Жаңа технологиялар – жетістік бастауы

321

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен егін шаруашылығына енгізілген жаңа технологиялардың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, инновациялық әдістерді кеңінен қолдануды, су ресурстарын үнемдеуді және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді ұйымдастыруды жүктеді.

– Жаңа технологияларды ен­гізу ауқымын кеңейте беру қажет. Бұл – өнімділікті арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Су үнемдейтін әдістерді, әсіресе электронды су өлшеу құрылғылары мен жерді лазерлік тегістеу технологияларын бар­лық ауданда қолдану керек. Шаруаларға берілген несиелер мен субсидиялардың нәтижесін қадағалап, олардың тиімді жұм­салуын бақылаңыздар,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кету керек, аймақта егін шаруашылығына енгізілген жаңа технологиялардың тиім­ділігі байқала бастады. Заманауи әдіс­тер шығындарды азайтып, өнім көлемін арттыруға оң әсерін тигізуде. Мысалы, арал­дық шар­уалар 30 жыл бойы пайда­ланыл­май келген алқапты айна­лым­ға қосып, бақша егіп, оны жа­бынды астында өсіруді қолға алды.

Жалағаш ауданының Т. Жүр­генов ауылында үш жылдан бері қолданыстағы электронды су өлшеу қондырғысы да тиімділігін дәлелдеді. Шаруалар жерді ла­зерлік әдіспен тегістеп, су шығынын айтарлықтай азайтты. Осы технологияның арқасында алқапты суаруға қажет су көлемі жыл сайын қысқаруда.

Аймақ диқандары жоңышқа өсіру мен тұқым дайындауда да озық технологияларды пайда­лануды жоспарлауда. Өткен жылы шаруашылықтар 5 пайызбен ша­мамен 10 млрд теңгеге жуық несие алса, биыл мемлекет тарапынан 23,5 млрд теңге бөлініп, оның 12 млрд теңгеден астамы шаруа­шылықтарға үлестірілген. Был­тыр өңірде 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 77 адам тұ­рақты жұмыспен қамтылған. Биыл тағы 14 жоба аясында 100-ден астам адамға жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы су үнемдеу технологияларын пай­далану көлемі 4400 гектарға жетсе, биыл бұл көрсеткішті 9200 гектарға дейін арттыру жос­парланған.

Аймағымыздың күріш ауыс­палы егістіктерінде су үнемдеудің ең тиімді жолы – жерді лазерлік тегістеу. Топырақ беті ±5 см дәлдікпен тегістелген алқаптарда өнімділік 30%-ға артқаны және су 20%-ға үнемделгені анықталды. Биыл тегістелген жер көлемін 60 мың гектарға жеткізу үшін шаруашылықтарға 202 жер тегіс­тегіш құрал-жабдық берілген.