Жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8,5 пайызға артады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бекболат Шәріпбеков мәлімдеді.
Жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 203 060 теңгеден 216 260 теңгеге көбейтіледі.
«Бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдері де өсті. Бірінші, екінші және үшінші бала туылғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері бұған дейін 140296 теңгені құраса, жаңа жылдан бастап 149416 теңгеге өсетін болады. Ал төрт және одан да көп бала туылғанда 232596 теңгеден 247716 теңгеге артады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері тууы кезектілігіне байланысты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші балаға 22649 теңге, екінші балаға – 26777 теңге, үшінші балаға – 30867 теңге, төртінші және одан да көп бала туылғанда 34995 теңгені құрайды», – деді департамент басшысы.
Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Денееваның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 5% құрайды.
«Әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 4 250 теңгені, ал ең жоғары мөлшері – 29 750 теңгені құрайтын болады. Жыл сайын ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылармен бірге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ұзақ мерзімді төлемдері де артады. Жаңа жылдан бастап еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайларына тағайындалатын әлеуметтік төлемдер 6,5%-ға көбейеді. Қызылорда облысы бойынша 3233 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2746 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылды. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады», – деді филиал директоры Гүлсім Жұмағалиқызы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<