Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорғанда өткен «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік шараға қатысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, аудан тұрғындары, аймақ ардагерлері мерекелік думанның куәсі болды. Кенттегі «Prime Park» орталық саябағына ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме қойылып, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. Салт-дәстүрдің тағылымы суреттелген қойылымдар көрсетілді. Іс-шара қонақтары бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, игі тілек айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады» деген болатын.
Президент бастамасымен өткен жылдан бері елімізде Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойлануда. Ұлыстың ұлы күні Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен келді! Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді.
– Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге игіліктерімен, жаңалықтарымен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін! Әрбір шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әз Наурыз құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерекелік салтанатта Жаңақорған ауданының дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Қызылорда облысының құрметті азаматы Бекмырза Еламанов бата берді.
Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<