Жаңа жылда не өзгерді?

864

0

Табалдырықтан аттап, төрге озған жаңа 2021 жыл өмірімізге қандай өзгерістер әкелді? Ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін жаңалықтарды топтап көрсек…

Зейнетақы жинағының бір бөлігі

Жыл басынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақ­тарының бір бөлігін пайдалана алады.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға, емделуге пайдалануға және қаржы компанияларына басқаруға беруге болады. Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, зе­йнет­ақы жинағының бір бө­лі­­гін жұмсау мүмкіндігіне бір миллионға жуық азамат ие болады. Олар – зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы жеткіліктілік шегінен асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар; бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер; зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар.

Сонымен қатар, әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға 10% табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы бе­ріледі. Олар табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлей алады.

АЕК пен күнкөріс деңгейі

Жаңа жылдан бастап жәр­демақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өзгеріп,  2 917 теңгені құрады.

Базалық әлеуметтік төлем­дерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34302 теңге болып бекітілді. Өткен жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32668 теңге болған еді.

Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42500 теңге.

Зейнетақы  мен жәрдемақы

Қаңтардың бірінен бастап зейнетақы өсті. Мемлекеттік ба­за­­лық зейнетақының ең төмен­гі мөлшері – 18524 теңге. Ал ең төменгі зейнетақы 40441 теңгеден 43272 теңгеге дейін көтерілді.

Бұдан бөлек, әйелдер үшін зейнетке шығу жасы ұлғайды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап әйелдер 60 жасында зейнетке шығады. Елімізде 2018 жыл­дың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңес­тіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ, олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері артты, бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге. Бала бiр жасқа толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге; төртінші және одан кейінгі ба­лаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отба­сыларға төленеді. Ең төмен күн­көріс деңгейінің 70%-і тағайын­даудың шекті критерийі болып қала береді.

Жалақы

2021 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25 процентке өсті. Бұл туралы Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында жария еткен еді.

Бұдан бөлек, Президент ме­ди­цина қызметкерлерінің  айлы­ғын да кезең-кезеңмен арт­­­тыру­ды тапсырды. 2023 жыл­ға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа жалақыға арақатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, қаңтардан бас­тап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы өсті. Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі меди­циналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұ­мыс істейтін әлеуметтік қыз­­­меткерлер мен басшылық құрам­­ның, сондай-ақ үйде қыз­мет көр­сететін әлеуметтік қыз­мет­керлердің еңбекақысы ұлғайды.

Мектепке оралады

Үшінші тоқсанда жоғары сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді. COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ата-аналардың пікірін ескеріп, Білім министрлігінің ұсынысымен 9,11,12 сыныптарға мектепке оралуға рұқсат етіп отыр.

Оқушылар пәндердің 70%-ін – дәстүрлі форматта, 30%-ін қашықтан оқитын болады. Колледждер мен университеттердің 1-курс студенттері де II семестрден бастап аралас оқыту форматына көшеді.

Жаппай вакцинация

Наурыз айынан бастап COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны жаппай егу басталады. Ең алдымен, екпе ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, сондай-ақ созылмалы ауруы бары адамға салынады. 19 желтоқсанында отандық QazCovid-in вакцинасын кли­никалық сынақтан өткізудің ІІІ сатысы басталып, 3 мың еріктіге егілді.

Салық төлеу мерзімі

Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылдың 1 сәуіріне ауыстырылды. Жуырда Президент Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Оған қоса мүлік пен жер салықтары біріктірілді, яғни, екі салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұдан бөлек, көп­қабатты тұрғын үйлердің тұр­ғындары үшін жер салығы алынып тасталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<