Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат

305

0

«Жастық шақ – ақылсыздықтың бір бөлшегі» делінеді хадисте. Ақыл тоқтата қоймаған бала кезде, жастық шақта, қателікке ұрынасың, кім көрінгенге еліктегің келеді, қысқасы, бағыт-бағдарыңды анықтау қиынға түседі. Әрине, ата-ана шамасы келгенше баласына тәрбие беруге күш салады, жақсы болғанын қалайды. Бірақ барлық ата-ананың бірдей тіршілік қамымен жүріп үнемі тәрбиеге көңіл бөліп отыруға мүмкіндігі бола бермейді ғой.

Мектепті де кінәлауға болмайды, баланың тәулік бойғы тәрбиесін мұғалімнің мойнына арта салу артық болар еді. Жеткіншекті де, үлкенді де қалыптастыратын үшінші бір тәрбие тетігі бар, ол – оның өз қалауымен, не қалауынсыз араласатын ортасы. Бұл да – тәрбиенің бір қайнар көзі. Әйгілі жазушы Лев Толстой: «адамды билейтін де, илейтін де ортасы» деп айтқан дейді. Сірә, рас та шығар.

Жастау кезімізде бәріміздің ата-аналарымыз көшеге шықсақ та, қонаққа барсақ та, танитын да, танымайтын да адамдармен сөйлесе қалсақ та, жалпы мүмкін болған жерлерде, «балам, ана біреулердің қасында тұрмашы, алыстау жүрші, аналарға жақын жүрші» деп ескерте жүретін еді ғой. Мүмкін ол кісілердікі де дұрыс шығар, «жақсыменен жанас, жаманнан адас» дегісі келген шығар.

1870 жылы дүниеге келген белгілі реалист-жазушы, аудармашы Александр Купринді анасы отбасы жағдайына байланысты пансионат-гимназияға береді. Онсыз да отбасы жағдайы дұрыс емес, ашқұрсақ, көзі қысыңқы, бойы аласа, өңі келіспеген 6 жасар баланың оқу үлгерімі өте нашар болған. Ұмытшақ, ойын жинақтай алмайтын, үсті-үстіне қателік жіберетін қорғансыз баланы үлкен де, кіші де шеттетіп, аяусыз жазалап отырыпты. Ол кезде гимназия коридорында ұрып-соғу қалыпты жағдай болған. Кейінірек елге белгілі жазушы болған кезінде А.Куприн өзі жазғандай, тәрбиеші ханым сабақ үстінде бала оған жақын келсе, тіксініп: «Әрі тұр, сенен торғайдың иісі шығады» дейді екен. Торғайдан қандай иіс шығады, оны кім білген, мүмкін осы бір өңсіз, сықпыты келіспеген байғұс балаға сәйкес жағымсыз иіс шығар. Одан соң адамдардың мейірімсіздігінен көңілі қалған, өмірден күдер үзген бала ешкімге керек болмай, төсек тартып жатып қалады. Бала солай жатып жантәсілім етер ме еді, қайтер еді, егер пансионатта кездейсоқ тексеріс болып, бұрынғы тәрбиеші-ханымның орнына басқа тәрбиеші келмегенде?

Жаңа тәрбиеші ешкім маңайына жоламай, елеусіз ғана бүрісіп жатқан баланың жанына келіп, ұйпа-тұйпа шашынан сипайды да, көтеріп құшағына қысады. Бала әдемі әтірдің иісінен есін жиып, сол күні-ақ аяғына тұрады. Тозығы жеткен көйлегінің жағасынан әдемі әтірдің иісі кетпей тұрып алады. Өзі де бірер күнде сауығып, көп балақайдың біріндей, әп-әдемі болып шыға келеді. Сабақты өте жақсы оқи бастайды, тәртібі де, ерік-жігері де, өмірге деген белсенділігі де бар баланың алдына шығады. Мейірімді, парасатты тәрбиеші ханымның жан жылуы баланың өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді.

 Негізі рухани да, сырттай да таза адамға мүмкіндігінше жақын жүруге тырысу керек-ау. Сол кезде өзіңнің де ішкі-сыртқы дүниеңде өзгеріс бола бастайды. Ол бәріне әсер етуі мүмкін – ақыл-ойыңа да, сырт келбетіңе де, ұстанымыңа да, тіпті денсаулығыңа да. Былайша айтқанда, «жақсы адаммен өткізген бір сағатың, жаманның өтіп кеткен өміріндей» дегендей ғой. Немесе «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» деп қорытындыласа да болғандай.

 Әлімжан ҚИЯС.

 Қазалы ауданы