Жала мен жаза

224

0

Жас ұлғайған сайын кейде өткен шақтағы ес­те қаларлық сәттер ойға ора­лып, көз алдыңа елестеткендей бо­ласың. Бір кездері Қазалы ауда­нын­дағы Қашақбай Пірімов атындағы ауыл­да қызмет ба­бында іссапарда жүр­­генмін.

Жолым түсіп, келіп тұр­ғанда Қазмұхаммед Кү­летов атындағы мектепте 1999 жылдан бері жұмыс жасайтын өлкетану му­зейін көру үшін арнайы бардым. №92 орта мек­теп­тің сол кездегі директоры Бақыт Тәжібаев сабақта екен. Аралап, мек­тептің мұнтаздай тап-таза дәлізімен қабырғалардағы безендірілу, оқушылар тағылым алатындай ретімен ілінген су­реттерді тамашалап жүргенде алғаш­қы кездескен мұғалім жігіт жылы шы­райлы амандасып, директордың бөл­месіне алып барды. Музей жайлы сөз бастап едім, мағлұмат бере бастады. Әң­гіме арасында аудандық білім бөлі­мінің әдістемелік кабинеті «№92 орта мектебі жанындағы өлкетану музейі» деген атпен 2012 жылы арнайы шы­ғар­ған кітапшаны да көрсетіп үлгерді. Қыс­қаша мәліметтер, түрлі-түсті фото­суреттермен, біраз еңбекпен шығарыл­ғаны көрініп тұр. О баста тарих пә­ні­нің мұғалімі Қараман Ертуған ұйым­дас­ты­рып, онан кейін 2012 жылы мектеп му­зейі зерттеліп, жәдігер құжат­тар­мен толықтырылып, қайта көркем­дел­ген. Ауылда туып-өскен, елінің, же­рінің та­рихын қастерлеген, танымал тұл­ға­лардың өмірін зерттеп, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай жасалған екен.

Осы кезде сабақтан шыққан ди­ректор Бақыт Тәжібаев та келді. Сыпайы қалпы, келе сала жағдайды сұрап, мек­тептің екінші қабатында орналасқан музейге өзі бастап барды.

Ол «Қ.Күлетов – қоғам қайраткері», «Құмжиек ауылының тарихы», «Ұс­таздық – мәңгілік нұрдың қызметшісі», «Ғани аға, жалын еді жастығың» де­ген төрт бөлімнен тұрады. Бөлмеге кір­геннен қарсы қабырғадағы жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері Қазмұхаммед Кәрібайұлы Кү­летовке арналған стенд бірден көз тар­тады. Саяси қуғын-сүргін жыл­дарында жазықсыз жабылған жаламен қанды қырғын құрбандары қатарында атылып, арманда кеткен есіл ердің өміріне ар­налған жәдігерлер рет-ретімен орна­лас­тырылыпты. Соның ішінде Қаз­мұ­хаммедтің қызы Райханның өз қолымен жазған естелігінен сол бір зобалаң жыл­дардағы елінің болашағы үшін өз өмірін сарп еткендерге қолдан жа­сал­ған қатыгездікті оқығанда жаның түршігеді.

«Менің әкем Күлетов 1937 жылдың 2 шілдесі күнгі таң алдында Шымкент қаласында тұтқындалып, ертеңіне, яғ­ни 1937 жылдың 3 шілдесінде пар­тия қатарынан шығарылып, 1937 жыл­дың 5 шілдесінде бірінші этаппен Ал­­ма­ты қаласына, НКВД-ның қара­ма­ғына жібе­рілген. Оңтүстік Қазақстан об­лыстық атқару комитеті президиу­мының 1937 жылғы 14 шілдедегі №274 қаулысымен жұмысынан алын­ған. 1937 жылдың 1 шілдесінде тұтқындар алдында бір уақытта үйі мен жұмыс бөлмесінде тін­ту жүргізген. Тінтіген кезде ең ар­ғысы балалардың ойыншықтарына де­йін ау­дарыстырып, ойран-топырын шы­ға­рып­ты. Кәмелетке толмаған кіш­кентай төрт баламыз. Тінтіген кезде ештеңе та­былмаған, әкеме байланысты жеке құ­жаттарын ғана алған.

