Еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейту, сондай-ақ ішкі көлік желісін дамыту – Жолдауда жүктелген келелі міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы осы орайда «Сексеуіл-Бейнеу» жобасы Қытайдан Еуропаға дейінгі транзитті едәуір қысқартатынын айта келе, жол құрылысын тездетуді тапсырды.
– Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады. Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек, – деді Президент.
Көлік министрлігі бұған дейін Бейнеу мен Сексеуілдің арасын жалғайтын жаңа жол салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты 2027 жылдан бастап 736 шақырымдық автожол құрылысы басталатыны айтылған. Бұл Ақтау, Құрық порттарына және Түрікменстанға баратын жолды 900 шақырымға қысқартуға, оңтүстік пен батыс өңірлерінің байланысын арттыруға мүмкіндік береді.
Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма жүктеді. Соған сәйкес облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолының құрылысын жеделдету бойынша тиісті құжаттар ұсынып, оны салалық министрлікпен бірге пысықтайтын болады.
«Сексеуіл-Бейнеу» жолы – стратегиялық маңызы бар жоба. Ол аймақтың экономикалық дамуына серпін бермек. Жол салу барысында жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Ең бастысы, Қытай мен Еуропа бағытындағы жүк тасымалының жаңа дәлізіне айналып, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтері сөзсіз.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






