Жақсының жолы

283

0

Фото: Автордан

Қазақтың сайын даласы – сан қилы тарихтың куәсі. Міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы таяп қалды. Бұл – бір халықтың тағдырын өзгерткен, ұрпаққа аманат болған ұлы күн. Сол бір отты жылдарда өмір мен өлімнің арасынан ел үшін, ұрпақ үшін өткен асыл жандардың жолы – бүгінгі біздің ерлік дастанымыз.

Бүгін ел басына күн туғанда қо­лына қару алған, бейбіт күн ор­нағанда сөзін салмақпен айтып, жол көрсеткен, ақылымен ар­дақ­­талған, өнегесімен ұрпаққа шам­­шырақ болған жанды еске ала­мыз. Оның жүріп өткен жолы – жақсының жолы. Бұл – қиын­дыққа мойымай, әділдік пен парасат­ты­лыққа негізделген өмір жолы.

Ұлы Отан соғысы ардагері Тәнеш Оразов 1923 жылы 23 ақ­панда Сырдария ауданының «Шір­кейлі» ауылында туған. Жеті­жыл­­дық мектепті бітірген соң Қы­зыл­­орда педагогикалық учи­ли­щесіне келіп оқыды.

1941 жылы 16 желтоқсанда май­данға аттанып, танкіге қарсы бригадаға взвод командир болып тағайындаған. Ашхабадтағы жаяу әскер училищесіне түсіп, лейтенант атағын алып, Түркменстан ар­қылы Каспий теңізімен Аст­ра­ханьға келіп Сталинград майданына қатысқан, ерен ерлік үлгісін көрсеткен.

1943 жылдың мамыр айы­на дейін алған жарақатынан емделіп, Ташкентке САВО-ның кадр бөліміне жібе­рілген. Сол жерден Тереңөзек ауданына әскери комиссариаттың екінші бөлім бастығы кейін, Арал әскери комиссариатына бірінші бөлім бастығы етіп тағайындады. Денсаулығына байланысты армиядан босатылып, бір жылдай Аралда еңбек етті.

Соғыстан кейінгі жылдары об­лысымыздың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына ерекше үлесін қосты. Мәскеу жоғары сауда мек­тебін бітіріп, сауда, құрылыс саласында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, нәтижелі ең­бегінің арқасында мем­лекеттік наградалармен марапат­талды.

Сталингард қаласындағы алты айға созылған соғыста көрсеткен ерлігі үшін «За отвагу», «За оборону Сталинграда» медальдарын иеленді. Соғыстан кейін аудандық және облыстық тұтынушылар ода­ғы мекемесінің бөлім бастығы, облыстық сауда базасының дирек­торы, «Главриссовхозстрой» ме­ке­­месінің бастығы болды. Қы­зыл­ор­да қаласындағы «ОРСНОД» ме­кемесінің бастығы қыз­метін абы­­роймен атқарып, сауда са­ла­­сының үздігі атанды. І дәре­же­лі «Отан соғысы» ордені, Ұлы Же­ңістің мерекелік медальдары­мен марапатталған. «Құрмет» ор­де­ні­нің иегері.

Соғыстан келгеннен кейін Ерниязқызы Бибігүл әпкем екеуі шаңырақ көтерді. Апам жайсаң, жүрегі жомарт, әр сәтте ақылшысы болды. Балаларын өсіріп, жеткізіп жоғары білім алуына жағдай жасады. 1986 жылдан бастап облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, 3 ұл, 2 қыз, 10 немере тәрбиелеп өсі­ріп, ардақты ата, қадірлі әке атан­ды. Бүгінде ұрпағы атаның атын ар­дақ­тап, ерлік дәстүрін жалғас­ты­рып келеді.

Мен ол кісінің қолында бес жылдай тұрдым. Ақыл-кеңесін бе­ріп, оқытып тәрбиеледі. Көп нәр­сені үйрендім, білімі мол, көргені көп. Кітапты өмірден өткенше жансерік етті.

«Қала қолдан-қолға өтіп қанды қырғын шайқастар жүріп жатқан кез еді. Қару-жарақ жетіспейді, оқ-дәрі аз, өлген жауынгердің қаруын алып, жауға қарсы соғыстық. Шығын көп, бірақ шегінбедік. Сталинград шайқасында 2 миллионнан астам адам құрбан болып, бұрын-соңды болып көрмеген қан­ды шайқаста жеңіске жеттік. Фе­льд­маршал Паулюс қалған әс­керімен тұтқынға алынды. Осы зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. Жау өлгені, жараланғаны, тұтқындағаны бар, 1,5 млн-ға жуық солдат пен офицерінен, 32 дивизиясынан және үш бригадасынан айырылды. Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстағы бет­бұрыстың басталуына негіз қа­лады, басты шайқастардың бірі болды. Бұл соғыс тарихы әлі талай жазылады, ашылмаған көп құпия жетерлік» деп отыратын дастарқан басында.

Тәнеш көкем 97 жасқа қарағанда дүниеден өтті. Дөңгеленген дүние жүйткіп жатыр. Ел үшін, туған жері үшін еңбек еткен абыз ақсақалды есте сақтау үшін келешекте қа­ла­ның бір көшесіне есімі берілсе ұлағатты іс болар еді. Халқына үл­гілі іс қалдырған тұлғалы аза­матқа бұл лайық құрмет.

Қуандық АХМЕТҰЛЫ,

 ҚР құрметті спорт қайраткері