Әкем қамауға алынғанда 7 жаста едім. Сол күнгі таң алдындағы бізді, төрт баласын сүйгені, оны таныс емес екі адамның алып кеткені өмір бойы есімде қалды. Қайда, неге алып кеткенін білмедім және бұл ең соңғы көруім екенін де түсінгенім жоқ. Кетіп бара жатқанда бар айтқаны: «Үш күнде, ең әрі асқанда бір аптада қайтып келемін, жазығым жоқ, партия бәрін тексереді» деді.

Күз келді, одан хабар-ошар жоқ. Қа­лада жаппай тұтқындау жүріп жатты. Бізді отбасымызбен тұрып жат­қан Бекет батыр көшесіндегі №5 үй­ден қуып шығып, екі бөлмелі үйге ор­наластырды. Қазан айында шешем әкеммен көрісуге, жылы киім-кешек заттарын беру үшін Алматыға кеткен еді. Онда жа­уап алу жүріп жатыр деп көрсетпей, заттарын алып қалыпты. Осылайша ше­шем әкем­ді көре алмай Алматыдан қайтып келді.

Кейін білсем, оларды бір адамдық камерада қамап ұстап, күні-түні ұрып-соғып, жауап алады екен ғой.

Әкеме «халық жауысың» деген кінә тағыпты. 1937 жылдың 10 қарашасында біздің үйдің жанына машина келіп, бейтаныс адамдар үйге кірді. Балалар аулада ойнап жүргенбіз. Тағы да тінту жүргізіпті. Үйге келсек барлық заттың астаң-кестеңін шығарып, еденге үйіп қойған, итіміз бен тауық­тарымызды бөлмелерге қуалап, үйімізге құлып салды. Шешесі мен әйелін тұт­қындап, абақтыға алып кетті. Күйеуі жайлы өзінің шешесінен білгісі келген әйелін құшағында емізулі баласы болса да үйіне жібермейді. Әжеміз бен үлкен апам Гүлрайды көшеге қуып шығарып тастап, бізді, балаларды «Детский прием­никте» ұстап, содан кейін «Қа­мыс­бұлақ» балалар үйіне тапсырды. Осы кезде үлкен апам Мәскеудегі Жо­ғарғы Кеңеске екіқабат шешемді тұт­қындағаны жайлы жазып жіберген еді. Бірнеше күннен кейін Калининнің қо­лымен шешемді босатсын деген те­леграмма келді.

Шешем автостанцияның қарама-қарсысындағы жауапты қызметкер­лер­­дің әйелдерімен бірге абақтыда отыр­ды. Детприемник пен балалар үйін­де ха­лық жауларының балалары жи­­налған. Ондағы жағдай адам төзгісіз еді, тозығы жеткен ескі матрастарынан сасық иіс шығады. Лас үйде, түйемен тасып әкеліп, тек қара нан береді. Бізді балалар үйіне жүк таситын машинаға тиеп әкелді.

Шешемді босатқан соң бірнеше күн­нен кейін үйімізге жіберді. Бірақ ол үйден де қуып шықты. Ескі қаладан өз­бектердің құлағалы тұрған пәтерін жалдауға мәжбүр болдық. Өйт­кені, басқа үй­ге ба­ла­ларың көп деп ал­мады әрі қым­бат, пәтер ақысын төлей алмайтын болдық. Тұтқыннан босағаннан кейін шешем жұмыс орнынан есеп айырысуына 35 сом алды, басқа еш жерден ақша алу­ға мүмкіндік болмады. НКВД-ның тер­геушісі Диханбаевқа 8 ай бойы ба­рып жүрді, ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алған. Тіпті 1938 жылғы 23 наурызда қызы Флораны туғанда туу туралы куәлік алуға төлқұжатын да бермей қойды.

