…Шиелі сапарынан соң Жаңақорғанға бет түзегенбіз. Осы екі арада көне қала – Сығанаққа соғу ойымызда бар. Қазба жұмысы жүріп жатқан ежелгі тарихи орыннан қандай да бір жаңалық білгіміз келген.
Сығанақта болғанда…
«Берсе Тәңірім екінші өмір қиғандай, Көз жұмар ем Сығанақта қиналмай» деп Һисамеддин Сунақ ата айтатынындай бар. Орта ғасыр дәуірінде ең көрікті, ең бай, ең дамуы мықты қала осы еді. Жазбаларды ақтарсаңыз солай дейді. Тарихта бір құлап, бір гүлденген Сығанақ үшін қанша хан қаһарлы соғыс ашқанын оқып та жүрміз. Біз аралаған көне шаһар қазақ даласындағы үш, мүмкін, одан да көп хандықтың астанасы болған. Бұл қала әлемнің барлық көне жазбалары мен карталарында көп кездеседі.
Ежелгі шаһардың орны Жаңақорғандағы Сунақата ауылының батысында 1,5 шақырым қашықтықта жатыр. Қаланың орны жал-жал болып үйілген қара топырақ. Ең алғаш көзге бірден көрінетін үлкен қырат, үйіліп жатқан ежелгі қорғандар орны. Қорғанның көбісі жермен жексен болып шөгіп кеткен. 1000 жылдан аса тарихы бар жер арнайы қоршауға алынып, мемлекет қарауына өткен. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары әлі де жүргізілу үстінде. Сапар барысында көзбен көргеніміз – қыш құмыралар, сүйектер, ошақ орындары мен Хан сарайы орналасқан төбе.
Біздің тарихшылар Сығанақ қаласының өз заманында халықаралық сауда орталығы болғандығын да айтады. Ұлы Жібек жолында орналасқан Сығанақта күніне 100 түйеге артылған тауар сатылған көрінеді. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған.
– Қаланың қазіргі орны бірнеше гектарды алып жатыр. Жан-жағында үйінділер, жерасты жолдары, су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Ежелден үлкен сауда орталықтарының бірі болған соң, қалаға қызығушы мемлекеттер арасында Сығанақ үшін жиі соғыс болған, соның салдарынан қала жиі бүлініп, кей хандықтың тұсында қайта жанданған. Республикалық маңызға ие бұл ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының қатарында. Мұндағы қайта қалпына келтіру жұмысы аяқталған соң ашық аспан астындағы музей салынып, үлкен туристік орталыққа айналдырады деген жоспар болған. Сонда қазақтың тарихы мен бай мұрасы, рухани қазынасы туралы жас ұрпақ қана емес, шетелдіктер де етене таныса алады. Бірақ, қазба жұмыстары жүргізіліп, қыс түскен соң тоқтайтыны анық қой. Осындайда ашық аспан астында қалған мұндай дүние ауа райы әсерінен бүлініп те жатады, – дейді аудандық музей директоры Нәбихан Шалапов.
Иә, бір өкініштісі, аршылған жердің қараусыз қалғаны былай тұрсын, қазылған жерден табылған жәдігерлердің көбі біздің қолда емес. Облыстағы музейден бірен-саран кездессе де, көп дүние археологтардың қолында кеткен. Аудандағы музейде де осылай. Сығанақ жәдігерлері тым аз.
Ал енді мұнда табылған құнды жәдігерлер, сол кездің тыныс-тіршілігінен хабар беретін дүниенің бәрі бір жерге жиналу керек сияқты. Қаланың макеті қойылып, келушілерге қызығарлық жағдай жасалса деген ішкі ойдың сол жерде бізге маза бермегені анық. Бірақ, Түркістандағы археологтар әзірге зерттеу бітпей мұндағы табылған дүниені бергісі келмей отыр.
Шыны керек, бір келген адам мұнда келесі жолы ықыласты бола қоймайды. Қазылған жердің қалпына келтіру жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Деректер көрінбейді. Тіпті, аяқ алып жүру үшін жаяу жүргіншілерге жол да қарастырылмаған. Қара топырақ кешіп жүруге мәжбүр. Сығанақтың бүгінгі көрінісі осындай. Зерттеудің кешіккенімен қоймай, зерделеуге тиіс көп дүние жоғалып кетуде.
