Қазақ халқы «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаса керек. Туған жерін түлету, әлеуетін арттырып, халқына шарапатын тигізу нағыз адамдықтың белгісі болса керек. Шиелі ауданы да жыл сайын жаңа кейіпке еніп, гүлденіп келеді. Бұл, әрине, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің, жанашыр азаматтардың сындарлы саясаты, білім, парасатының көрінісі. Мәселен, көшеде жарық шамдар орнатылып, электр бағаналары жаңаруда. Балалар ойын алаңқайлары салынып, ашық спорт кешендері де жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына себепкер болуда. Халық бұрынғы күйбең тірліктен арылып, «көгілдір отынға» қол жеткізуде. Жолдар жаңарып, жаңа заманға сай көрікті ғимараттар бой көтерді. Соның бір ғана айғағы – жуырда ел игілігіне берілген «Шұғыла» шағын ауданындағы тұрғын үйлер. Қарапайым халықтың қамын күйттеп, жұмыссыз, жалғызбасты, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жаңа үйге қол жеткізуіне мүмкіндік жасаған азаматтарға дән ризамыз. Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел қашанда табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл – еңбектің шынайы құндылығын танып, қоғам назарын қарапайым мамандық иелерінің абыройына бұруға бағытталған ерекше жыл. Олай болса, құрылысқа білек сыбана кірісіп, біз секілді тұрғындарға заманауи баспана тұрғызуға үлкен үлес қосқан азаматтардың да еңбегін елеусіз қалдырмағанды жөн көрдім. «Шұғыла» шағын ауданында жаңа үйлердің құрылысы басталған сәттен құрал-сайманын асынып, күннің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп жұмыс істеген Ерсейіт Төрениязов, Алмат Абат, Айдос Нұрілдә, Жасұлан Бердібеков, Жандос Өмірбеков, Асылбек Ақпанбетов сынды азаматтардың маңдай терін көзбен көрдік.
Жақсылық жасауға даяр тұратын бұл азаматтардың қайырымды істерін ел жақсы біледі. Қолында барды үлестіре жүріп, үлкен істердің жүзеге асуына зор ықпалдарын тигізіп келеді. Адамның артында атақ-даңқы емес, жасаған ісі, елге сіңірген еңбегі қалады. Міне, жас та болса бас болып, еліне, жеріне қызмет етіп жүрген 6 азаматтың атын ерекше атап айтуымыз да бекер емес. Аудан басшысымен бірлесе жүріп жақсы жаңалықтарыңмен елді қуанта беріңдер. Еңбектеріңе ерекше ілтипатымызды білдіріп, алғысымызды да айтамыз.
Кезінде жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Ендеше жұмысшы мамандықтарына да үлкен құрметпен қарайтын кез келген секілді.
Бейбіт күнде берекесі тасып, ырзық-несібесі молайған Шиелінің шырайы арта берсін! Әрбір адам үшін туған жердің тау-тасы да қымбат. Еліміз дамып, экономикамыз өрлей берсін! Біз осындай ықылас-пейілімізді облыстың бас басылымы – «Сыр бойы» арқылы жеткізуді жөн санаған едік.
Ұлғаным МАХАМБЕТОВА,
Шиелі ауданы «Шұғыла» шағын ауданындағы
жаңа үйдің тұрғыны





