Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы – елдің саяси-құқықтық жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Оның азаматтардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен мыңдаған ұсыныстар негізінде, ашық әрі инклюзивті форматта әзірленуі «Еститін мемлекет» қағидатының нақты іске асқанын көрсетеді. Бұл – қоғамның әр дауысы ескерілетін жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының айғағы.
Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарлануын күшейтеді. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдық ретінде жариялануы, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарының алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілуі – құқықтық мемлекетті нығайтудың берік негізі. Бұл өзгерістер азаматтың мемлекет алдындағы емес, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін айқындай түседі.
Саяси жүйені жаңғырту бағытында бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, пропорционалды сайлау жүйесін енгізу партиялардың институционалдық рөлін арттырып, саяси бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді. Ал Халық Кеңесі секілді жалпыұлттық диалог алаңы қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысуын кеңейтеді.
Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновацияны мемлекеттің басты даму тірегі ретінде айқындау – стратегиялық тұрғыдан аса маңызды шешім. Бұл Қазақстанның болашағы табиғи ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетінін көрсететін өркениетті таңдау. Сонымен қатар цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау нормасының енгізілуі заман талабына сай конституциялық жауап деуге болады.
Отбасы институтын, зайырлы мемлекетті, зияткерлік меншік пен адвокатураның мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту қоғамның тұрақтылығы мен құқықтық қорғалуын күшейтеді. «Миранда ережесінің», кінәсіздік презумпциясының және құқықтарды шектеуге жол бермеу қағидаттарының нақтылануы – азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның әділетті, қауіпсіз әрі өркениетті болашағына бағытталған стратегиялық құжат. Оның түпкілікті тағдырын жалпыұлттық референдум арқылы халықтың өзі айқындайтыны – реформаның басты құндылығы. Бұл – ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне жасалған саналы әрі жауапты таңдау болмақ.
Эльмира Нұрмағанбетова,
Қазалы аудандық мәслихатының депутаты





