Жаңажылдық тілек

7

0

Көңіл сүйген әнбісің,

Күлкің бейне хрусталь.

Жаңа жылым, армысың,

Алтын тұяқ, күміс жал.

Кім байлады көгенге,

Ен, далама екпінде.

Он екі жыл дегенде,

Арғымағым, жеттің бе?!

Өркениет көш қандай,

Арғы бет пен бергі бет.

Қанатыңды от шалмай,

Қорғандарды қарғып өт.

Тоқтат, мына майданды,

Саған үміт артамын.

Көзмоншаққа айналды,

Көктен түскен гауһарың.

Қара оздырмай құс кейпің,

Барамысың бақ тауға.

Лай суды ішпейтін,

Лайықтым мақтауға.

Биік тұрсын байрағым,

Асқақтасын ұраным.

Асыл тектім, айбарым,

Жан серігім, пырағым!

Д.АЯШҰЛЫ