Әкеміз жайлы білгіміз келіп, қан­шама ізденгенде, НКВД-дағылар ол 58-бап бойынша он жылға сотталған, оның ешкіммен хабарласуға құқы жоқ дейді, қайда екенін айтпайды».

Мұнан әрі Райхан өз естелігінде «халық жауының» отбасы ретінде небір қиындықты, азапты күндерді бастан ке­шіргендерін жазыпты.

…Ленин атындағы мектепте оқи­тын ағасы мен апасын оқудан қуып жіберген. Ұлы Отан соғысы бастал­ған­да Гүлрай медбикелік курсты бітіріп, өз еркімен майданға кетуге жазылса ал­маған, әкесіне байланысты болу ке­рек. Шешесі мен әжесі майданға іш­киім тіккен. Райханның өзі мектепке ба­рып, оқуды бастаған, ол кезде «халық жа­уының» қызы екенін ешкім білмеген.

1943 жылы апасын педтехникумды бітірген соң Ленгер ауданының Ке­ңес-арық колхозына мұғалім болып жұ­мыс істеуге жібереді. Бұған дейін күн­көріс үшін үйдегі бар затты, тіпті аса құнды кітаптарын да сатып жібер­ген­діктен, енді қалған тігін машинасын са­тып, басқа қалған-құтқандарын жи­нас­тырған. Сөйтіп, колхозға жаяу жет­кен. Өйткені, олар өздерін ешкім біл­мей­тін жаққа барғысы келген. Бірақ мұн­да да ауылдық кеңестің төрағасы әкесін білетін болып шыққанда жаман қорыққан. Бұларға колхоз бөлген екі бөлмелі үйде жеті адам тұрыпты. Ше­шесі мемлекеттік салыққа жұмыртқа жи­наушы болып жұмысқа орналасып, Рай­ханның өзі он үш жаста екен, колхоз төрағасының баласын баққан, ағасы Ер­кін мен апасы әр жерде қол жұмыс істеген.

Колхоз бұлардың отбасына айына 30 килограмм ұн береді екен. Қыс бойы киім-кешек, жастықтарына дейін тамаққа ауыстырып, көктемге дейін ештеңесі қалмаған. Әжесі аштықтан өліп, шешесі төсектен тұра алмай, жатып қалған соң, апасы салықтан жинаған 100 жұ­мырт­қамен қоректендіруге мәжбүр бол­ған. Жазылғаннан кейін оны төлеуге ақ­ша­лары болмаған. Сол үшін шешесін абақ­тыға отырғызбақ болғанда апасы тағы да Жоғарғы Кеңеске жазып, онан Калининнің қолымен «жұмыртқаны шығынға есептен шығаруға, отбасына көмектесуге» деген телеграмма келген. Осыдан кейін колхоз бұлардың отбасы­на күніне 8 литрден сүт беріп тұрған. Осы көмектің арқасында, әйтеуір өлмей қалған.

Мұнан әрі колхозда қалуға қорқып, көктемде жаяу Ленгерге кеткен. Онда ағасы Еркін мен апасы ФЗО-да оқып, бар болғаны 14-15 жасында шахтаға жұ­мысқа орналасқан. Райхан киер киі­мі болмағандықтан бір жыл оқи ал­ма­ған. 1944 жылы қалалық атқару ко­ми­теті көмектесіп, қап тігетін кенеп ма­та беріп, сонан көйлек тіктіріп киіп, оқуға баруға мүмкіндік туған. 1946 жы­лы апасы Клара түнде шахтадағы жұ­мыстан қайтып келе жатқанда по­йыз­дың астына түсіп, екі аяғынан айы­рылып, төрт жылдан соң, 23 жасында қайтыс болған. Ал үлкен апасы Гүл­рай жарық жоқ болғандықтан түнде ке­ро­син шамды жағамын деп жүріп өр­теніп өлген. Ол кезде 26 жаста екен. Рай­ханның өзі мектеп бітіргеннен кейін институтқа түсіп, оқыған кезде шахтада жұмыс істеп жүрген ағасы Еркін кө­мектесіп тұрған.

