Жаңаталаптық «Асыл аналар» құрметке бөленді

299

0

Фото: Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімі

Бүгін аудан әкімдігінде 14 маусым күні Ақтау қаласында өткен «ZHANA ESIM» халықаралық шығармашылық фестивалінде ауданымыздың абыройын асқақтатқан Жаңаталап ауылдық клубының жанынан құрылған «Асыл аналар» ансамблін аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов салтанатты түрде қабылдады.

Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары ансамбль мүшелеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысын білдіріп, халықаралық деңгейде ұлттық өнерімізді насихаттап, ел рухын көтергендері үшін ризашылығын жеткізді.

– Сіздердің бұл жетістіктеріңіз — ауданымыздың мәдени өміріндегі үлкен мақтаныш. Өнерге деген адалдықтарыңыз, дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жолындағы еңбектеріңіз жастарға үлгі. Алдағы уақытта да аудан намысын абыроймен қорғап, ел алдында өнерлеріңіз өрлей берсін, – деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Жаңаталаптық «Асыл аналар» құрметке бөленді

Шара барысында ансамбль мүшелеріне алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Құрылғанына 14 жыл толып отырған «Асыл аналар» ансамблі — халық әндері мен дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, ауыл мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген өнер ұжымы. Сонымен қатар, ансамбль қыркүйек айында өтетін Қырғызтан Республикасы, Бішкек қаласында өтетін халықаралық фестивальға шақырту алды. Ансамбль жетекшісі өз кезегінде аудан басшылығына көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ұлттық өнерді ұлықтап, биік белестерден көріне беруге уәде етті.

Аудан абыройын асқақтатқан ансамбль мүшелеріне білім саласының ардагері Ә.Ералиев, ауыл шаруашылық саласының ардагері Н.Мұқашев, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдіхалықов пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Бектасқызы, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Дүйсенбиева жылы лебіздерін айтты.

Шара соңында халық әндері мен дәстүрлі өнерімізді дәріптеп жүрген «Асыл аналар» ансамблі әсем ән шырқап, естелік суретке түсті.

Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімі