Жапонияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 168-ге жетті

517

0

Фото: ТАСС

Жапонияда 1 қаңтардан бері жалғасып келе жатқан жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 168-ге жетті. Бұған Жапонияның аймақтық билігі жариялаған мәліметтері дәлел, деп хабарлайды Kazinform ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, құтқарушылар орналасқан жерін анықтау үшін байланысқа шыға алмай отырған тұрғындардың саны 323-ке жетті. Әлі де болып жатқан жерасты дүмпулерінің салдарынан 560-тан астам адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Жер сілкінісінен әсіресе Исикава префектурасы зардап шекті. Онда кемінде 1370 үй толығымен немесе ішінара қирады, өрт салдарынан 300-ге жуық ғимарат бүлінді. Зардап шеккен аймақта электр және су беру жүйелері бұзылып, жанармай тапшылығы сезілуде.

Апат аймағында Жапония құтқару күштерінің іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Құтқарушылар соңғы рет 6 қаңтарда үйінді астынан бір адамды аман алып шықты. 90 жастағы жергілікті тұрғын бес күннен артық жерасты дүмпуінен қираған үйінің астында болған.

Осыған дейін Жапониядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 128-ге жетіп, 200-ден астам адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<