Жаңақорғандағы жаңашыл жобалар жемісі

4

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты жағдай қалыптасып, макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 217,9 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға жетті. Негізгі капиталға 98,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 75223 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудан бюджеті жыл басында 14,2 млрд теңге болып бекітілсе, нақты деңгейі 18,7 млрд теңгеге жетті.

– Мемлекет және облыс басшылығы тарапы­нан қолдаудың нәтижесінде халықтың әл-ауқаты мен инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр Жаңақорған кентінде 600, Жаңарық ауылында 300 балаға арналған «Келешек мектептері», «Руханият орталығы», Екпінді ауыл­дық клубы ел игілігіне айналды. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын 124 отбасына баспана кілті табысталса, Төменарықта аурухана, Әбдіғаппар, Бесарықта дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді Сондай-ақ аудан орталы­ғында қырық жылдан астам уақыт бойы құрылы­сы аяқталмаған теміржол үстінен өтетін көпір қайта жаңғыртылып, өткен жылдың шілде айында іске қосылды, – деді Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов.

Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген 792 млн теңге есебінен көпбейінді аурухана жанынан қосымша ғимарат салынды. Биылғы қаңтар айында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналған 80 пәтерлік 40 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Оған қоса Келінтөбе ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені жұмысын бастады.

Барлық 35 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл бағытта су көлемін ұлғайту үшін «Тақыркөл» бас су қоймасынан екінші желі тартылды. Қазір аудан орталығында жаңадан салынған тұрғын үйлерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су тарту және желілерді жүргізу жобасы басталды.

– Айта кетсек, аудан көлемінде 1333 шақырым электр тарату желісі жүргізілген. Былтыр электр желісін жаңарту мақсатында 2022-2024 жылдары бөлінген 1,4 млрд теңге есебінен бес елді мекенде жаңғырту, тағы үш ауылда осындай жұмыстар аяқталды. Бұл электр жүйесінің тозуын 45 пайызға дейін төмендетті. Мұндай игілікті істер Манап, Сунақата, Құттықожа, Әбдіғаппар ауылдарында жалғасын табуда. Бізде газдандыру көрсеткіші халық санына шаққанда 52, елді мекендерде 22,8 пайыз. Қазір сегіз елді мекен «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Былтыр тағы 6 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында Жаңақорған кенті аумағынан автоматты газ тарату станциясы салынды. Мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан көлемінде жол жағдайы жақсара түсті. Былтыр Екпінді, Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата жолдарына күрделі және орташа жөндеу жасалды. Ал Жаңақорған кентіндегі Хорасан ата көшесі күрделі жөндеуден өтті. Онда жол инфрақұрылымы жақсарып, зама­науи жарықшам және аялдамалар орнатылды. Нәтижесінде аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98,4 пайызға жетті. Биыл бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге жоспарланып отыр.

Ауданда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне назар аударылды. Жаңақорған кенті аумағынан оны сұрыптайтын кешен құрылысы елімізде алғашқы болып осында жүзеге асуда. Қазір сұрыптау кешенінің қондырғысын орнату қолға алынды. Жақын арада елдің игілігіне айналады.

– Былтыр жергілікті диқандар 35 мыңнан астам гектарға ауыл шаруашылылығы дақыл­дарын екті. Оның ішінде күріш көлемі – 7300 гектар. Су тапшылығының алдын алу үшін тиісті іс-шаралар атқарылды. Ұзындығы 43 ша­қырым 17 канал тазаланды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Жаңақорғандық еңбек­керлер суды үнемдеу технологиясына мән беріп отыр. Сунақата ауылдық округіндегі «Өмір» шаруа қожалығы 14 гектарға тамшылатып суару әді­сімен көкөніс-бақша дақылдарын екті. Сондай-ақ ауданда 100 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Қазірге дейін күріш егілетін 4 мың гектар алқап лазерлік тегістеуден өтті. Мұндай игілікті істер алдағы кезеңде де жалғасады, – деді Мажит Самитұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау бағытында тиісті іс-шаралар жүзеге асып келеді. Былтыр 324 жобаға 3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 416 млн теңгенің 53 жобасына қаржы тартылды.

– Ауданда білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Апаттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі толық шешілген. Сондай-ақ 3-6 жастағы балалар балабақшамен толықтай қамтылды. Ал денсаулық сақтау саласында медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Жаңақорған кентінен жаңадан емхана салу үшін демеуші есебінен жоба жасауға көңіл бөлініп отыр. Мұндай игілікті істер мәдениет, спорт салаларында да бар, – деді аудан әкімі.

Былтыр 2,8 млрд теңгенің 5 жобасы іске асты. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында заманауи қызмет көрсету кешені іске қосылса, «Шалқия-тас» серіктестігі темір-бетон өнімдері және асфальт зауыттары жобасын жүзеге асырды. Оған қоса «Нұрболат» шаруа қожалығы және «Бекарыс Агрофуд» серіктестігінің ет өнімдерін өндіретін мал сою пункттері ел игілігіне айналды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»