Жайқала бер, Қызылорда!

144

0

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, облыс әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаев келгеннен бастап ең бірінші қаланың тазалығын қолға алды. Тазалық әр адамнан, әр көшеден басталуы керек. Жұмысшылар таңер­теңнен кешке дейін күннің ыстығына, суығына қарамастан еңбек етіп келеді.

Оған жастар қозғалысының да үлесі көп. Вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен күрес жүргізіп келе жатқан бел­сенділер бар. Бұларды жаңа адамдар, жаңа қоғамның айнасы дейміз. Өз еліне, туып-өскен жеріне деген адал жастардың қозғалысы.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына полиция қызметкерлері де өз үлесін қосып жатыр екен. Ендігі жерде жастар қозғалысы, полиция қызмет­керлері Заводская көшесінің бойындағы каналдарға, халық демалатын тренажер алаңдарына, шемішке шағып, темекісін шегіп, ыдыстарын канал ішіне лақтырып кететіндерге күнделікті кешке қарай рейд жасап отырса деймін.

«Сыр ана» монументі, Президент паркі – нағыз демалатын орындар. Таңғы сағат 6-дан бастап, ең үлкені 80-ге келген әжелер осы жерге таза ауада серуендеуге, демалуға келеді. Таңертеңгі таза ауамен жаяу жүріп, мешіттің алаңындағы тренажерларға келіп, гим­настика жасайды, йогамен айналысады. Демалып, әңгімелерін айтып, соңынан батасын беріп үйлеріне тарайды. Бұл күнделікті әдетке айналған.

Жастардың болашағын ойлап, білім алуына «Жайлы мектеп» салынып көбейіп жатыр. Қаншама құрылыс түсіп, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға кезегімен үй берілуде. Дария бойы, сол жағалау, Тасбөгет, Арай, т.б. шағын аудандарда әсем де көрікті көпқабатты үйлер көбейіп келеді.

Өткенді еске алсам, 1963 жылы болу керек, үлкен көшелердің бо­йындағы бағаналарда қалқанды радио­лар болатын еді. Таңертең сағат 9-дан бастап «мен диктор Сәбит Жаңабаев деп», «Қызыл­орда вальсімен» бастап, соңынан Қызыл­орданың жаңалықтарын танысты­ратын.

– Шалқыған шаттық әні         бақтарында,

Бөленген көшелері ақ қайыңға.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына,

 – деп шырқалатын.

Сол «Қызылорда вальсін» қазіргі таңда неге шырқамасқа? Осы өлеңді жаңғырту керек, ұмыт болып кетті.

Күләш АЙНАБАЕВА,

ардагер-ұстаз