63 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде.
Аудандарда да көшелер абаттандырылып, ойын алаңдары мен скверлер салынуда.
Облыс орталығынан бастап барлық елді мекендегі мекеме ғимараттары, аулалар, ойын алаңдары, аялдамалар, жарық бағаналары бекітілген бірыңғай архитектуралық талапқа сәйкестендірілді.
Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде.
Бүгінге дейін 1,5 млрд теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге күнделікті тұрмысқа қажетті 48 арнайы техника табысталды. Биыл 564,4 млн теңге бөлініп, 19 коммуналдық техника сатып алынады. Өткен жылы коммуналдық сала және абаттандыру мекемелері 73 техникамен, жыл соңына дейін тағы да 33 арнайы техникамен жарақталды.
Облыс орталығында және барлық ауданда «Үздік аула» конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<