Жаңартылған заңнама талаптары талқыланды

135

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда жаңартылған заңнама талаптарына сәйкес бюджет процесін іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысқа Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов, Ұлттық экономика министрлігі бюджет саясаты департаментінің директоры Гульором Муллабаева, Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлау депар­таментінің директоры Сейілхан Исмағұлов қатысты.

Аймақ басшысы Президент тапсыр­масында нақтыланған бюджет қаражатын ұтымды жоспарлау мен тиімді игеру міндетін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджет қаржысын тиімді жоспарлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде міндеттер жүктегені белгілі. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына жүргізілген зерделеу, бақылау шараларының нәтижесінде 100 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оның ішінде білім саласынан 58 млрд 600 млн теңге, «Арт спорт» бағдарламасынан 13 млрд 100 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңге үнемделіп, бюджет қазы­насында қалды.

Жаңадан жүзеге асырылатын инвес­тициялық жобаларға құжаттама әзірлеуге демеушілер есебінен 7 млрд теңге бөлінді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, бұған дейін әр жерде орналасқан мекемелерді бір орталыққа біріктірдік. Бұл ғимараттарды ұстап тұру шығындарын қысқартуға жол ашты. Мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы үш ауысымдық оқу мәселесін түбегейлі шешіп, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алдық.

Осылайша, бюджетке түсетін салмақ азайтылып, 13 млрд 100 млн теңге оңтай­лан­дырылды, – деді облыс әкімі.

Мамандардың айтуынша, жаңа үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы транс­ферттер Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттерді шешуге, оның ішінде өңірлердің қаржылық дер­бестігін кеңейтуге, халық үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қыз­меттердің қолже­тімділігін теңес­тіруге, сондай-ақ өңірлер арасындағы инфра­құры­лымдық теңсіздіктерді азайтуға ықпал етеді.

Жиынға қатысушылар бюджет процесін іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді, сондай-ақ елімізде қолданыстағы трансферттік тетіктерді талқылап, туындаған сұрақтарға жауап алды.