Жақсы жол – жетістік нышаны

76

0

Облыста жол-көлік  инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Қазір қала көшелері кеңіген әрі тақтайдай тегіс жолда көлік ағыны реттеліп, тұрғындарға жайлылық сыйлауда. Ауылдар мен шет аймақтардағы жолдар да жаңалануда. Көпірлер мен өткелдер де қайта салынып, тұрғындар игілігін көруде.

Осы кезге дейін шаһардағы ірі көшелердің жөнделіп жатқанын көрдік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Осындай жұмыстың бірі М.Шоқай көшесінде атқарылуда.

Мердігер – «Қыран» ЖШС.

Қайнаған тіршілік. Алып техникалар өз қызметін атқаруда. Жол толық сү­ріліп, қайта төселуде. Құлақ тұнар шу­дан адамдар бірін-бірі естімейді. Тек шаруаларын тыңғылықты істеу­де. Жалпы бұл көшенің бойында кәсіп­кер­лік, өндірістік нысандар көптеп ор­на­ласқан. Сондықтан жолдың жөн­делгеніне кәсіп иелері дән риза. Құры­лыс заттарын сататын шағын базарда жұмыс істейтін Олжас Таңатов бұл жолдың маңызы зор екенін айтты.

– Мұнда келушілер өте көп. Күн­де­лікті қаншама көлік қатынайды. Осы бағытта ірілі-ұсақты өндірістер де бар. Жолдың жайы көңіл көншітпейтін еді. Ақ шаңы көтеріліп жататын. Жақында жөндеу жұмысы басталғанда қуанып қалдық, – дейді ол.

Ал құрылыстың жайын бізге ау­мақ басшысы Марат Серкешбаев баян­дады. Жауапты маман жол жөндеу жұ­мыстарына тамыз айының басында кіріс­кенін айтты. Құрылысқа  60-қа жуық техника жұмылдырылған.

– Қазір М.Шоқай көшесінде күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Бей­барыс  Сұлтан тұйығынан  А.Айдосов көшесі аралығы бұрын екі жолақты болса, қазір төрт жолақты етіп кеңейтілуде. Оның 700 метрі төрт жолақты болса, 1300 метрі екі жолақты болады. Оң жақ бөлігіне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Оның ені екі метр. Сондай-ақ жарықтандыру жұмыстарын жүргі­зе­міз. Ескі бағаналардың бәрі де жа­ңаға ауыстырылады. Бұл жұмысқа 2 те­гістейтін техника, 3 бульдозер, 2  экс­каватор, 3 каток, 2 үлкен дөңгелекті көлік және тасымалға байланысты 12 жүк көлігі қамтылған. Шикізаттың бәрі де өзімізден. Тек құм аралас тас Шал­қиядан тасымалданады. Жұмыс та­ңертең 7-де басталып, кешкі 7-ге дейін жалғасады. Техниканың бәрі де соңғы үлгідегі, жаңа. Тыңғылықтың істің нәтижесінде межелі уақыттан бір ай бұрын тапсырамыз деп отырмыз. Осыған дейін біздің мекеме қаншама көшелер мен көпірлерді жөндеді. Са­пасы жақсы. Жол сапасын зерттеу орта­ғылығымен бірлесіп жұмыс істейміз, – дейді ол.

Жолдың жөнделгені жұртшылық­тың игілігі деген  Бақытбек Пазылбеков мекемеде оператор болып жұмыс іс­тейді. Әке жолын жалғаған ол трактор айдауды бала кезден бастапты.

– «Қыран» мекемесінде 19 жылдан бері еңбек етіп келемін. Мамандығым жол-көлік саласының қызметкерімін. Бастапқы кезде ауыр жүк көлігін ай­дадым. Қазір жол тегістейтін тех­ни­каны тізгіндеймін. Жолдың құры­лысы басталғанда алғы шепте тұра­мыз. Се­бебі ең бірінші топырақты тегіс­тей­тін осы құрылғы.

Көктемнен бастап тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Қазір қала көшелерінің сапасы әлдеқайда жақсарды. Техни­ка­ның да мүмкіндігі мол,  соңғы үл­гідегі. Мәселен, мен айдайтын көлік ав­томаттандырылған. Мекеменің тех­никалық базасы жаңарған. Сол себепті жұмыс өнімді, – дейді ол.

Расында, техника автоматтан­ды­рыл­ған, жұмыс күші толық болса іс­тің жанданары сөзсіз. Қарапайым жұмыс­шы азаматтардың арқасында қаншама көше күрделі, орташа жөндеуден өтіп, өңірдің келбеті жаңаруда. Ал жаңару сенімді бекемдей  береді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»