Көп түкірсе,
көл болар
Мұндайда біздің қазақ «Құдайлық іс» деп жұбанады. Шүкіршіліктен таймайды. Ел ішіндеміз ғой деп ертеңгі күніне үмітпен қарайтыны бар.
Сығанақтан соң Жаңақорған ішін аралап жүрміз. Жақсы дүние көрмекке. Сапар мақсаты басқа еді, бірақ…
Өткен айдың 24-не өзгенттік Сабырқожа Әбдіқожаев пен Феруза Әлібекова отбасында қиын жағдай болған. Анығын айтсақ, сол күні ақшам кезінде үй өртенді. Тілсіз жау бар дүниені түгел жалмаған.
Феруза апа бізде жұмыс істейді. «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты газет тасымалы бөлімі бар. Ол медиадан шығатын барлық газетті Өзгенттегі әр үйге таратушы әріптесіміз.
Қош, бірлік болса, тірліктің кері кетпесі белгілі. Үйсіз қалған отбасы жағдайы ешкімді бейжай қалдырмаған. «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлері бір күндік жалақысын аударамыз десті. Бірауыздан келіскен. Ақша аударылды. 800 мың теңгеге жуық қаржы Өзгентке келді. Үй иелері тағы бір қуанды. Өйткені, бізден басқа да ел қол ұшын созып жатыр. Шүкір мен тәубасынан жаңылмаған отбасы мүшелері ұжымдастарға үлкен алғысын қайта-қайта айта берді. Біз де аманат сәлемді осында жазғанды жөн көрдік.
Шыны керек, «өрт сөнді, өзгесінде шаруам жоқ» деу мұндайда жат қылық. Қазақ тәрбиесінде жоқ. Өзгенттің өз халқы да қарап қалмаған. Ірі қарасын жетектеп, ақшасын берген кәсіпкерлер көп. Қаржы орнына малын ұсынған ағайынның сиыры мен жылқысы базарға пұл болуда. Оның құрылыс материалына ауысатыны тағы белгілі.
Ауылдан құрылысшы жігіттер бригадасы жасақталыпты. Іргетасын бір метр етіп, кірпішін қалап жатыр. Еңсесін күн сайын көтерген жаңа баспана – көзге қуаныш. Оның үстіне ауа райы да қарасып тұр.
Айтпақшы, «Көрші ақысы – Тәңірі ақысы» дейтін тәмсіл бар еді-ау. Іргелес жатқан Қожакент халқы 2 млн теңге ақша жинапты. Шаруашылық басшылары техникаларын тегін беріп, құм мен құрылыс заттарын тасып жүр. «Жаңарған Жаңақорған жастары» деп аталатын еріктілер цемент түсіріп, тағы бір кәсіпкер есік-терезесін өз қалтасынан салып бермекші.
Міне, ел бірлігі. Ауыл жұртының ынтымағы. Үй иелеріне түк салмақ түспеді. Олар тек сабырды серік етіп, шүкірдің ығында отырған жандар. Ағайын аман болсын дейтін халықтың қайғы мен қуанышта ұйыса білетіні қандай ғажап еді?!
Ат спорты ақсамауы тиіс
Облыс құрамасындағы көкпаршылардың 99 проценті осы ауданнан екені рас. Өзгенттегі көкпарға шабар жылқы тұқымын дайындап отырған «Өзгент С» шаруа қожалығында болдық. Жылқыдан бөлек, егінмен де қосымша айналысады. Өзгенттегі ауыл жігіттерін жұмыспен қамтып отыр.
– Қожалыққа тиесілі 415 гектар жер бар. Жоңышқа егіп, азын-аулақ күріш дәнін де себебіз. Негізгі басымдық – мал шаруашылығы. Ірі қара бар. Жылқы өсіреміз, – дейді шаруашылық төрағасы Бақытжан Төлегенов.
Ол – ат спорты, оның ішінде көкпардан облыстық дәрежедегі төреші. Қазақстанда өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде көкпардан төреші болыпты.
– Қазір бізде жаппай және командалық көкпар деген бар. Сол екеуіне де біз қатысып жүрміз. Көкпар дамып кетті. Үлкен жүлделер тігілуде. Мендегі жылқылардың көбісі салым салып жүрген, ірі қара, жылқы, түйеден бөлек, көлік ұтып жүрген тұлпарлар, – дейді ол.