Мұнан әрі Райхан Сталин қайтыс болып, Хрущев «халық жауларын» ақ­тау мәселесін көтерген кезді пайдала­нып, 1957 жылы Алматы қаласындағы НКВД-ға жазып, әкесін ақтатуға кірі­седі. Әкесін 1945 жылдың 26 ақпа­нын­да жүрек талмасынан қайтыс болды деп хабарлайды. Бірақ Райхан оған сен­бейді. Өзінше 1945 жылы болса әкем­ді соғысқа жіберіп, майданда өлген ғой деп ойлайды.

КСРО Коммунистік партиясының ХХ съезінен кейін архивке баруға жол ашылады. Әкесінің дерегiн бiлу үшiн бармаған, жазбаған жері қалмайды. Ақыры, 1958 жылдың 18 сәуірінде ССРО Жоғарғы сотының әскери кол­ле­гиясынан әкең өлгеннен кейін ақталды деген анықтама жібереді. Мұнан әрі әкесінің атқарған қызметін зерттеумен айналысады. Мәскеудегі Марксизм-Ле­нинизм негіздері институтынан, Қаза­лыдан, Шымкент облыстық кеңес ат­қа­­ру комитетінен архив құжаттарын, әке­­сінің өз қолымен жазылған өмірбая­нын тауып алады.

Осылайша Қазмұхаммед Күлетовтің қызы Райхан әкесінің жоғары лауазым­ды жұмыста болып, халқына, еліне адал қызмет еткенін, «халық жауы» деген жазықсыз жабылған жаламен абақтыға қамалып, жантүршігерлік азапта қорлық көргенін, 1938 жылдың 26 ақпанында ату жазасына кесуге үкім шығып, бұл үкім сол күні орындалғанын, Қазақ­стан­ның 37 көрнекті саяси және қоғам қай­раткерімен бірге атылғанын, ол тізім­де әкесі Қ.Күлетовтің 20-шы болып тұр­ғанын анықтайды.

Мектептің музейінде өз қолымен жазылған бұл естелікті Райхан 2000 жылдың 7 ақпанында басқа да әкесі ту­­ралы құнды құ­жат­­тардың көшір­месін, бірнеше фо­тосу­­реттермен бірге тап­сырған екен. Шымкент қала­сында тұратын Райхан­мен бірге Қазмұхам­медтің қызы Флора, немересі Роллан келіп, мектеп ішіне қойылған әкесінің ескерткіш-бюстін кө­ріп, оқушылармен кездесіп, естеліктерін тебі­рене, көзіне жас алып тұрып айтып беріпті.

1935 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының құрамында қазіргі Қызылорда, Жамбыл облыстары болған. Осы уақыт­тағы голощекиндік билік кезінде Қаз­мұхаммед Күлетов партия қызметіне ауысқан. Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық кеңес атқару комитеті төра­ғасының орынбасары болған.

Голощекиннің зобалаңына, әсіресе шаруаларды тәркілеп, мал-мүлкін тар­тып алу, сөйтіп, өздерін жер аудару сияқ­ты солақай саясатына қарсылық біл­дірген. Шаруаның жеке малын тар­тып алу халықты ашаршылыққа ұшы­ратудың бірден-бір жолы екенін талай рет жиындарда ашық жария еткен. Әри­не, оның бұл әрекеті Голощекинге, оның шабармандарына, әсіресе, ОГПУ, НКВД органдарына ұнамады.

Қазмұхаммед Күлетов тұтқындал­ғанда әйелі Әсима 33 жаста, қыздары Гүлрай 14 жаста, Клара 9-да, Райхан 7-де, ұлы Еркін 12 жаста екен.

Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасының 3-бөлім басты­ғы­­ның орынбасары аға лейтенант Яков­лев 1937 жылдың 29 маусымында жаз­­ған ақ­­парында «Қ.К.Күлетов «рево­лю­цияға қарсы ұлтшыл ұйымның мү­шесі» есе­бінде оның тапсырмасы бо­йынша контр­революциялық жұмыс жүр­гізіл­ген­­діктен оны тұтқындап, РСФСР Қыл­мыс­тық Кодексінің 58-статьясының 10, 11-баптары бойынша жауапқа тарту қажет деп есептеймін» деп атап көрсет­­кен. Про­курор оған сол күні-ақ келісім берген. Оны Алматыдағы НКВД басты­ғына хабарлайды.

Екінші құжат – Күлетовті тұтқынға алу туралы қаулы. НКВД облыстық бас­қармасының бастығы, капитан С.Пин­таль оны 1 шілдеде бекітіпті. Мұндай шешім қабылдауға республикалық НКВД бастығы, 2 рангалы комиссар За­линнің телеграф арқылы берген өкімі негіз болған.

Қазмұхаммед Күлетовке РСФСР Қыл­мыстық Кодексінің атышулы 58-ба­бының 2,10 және 11-тармақтары бо­­йынша «Совет үкіметіне қарсы үгіт-на­сихат жұмыстарын жүргізді, Кеңес өкіметін құлату, Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкету мақсатын көздеген жа­уыздық топтың мүшелерінің бірі» деген жала жабылады. Шымкенттік тер­геушілер қаншама азаптап, тергегенімен істің ақ-қарасын аша алмайды. Бұл жа­зықсыз жазалау еді. «Халық жау­лары С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, І.Жансү­гір­ов, Н.Төреқұловтың құйыршы­ғы­сың» деп те азаптайды, бірақ одан еш­теңе өн­бейді.

Қамауға алынғаннан кейін Қ.Күле­тов­тен екі-ақ рет хаттамалық жауап алынған. Қойылатын сұрақ: «Сіз ұлт­шыл контрреволюциялық ұйымның мү­шесісіз бе?» Мақсат – қайткенмен де оған осыны мойындату.

Қазмұхаммедке тағылған қаншама кінә, қылмыстық істердің ешқандай негізі жоқ, қолдан жасалған куәлердің сыртынан айтқандарын айғақ еткен. Олардың бәрі – Күлетовтің өзі сияқты жазықсыз айып тағылған тұтқындар. Бірақ, бұлардың бірде-біреуі Күлетов­пен бетпе-бет кездестірілмеген.

Ақыры ол Алматы қаласындағы түрмеге ауыстырылады. Қылмыстық істі кейінірек Алматы облыстық НКВД басқармасы өз өндірісіне алып, тер­гейді. Бұл қылмыстық істі тергеу 1938 жылдың 26 ақпанына дейін созылады. Қ.Күлетовті неше түрлі азапқа салып, зорлық-зомбылық үстінде «қылмысын мойындаймын» дегізіп, жендеттер кү­нібұрын әзірлеген құжатқа қол қой­ғызады. Осының негізінде «Күлетов Қаз­мұхаммед Кәрібайұлы троцкистік топтың мүшесі, Кеңес өкіметін құлат­қысы келген, Компартия басшыларының көзін жоюды мақсат еткен. Сол үшін ату керек» деген үкім шығарылған.

КСРО Жоғарғы соты әскери кол­легия­сының 1938 жылғы көшпелі сес­сия­сының үкімімен сол жылдың 26 ақ­па­нында Алматы түрмесінде №11020 қыл­мыстық іс бойынша жазаланған 37 адамның бірі болып, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бе­йімбет Майлин, тағы басқа осындай жа­зықсыз абзал азаматтармен бiрге өлім оғын қарсы алған.

Осылайша жерлесіміз жаппай қу­ғын-сүргін жылдарындағы жаламен қырық бір жасында өмірден өткен.

Арада 20 жыл өткеннен кейін, 1958 жылы 6 мамырда КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының анық­тауы бойынша 1938 жылғы 26 ақ­пан­дағы Жоғарғы әскери соттың кол­ле­гиясының үкімі теріске шығары­лып, ешбір қылмысы жоқ болғандықтан, то­лығымен ақталған.

Қазмұхаммед Күлетов 1897 жылы 6 қазанда Қазалы ауданының №1 Қа­рашеңгел ауылында дүниеге келген. Са­уатын ауылдағы молдадан ашқан. Әкесі Күлетұлы Кәрібайдың алға қойған мақсатымен Қазалы қала­сындағы үш жылдық туземдік орыс мектебін ойда­ғыдай бітірген.

Ол 1918 жылы, 21 жасында боль­шевиктер партиясының қатарына қа­былданды. Сол жылы Қазалы уезі Арал қалалық өндірістік секциясында тір­кеуші, кейін есепші болып жұмыс істеген. РКП(б) Қазалы комитетінің мұ­сылмандар секциясын басқарған. Осы жылдың тамыз айында Қызыл Ар­­­мия қатарына шақырылып, Ембі те­міржол бекетінде теміржол бойы­ның қауіпсіздігін қорғаған отрядта қа­тардағы жауынгер ретінде әскери бо­рышын өтейді, кейін Арал қала­сын­дағы жергілікті штабта қызмет атқарған. Осы кезде уездік партия кон­фе­ренциясына және уездік съезге делегат болып сайланған. Ал 1919-1920 жылдары Қазалы уездік қалалық пар­тия комитетінің жетекшісі, Қазалы уезінің атқару комитетінің төрағасы қыз­мет­терін атқарған. 1921-1923 жылдары Таш­кентте, Түркістанда жауапты сай­ланбалы қызметтерде, ал 1923-1925 жылдары Түркістанның, Сырдария губ­­комының агитпром меңгерушісі, кейін Орта Азия мен Қазақстанның бөлінуіне байланысты Қырғыз (Қазақ) обкомы РКП(б)-ның бөлім меңгерушісі болып, Орынбор қаласында еңбек еткен. Ол 1927-1928 жылдары Мәскеу қала­сындағы екі жылдық Жоғарғы құқық­тану курсын бітірген соң, Орал, Пет­ропавл қалаларында губерниялық про­куратурада губерниялық прокурор бол­ған. 1930-1932 жылдары Қазақ АССР-нің бірінші Әділет халық комис­сары, 1932-1934 жылдары Қазақ АССР Жоғарғы сотының төрағасы қыз­мет­терін атқарған.

Қазмұхаммед Күлетов 1934-1935 жылдары Шымкент қаласында Оң­түс­тік Қазақстан облыстық тұтыну­шы­лар қоғамының төрағасы, тұтқынға алын­ғанға дейін 1936-1937 жылдары Оң­түстік Қазақстан облыстық партия ко­ми­тетінің бөлім меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болған және Коммунистік партиясы об­лыстық комитетінің бюро мүшелігіне сайланған.

Бір деректерге сүйенсек, Қазалы қаласында электрстанция салдырып, тұрғындарға электр жарығын беруге бастамашы болып көмектескен. Оңтүс­тік Қазақстан облысында қызметте жүр­генде ауылдық жерлерде, аудан­да перзентхана, балабақша, кино­театр, өк­пе аурулары емханасын, «Қамыс­бұлақтан» балалар үйін, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Түркістан, Қаратас, Шаян, Бостандық, Мерке ау­дандарында мектеп салуға қаржы бөл­діріп, құрылысына өзі тікелей араласып, басы-қасында жүрген.

***

Қазалылықтар мемлекет және қоғам қайраткері Қазмұхаммед Кәрібайұлы Күлетовтің есімін әрдайым қастерлеп, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп келеді. Қ.Пі­рімов ауылындағы №92 қазақ орта мек­тебіне есімі берілді. Кезінде бұрынғы Құмжиектің өсіп-өркендеуіне үлес қос­қан ауыл азаматы Сәулет Ықыласов, тағы басқа ағайын-туыстарының баста­ма­сымен мектепке бюсті қойылды.

Шамша АЙТУҒАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазалы ауданының құрметті азаматы