Жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде

294

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жаңа энергетикалық қуат көздерін ұлғайту, батыс өңірінің желілерін бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу, оңтүстік өңір желілерінің қуатын күшейту, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 137 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, жұмыстың 70 пайызы аяқталды.

Жаңа станция облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Биыл 4 тоқсанда аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге газ құбыры тартылды.

Президент тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Катар еліне іссапар кезінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу-газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағынан берілген 280 гектар жерге салынады. Аталған мегажобаны 2028 жылы толығымен іске қосу жоспарланған.

Жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Қазіргі таңда техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» 500 киловольттық жоғары қуатты электр желісі тартылады.

Аймақта 10 мыңнан аса шақырым электр желісі мен 2 000 аса қосалқы станция бар.Олардың тозу деңгейі 62% құрайды. Энергия үнемдеудің жаңа технологияларын қолданып, тозған желілерді азайту үшін өткен жылы 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станция жаңғыртылды. Биыл 15 млрд. теңгеге 3 ірі қосалқы станция, 314 шақырым әуе желісі және 127 қосалқы станцияны қайта жаңғыру қолға алынбақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<