Бүгінде жылқы тұқымын көбейтіп қана қоймай, асылдандыру да қолға алынып келеді. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір ауылдарда ат спорты түгілі, атқа мінетін бала да азайған. Әсіресе, бәйге кезінде көп атсейіс шабандоз таппай қиналады.
Бақытжанның айтуынша, Жаңақорғанда 18 жасқа дейінгі ұлдарға ат спортына дайындайтын мектеп ашылыпты. Онда үш жаттырықтырушы жұмыс істейді. Өзгенттің өзінен сол мектепте төрт бала оқып жатыр. Келешек ат спортына үлес қосар жігіттер осы ауданнан көптеп шықпақ.
Бүгінге керек
мамандық іздесең…
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде болдық. Бұл білім ордасы заманға керек мамандықтарды даярлап жүр. Кәсіптік білімді беріп қана қоймай, сан түрлі тәжірибе алаңынан өтетін мұндағы оқушылардың шәкіртақысы да тым тәуір. 600-ге жуық бала білім алса, соның жартысынан астамы 29 мың теңгедей стипендия алып келеді. Ал ғимараттың іші-сырты жарқырай көрінеді. 60 жылдан кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өтті. Бұл ұстаздар мен шәкірттерге үлкен қуаныш сыйлағаны рас.
– 2016 жылдан бері колледж «Дуалды оқыту» технологиясын тек эксперимент ретінде қолданса, 2018 жылдан бері осы жүйеге көштік. Бұған дейін шәкірттердің көп уақыты теориямен, лекциямен өтсе, бүгінде 60 пайыз практикаға мән беріледі. Студенттер оқу орнында білім ала жүріп, арнайы зертханаларда жұмыс жасайды. Бүгінде 18 түрлі мамандықтан 44 түрлі біліктілікті меңгеруге мүмкіндік бар. Дуалды оқыту жүйесіне енудің студенттер үшін тиімділігі зор. Колледж қабырғасында оқып жүріп, практикалық тұрғыда іскерлігін таныта отырып, компанияларға немесе жеке кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа қабылдануға мүмкіндік алады. Былтыр 27 станокты «Тігін цехы» өндіріс үшін жұмысты бастап кетті. Тігін мамандығында оқитын студенттерге оқытушылар сабақты цехта өткізіп, тігін тігу әдістерін іскерлік тұрғыда меңгертіп қана қоймай, кәсіпкерлік бағытта әртүрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдап, жұмыс істейді, – дейді колледж директоры Жомарт Шәуенов.
Сондай-ақ колледжде 200 адамға арналған асхананың жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Оқытушылар мен студенттер бірлесе ас пісіріп, түрлі кондитерлік өнімдер шығармақ. Бұл да дуалды оқыту жүйесіне берілген басымдық. Бұдан бөлек, кәсіптік тұрғыда шыңдайтын арнайы зертханалар бар. «Трактор және автомобиль», «Автомобиль тренажер», «Пісіру жұмыстары», «Станок жұмысы», «Техникалық қызмет көрсету», «Электронды ақпараттандыру», «Автоэлектрик» сынды зертханаларда шеберлер студенттерді іске баулиды. Мәселен, колледжге тиесілі «СТО», яғни машина жөндеу орталығында студенттер кәсіби шыңдалып қана қоймай, қосымша қаражат табуға мүмкіндік алады.
Дуалды оқыту жүйесінде білім алушы маман болуға, іскер болуға дағдыланады. Мұнда осы оқыту жүйесіне «Тігін» мамандығынан бөлек, «Токарь-жонушы», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Пісіру ісі» мамандықтары көшкен.
Салыстырмалы түрде қарасақ, гуманитарлық бағытта дипломы бар жастар бізде көп. Оның жұмыссызы да жетерлік. Біз баса мән беретін бір нәрсе бар. Ол – қазіргі кәсіптік білімді игерген маман иелеріне сұраныстың көптігі. Қоғам қажеттілігі мен тұтынушы талабына сай мамандық иелерін дайындайтын колледж мұғалімдері тынбай еңбек етіп жүр. Олар, сондай-ақ, қазіргі заманның бас ауруына айналған жұмыссыздықтың алдын алуға да үлес қосуда. Өйткені, нарық сұранысына сай маман даярлайды емес пе?!
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<