Жанымнан табылған жақсылар

1257

0

Осыдан біршама уақыт бұрын ыстығым көтеріліп, мазам қашты. Қызуым 38-39 градус болды. Жүктіліктің 32-33 аптасы болғандықтан, дереу жедел жәрдем қызметіне жүгіндім. Олар мені қалалық ауруханаға апарды. Сонда рентген аппаратына түсірді.

Дәрігерлер «Сол жақ өкпе қабынуы» деген диагноз қойды. Үй жағдайында ем қабылдаймын деп шештім. Дәрігерлер арнайы дәрі-дәрмек тағайындап, жергілікті мамандардың бақылауына тапсырды. Талсуат ауылдық округі амбулаториясының дәрігері Перизат Талғатқызы мені ерекше назарға алып, үйге келіп екі мезгіл тағайындалған дәрі-дәрмекті үзбей салып отырды.

Мейірбикелер Г.Рахманбердіқызы, А.Әлібекқызы, Ғ.Оралбайқызы қажетті барлық ем-дом шараларын жасады.
Алғашқыда әлсіздік пен тершеңдік басып, тәбетім болмады. Үш күннен кейін ыстығым түсті. Бір апта өткен соң жағдайым жақсара бастады. Дәрігерлердің арқасында бетім бері қарады. Бұл төртінші жүктілік болатын. Сондықтан дәрігерлер назардан тыс қалдырмады. Қан қысымымды өлшеп, әлсіздікті жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Иммунитетті көтеретін витаминдер қабылдадым.

Шүкір, күн өткен сайын денсаулығым түзеліп келеді.
Осындай қиын сәтте ақ халатты абзал жандардың еңбегінің нәтижесінде ауруды жеңдік. Бір апта ішінде дәрігерлер менің жанымнан табылды. Сондықтан дәрігерлерге, Талсуат ауылдық округі амбулаториясының ұжымына алғысым шексіз.


Расында, жұқпалы індет ешкімге аяушылық танытып жатқан жоқ. Бұл кеселмен күресу үшін сақтық шараларын қатаң ұстану керек. «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаған. Әрбір адам өз өміріне бей-жай қарамай, жанашырына жақын болу үшін ережеге бағынуы тиіс. Сонда уақытша қиындықты да жеңіп шығамыз.


Ақмарал БӘЙІМБЕТОВА,
Талсуат ауылдық округінің тұрғыны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<