Сыр елінің ардақты азаматы, білім саласының ардагері, өнегелі әулеттің ақылшысы, отбасының тірегі, перзенттерінің қамқоршысы әрі қолдаушысы, немерелерінің сүйікті атасы, ағайын-туыс, жақын-жуықтың жанашыры, құда-жекжаттың сыйлысы болған асыл ағамыз, қимас бауырымыз Көпбаев Қалмырза Мәселбекұлы қасиетті Рамазан айының жұма күні 78 жасында өмірден өтті.
Жақын адамдар Қалекеңді жоқтап, ертелі-кеш, күндіз-түні «бауырымдап» келіп жатыр. Өзі жайсыз хабар естіген бойда қайғылы жерге барып, көңілін білдіретін. Қайғылы қазаға жұбату айту үшін жан-жақтан ағылған жұртшылыққа алғысымыз шексіз.
Текті әулеттің ұрпағы Көпбаев Қалмырза 1948 жылы Қызылорда қаласында дәулетті отбасында дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы №4 мектепті бітіріп, сол жылы қаладағы Н.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытушысы» мамандығына оқуға түсті. Гүлнармен бас қосып, оқуын тәмамдады. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №3 кешкі орта мектебінде мұғалім болып бастайды.
Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес қадір-қасиеті бар» деп бекер айтпаған. Ағайдың дене бітімі ерекше, орта бойлы, тұлғасы сымбатты, сәнді, жарасымды киінетін. Жаратылысы бөлек, жаны жайсаң, кісілігі, парасаттылығы, тектілігі сезіліп, көзінен мейірім төгіліп тұратын.
Білікті ұстаз қарапайым, кішіпейіл, сабырлы, дауыс көтермейтін сыпайы, байсалды еді. Әр шешімді саралап қарауды өмірлік қағидасына айналдырды. Қазақта «Күнің барда күліп жүр» дегендей ағамыз ешкімге кек сақтамайтын, ренжімейтін, алаламайтын таза ойлы, қанағатшыл, кісі туралы келеңсіз сөз айтуды қаламайтын да, тыңдамайтын да, үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетін. Жас ұрпаққа білім нәрін құйып, өнегелі етіп тәрбиелеуге қомақты үлесін қосты. Әріптестер арасында лайықты бедел мен абыройға ие болды.
Үш жылдан кейін оның қызметі жоғарылап қаладағы Ворошилов атындағы №3 орта мектептің оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып ауыстырылды. Тынымсыз еңбек ете жүріп білім-біліктілігімен, жоғары мәдениеттімен, әділдігімен әр іске жауапкершілікпен қарап, әріптестерінің, шәкірттерінің құрмет-сыйына бөленді. Сол кездегі мектеп оқушылары, қазіргі орта жастағы шәкірттері бұл күндері ұстазын ерекше еске алады. Мектептің жоғары сынып оқушылары бір-бірімен тіл табыса алмай керісіп қалса, екі жақты тыңдап, тез арада келістіретін. Осыдан кейін оқушылар ағай келе жатса үнсіз отырып, өзара татуласуды әдетке айналдырады. Тез арада екі жақ шегініп, келісімге келеді екен. Ғажайып, не деген дипломатиялық шешім!
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Көпбаев Қалмырза ағамыз отанасы Серікбаева Гүлнармен Астана қаласына қоныс аударды. Бірге Л.Гумилев университетінде еңбек жолын жалғастырды. Бастапқыда екеуі ұстаздық қызметке қабылданды. Кейін Қалекең университеттің тәрбие және шаруашылық саласының орынбасары лауазымына тағайындалып, абыройлы қызмет атқарды. Түлектерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар сүйікті жары Гүлнармен бірге өз балалары мен немерелерін білім алуға, еңбекке баулыды. Балалары ер жетіп, еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында алған мамандықтарымен әр салада әке салған даңғыл жолмен жүріп, халыққа адал қызмет жасауда.
Ағамыз ғибратты ғұмырында артында өшпес із қалдырды. Жемісті еңбек жасап, бейнеттің зейнетін де көрді. Өз ортасында қадірменді болды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Берекесі, бірлігі, татулығы мол құда-құдағи тауып, немере сүйді. Оның атқарған еңбегі лайықты бағасын алды. Білім министрлігі, облыстық, қалалық білім басқармасы тарапынан Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Әулеттің ардақты тұлғасына айналған Қалмырза ағайдың мерейін асқақтатқан Құдай қосқан қосағы Гүлнар екені айтпаса да түсінікті. Екеуі ынтымағы жарасқан отбасын құрып, бір шаңырақ астында мағыналы ғұмыр кешіп, дүниеге ұл мен қыз әкеліп, өнегелі тәрбиесін берді. Артында үлгілі ұрпағы барда, Қалекеңнің есімі ұмытылмақ емес.
Амал бар ма, осындай асылымыз бүгінде ортамызда жоқтығы жанымызға батады. Қайтеміз қолдан келер шара бар ма?
Міне, әп-сәтте қымбатты асылымыздан айырылғанымызға да 40 күндей уақыт өтіпті. Абзал жанның көз алдымыздағы бейнесі көңіліміздің төріне көшті. Уақыт өткен сайын біздің оған деген сағынышымыз арта түскендей болады, аңсаймыз, іздейміз. Тағдырдың ісіне амалымыз бар ма? «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, ардақты ағамыз Көпбаев Қалмырза Мәселбекұлының қырық күндік асы осы жылдың 6 сәуір күні түскі сағат 13.00-де Қызылорда қаласы Саламатов көшесіндегі 15 б мекенжайында орналасқан «AL Quat» мейрамханасында өтетінін барша ағайын-туыс, бауырлар, құда-жекжат, көршілер, жолдастары мен әріптестеріне хабарлаймыз. Жатқан жері жарық, мәңгілік мекені жұмақ болсын.
Сағынып ағаны жылаймыз,
Бермесін Алла уайым.
Артында қалған ұл-қызға,
Амандық берсін Құдайым.
Әлмағанбет ТАҢСЫҚБАЕВ





