Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған Әбу Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебі алғашқы түлектерін түлетті. Жыл басында пайдалануға берілген мектепте 1079 оқушы білім нәрімен сусындаса, оның 62-сі биыл жаңа өмірге қадам басты.
Салтанатты жиында арманын арқалап болашаққа қадам басқан шәкірттеріне мектеп директоры Еркін Ақшалов ақ тілегін арнады. 2024-2025 оқу жылының мектеп үшін табысты өткенін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.
– Биылғы оқу жылы біздің мектебіміз үшін ерекше жыл болды. Себебі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігін алғашқылардың бірі болып көріп отырмыз. Жаңа ғимарат – жаңа мүмкіндіктер ордасы ғана емес, елімізді жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне жасалған жағдай. Мектебімізді аяқтап жатқан 62 оқушының 52-сі ҰБТ-ға қатысады, оның екеуі «Алтын белгіге» үміткер болса, 7-і «Үздік аттестатқа» талаптанып отыр. Алда түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Шәкірттеріміздің сол сынақтан сүрінбей өтіп, мектептің ғана емес, аймақтың абыройын асқақтататынына сенемін, – деді ол.
Шара барысында оқушылардың алғашқы ұстаздары мен ата-аналары да алғаусыз тілектерін айтып, риясыз алғыстарын білдірді.
– Қазақтың бас ақыны Абай атамыз: «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Біз де осыдан 11 жыл бұрын баламызды білсін, білім нәрімен сусындасын деп әкеліп, мектеп ұжымына сеніп тапсырған болатынбыз. Аллаға шүкір, сеніміміз алдамады. Он бір жылда жақсы білім алып, тарыдай болып кірген балаларымыз таудай болып шығуда. Осындай деңгейге жеткізген ұстаздарына алғысым шексіз, – дейді ата-ана Ләззат Есенбаева.
Жиын соңында түлектер вальс билеп, соңғы қоңырау соғылды. Сондай-ақ ашық аспан көгіне ақ көгершіндер самғады.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ошақтарының алғашқы 900 оқушыға арналған мектебі өткен жылдың қазан айында сол жағалаудан табысталды. Жалпы, өңірде бұл санаттағы 10 мектептің 6-ы пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін қалғаны ел игілігіне айналмақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген автор





