Жаңашыл жастардың жанашыры

278

0

Өңірдегі білімнің қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде биология, география және химия білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Есенжол Назаров ердің жасы – елуге келді. Елу – ел алдында елеулі ісі бар азаматтың жауапкершілігі артатын шағы. Есенжол Асылбекұлы үшін де бұл белес – тоқмейілсу емес, тың серпінмен жаңа биіктерге ұмтылатын, ел болашағының дамуына үлес қосатын, ертең үшін еңбек ететін тағы бір мүмкіндік.

Мемлекеттік қызметтен ғылым мен білімге, халықаралық тәжірибеден отандық жүйеге дейінгі жолда ол жастар жанашыры ретінде ұстанымы берік, мақсаты айқын тұлға болып қалыптасты.

Ол – кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз, өз саласында қолтаңбасы бар ғалым, замандас. «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң күш, одан соң тәртіп керек» дегенді жадында ұстайтын, үнемі тыным таппайтын, қашан көрсең де жастармен бірге қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүретін осы жігіттің табандылығы мен еңбекке деген ерекше ынтасына қызыға қарайтыным рас. Сондықтан да бүгінгі айтылар әңгіме бұрынғыға қарағанда өзгерек.

Есенжол Асылбекұлы 1975 жылдың 14 тамызында Қызылорда қаласында дү­ниеге келді. 1982-1990 жылдар аралы­ғын­да Ы.Алтынсарин атындағы №10 қазақ орта мектебінде білім алып, 1990-1994 жылдары Қызылорда Теміржол тех­никумында оқып, үздік дипломмен аяқтады.

Еңбек жолын 1994 жылы сол кездегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда педа­го­гикалық институтына қарасты «География» кафедрасының оқу шебері қыз­метінен бастады. 1995 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің химия-биология мамандығында білім алу үшін оқуға түсіп, 1999 жылы өте жақсыға аяқтады.

Еңбек жолын ұстаздықпен жалғас­тырған ол, кәсіби міндетін ғана емес, қоғамдық істерді де қатар алып жүрді. Студенттердің кәсіподақ комитетін басқарды, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың жастар ісі жөніндегі ректор көмек­шісі болды. Жаратылыстану және сырт­тай оқу факультеттерінде декан орын­басары, университет жанындағы кол­ледж директорының тәрбие және өндіріс бойынша орынбасары, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректордың орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар, тәрбие мен мәдени-көпшілік жұмыстарды үйлестіретін орталықтың басшысы, «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Аманат» партиясы «Тұран» фи­лиалының Атқарушы хатшысы болып жемісті еңбек етті. 2005-2013 жылдар аралығында Қызылорда облыстық «Жасыл Ел» штабына жетекшілік етіп, талай жастың бойына еңбек пен елжандылық рухын дарытты. 2007 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де «Геоэкология» мамандығы бойынша «Мұнай өндірудегі ақаба суларды тазарту технологиясын жетілдіру» тақырыбында кандидаттық дис­сертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дә­ре­жесін алды.

Есенжол әкесі Асылбектің өте білім­ді болғандығын, кезінде МГУ-ге, Алматы қаласындағы Нархозға оқуға түссе де, сол кездегі күрмеуі қиын тіршілік мүм­кіндік бермегенін, сонда да әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих ма­ман­дығы бойынша түлегі екендігін мақ­та­нышпен еске алады. Оның анасы Бал­дай Нұрдиқызы да мұғалім, ұстаздар отбасында тәрбиеленген алты баланың төртеуі ұстаздық жолды таңдап, Есенжол мен Гүлмираның ғылым кандидаты атануының сыры осында жатса керек-ті.

«Қыран құс түлегіне қайыспас қа­нат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» дегендей, шәкірт тәр­бие­леу саласында ұстаздардан алған тә­лім-тәр­биенің берері мол. Ұстаз еңбегі – ізгіліктің інжуіндей қымбат еке­ні де анық. «Ұстазды атаңнан да әзіз тұт» ұс­та­нымындағы Есенжол осы жол­да қандай жетістікке жеткен болса, ұстаз­дары Құдайберген Балтаев пен Толыбек Досайұлына қарыздар екендігін де ұмытқан емес. Сонымен бірге Болат Арыс­танбаев, Нұрадин Дарқұлов сынды елге белгілі ағаларының салған жолымен жүріп, Гүлбарам Сәдуақасқызы, Әнипа Сейдалықызы, Гүлмира Мыңбайқызы, Сәуле Маратқызы сынды жанашыр ұс­таздарының қамқорлығын көріп өсті. Еңбек жолында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өңірге белгілі азамат Қылышбай Алдабергенұлынан еңбек әдебін, тәртіп пен талаптың маңызын, жұмысқа деген жауапкершілік, сөзге бе­ріктік, іскерлік пен әділеттілікті үйренді.

Осы аталған ұстаздарынан алғанын өзі де шәкірттеріне бере білгенінің дәлелі болса керек, Гүлбану Жақсылықова, Ма­рат Сыздықбаев, Нұрбол Аппазов, Нұр­лыбек Ахатаев сынды шәкірттерінің арасынан ғылым кандидаттары шығып, ел дамуына нәтижелі үлес қосып жүр.

Есенжол Асылбекұлының жаңалыққа ұмтылуы, үздіксіз ізденіске деген талпынысы оны Германия мен Бакуге сапарлатты, ал Ұлыбританиядағы әйгілі Рединг университетінде тағылымдамадан өтуі – кәсіби шыңдалу жолындағы ма­ңызды белестерінің бірі болды. Ол 3 монография, 2 патент және алпысқа жуық мақаланың авторы. Президенттің Алғыс хаты мен министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ұжымда беделді, әр сөзі мен ісіне мұқият, биік талаптарымен дараланған Есенжол Асылбекұлы – табандылық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдыра алған шынайы көшбасшы. Ол қойған мақсатына жете алатын жі­герге ие, кез келген істің нәтижелі болуын ой­лайтын мықты ұйымдастырушы, шә­кірт­терінің сүйіспеншілігіне бөленген ұстаз.

Кез келген жетістікке жеткен аза­мат­тың артында ақылды әйелдің ерекше еңбегі тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. Есенжолдың жанұясындағы жылулық жары Ақмарал Жүнісқызымен арасындағы сүйіспеншілік пен сый­лас­тыққа негізделгенін байқайсың. Тірлігі мен бірлігі үйлесім тапқан қос ұстаздың отбасында үш перзент тәрбиеленуде. Қызы Жанерке мен ұлы Қылышбай әл Фараби атындағы ҚҰУ студенттері, кенжесі Мөлдір №101 мектептің 10-сынып оқушысы. Оның отбасында анаға деген махаббат, әкеге деген құрмет, балаға деген қамқорлық үйлесім тапқан.

«Ат тұяғын тай басар» деген қазақта әдемі сөз бар. Асылбектей әкеден тарап, Балдай анамыздың тәрбиесін көріп, елге танымал азаматтардан тәлім алған Есенжолды бергені де, әлі де берері де мол азамат ретінде бағалаймыз.

Аягөз ӘБДІРАЗАҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

баспа ісінің магистрі