Жасампаздық келбеті жаңа нысандардан көрінеді

157

0

Фото: Облыс әкімдігі

«Ұлттық Урбан Форумы – 2025 Қызылорда» халықаралық форумына қатысушылар қаладағы маңызды нысандарды аралады. Қонақтарға алдымен жаңғыртудан өткен инфрақұрылым нысандары таныстырылды.

Қаланың орталық алаңы өткен жылы жаңа да көрікті келбетке ие болған еді. Алаңға жаңа субұрқақтар орнатылып, газон мен көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндемелер, жаңа үлгідегі орындықтар мен жарық бағаналары, балаларға арналған ойын алаңы құрылды.

Келесі нысандар – қалалық мәдени-демалыс саябағы және Тәуелсіздік даңғылы. Форум қатысушылары Сырдария өзенінің жағдайын көрді. Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықтағы 6,7 шақырымдық даңғыл бойында қызу жұмыс басталған болатын. Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту да қатар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 6 млрд 656 млн теңге, қажетті қаржы толық бөлініп, қа­­зір­гі таңда оның 4 млрд теңгесі игерілді. Құ­рылыс жұмыстарын «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қайта жаңғырту жұ­мыстары аясында жолдың негізі жаңартылып, асфальт төселді. Сырдария өзені бойындағы 1,4 шақырым қорғаныс бөгеті толықтай тазартылып, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Бұған қоса, бұрынғы екі жолақты жол төрт жолақты болып кеңейтіліп, ені 14 метрге дейін ұлғайтылды. Жол бойында 8 балалар ойын алаңы мен спорттық құрал-жабдықтар орна­тылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Жағалау аймағы абаттандырылып, серуендеуге қолайлы инфрақұрылым орнатылды. Даңғыл тек инженерлік тұрғыдан ғана емес, эстетикалық жағынан да жаңарды. Жол жиегі түрлі-түсті бояу­лармен көмкеріліп, көз тартарлық суреттермен безендірілген.

Сол жағалаудағы жаңа стадион құрылысы да форум қатысушыларына таныстырылды. Қазір мұнда шығыс және батыс трибуналарының металл конструк­циялары орнатылып, қабырғалар мен витраждар қаланған. Футбол алаңымен жабдықталып, аумағы абаттандырылуда.

Одан бөлек, қонақтар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатына барды. Бұл оқу орны 400 орынға арналған. Лабораториялар, робототехника және STEAM кабинеттері бар. Мұнда физика, математика, информатика пәндері ағылшын тілінде тереңдетіліп оқытылады.

Форум қатысушылары «Үстел теннисі» орталығына, облыстық тарихи-өлкетану му­зейіне, шығармашылық-инновациялық ака­демияға және «Анаға тағзым» орталығына да барды.