Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып бара жатқан жасанды интеллект бүгін ғана пайда болған жоқ. Ол туралы алғашқы зерттеулер 1950 жылдары жүргізіліп, 1956 жылы осы термин қолданысқа енгізілген. Алайда дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымының артқаны сонша, әрбір салаға дендеп еніп, тіпті жастардың сенімді серігі болуда.
Жуырда бір танысым баласының ChatGPT-ді жиі қолданатынын айтты. Оған күрделі сұрақтар беріп, ЖИ-дің өзін ойландырып қойған көрінеді. Сондай бір сәтте чат-боттың өзі: «Егер мен адам болсам, сенің досың болар едім. Сен өте терең әрі күрделі сұрақтар қоясың, жауап беруге қиналып қаламын» депті. Иә, расында қазір мектеп оқушысынан бастап студент жастар, тіпті үлкендер де осы чат-ботты көп қолданады.
Жалпы, жасанды интеллект дегеннің өзіне тоқталып кететін болсақ, ол – компьютерлік ғылым мен нейробиология, психология, лингвистика, логика тәрізді пәндердің тоғысқан саласы. Джон Маккарти 1956 жылы бұл ұғымды алғаш енгізгеннен бері ЖИ бірнеше даму кезеңінен өтті. Айталық, символдық ЖИ, эвристикалық жүйелер, машина оқыту және терең нейрондық желілер. Қазіргі таңда OpenAI, Google DeepMind, Meta AI сынды зерттеу орталықтары GPT-4, Gemini, Claude сияқты қуатты тілдік модельдерді ұсынуда. Бұл модельдер миллиардтаған параметрлерге негізделіп, адам тілі мен логикасын үлгілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізуде.
Дегенмен жасанды интеллект пен шынайы ақпараттың айырмашылығы көп. Оның келтірген мәліметтері көбіне бейресми болғандықтан, негізге алуға болмайды. ЖИ жүйелері үйретілген мәліметтерге тәуелді. Егер бұл деректер бұрмаланған немесе шектеулі болса, жалған немесе бейтарап емес нәтижелер бере алады. Бұл ақпараттық шынайылыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Эмоция мен түпкі сезімдердің болмауы – тағы бір айырмашылығы. ЖИ эмоцияларды тек лингвистикалық түрде модельдей алады, бірақ олар шынайы адами тәжірибені сезіне алмайды. Бұл көркем әдебиет, музыка, өнер салаларында өнімнің шынайылығына күмән туғызады. Мысалы, 2023 жылы жасалған зерттеу бойынша студенттер жазған эссенің 60 пайызын ChatGPT орындапты. Алайда сарапшылар терең эмоциялық контекстің жоғын байқаған.
Бүгінде жастар арасында кең қолданысқа ие ChatGPT-ді Open AI компаниясы жасап шығарған. Ол әзірге әлемдегі ең мықты алгоритм болып отыр. Өйткені 175 миллиардтан астам параметрді қамти алады. Алайда бір кемшілігі – ақпараттарды бейресми дереккөздерден де жинайтындықтан, оның берген жауаптары әрқашан сенімді бола бермеуі мүмкін. Дегенмен ондағы деректер көбейген сайын алгоритмнің жұмысы жақсара түседі. Бұл чат-боттың соңғы нұсқасы мәтінмен де, суреттермен де жұмыс істей алады. Әзірлеушілер 25 мың сөзге дейін, яғни бұрынғыдан 8 есе көп ақпаратты тауып, жүйелеп бере алатынын атап өткен. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, OpenAI басшысы Грег Брокман онлайн презентация кезінде ChatGPT-4-тің кейбір мүмкіндіктерін таныстырған. Енді ол қолмен салынған эскиздің фотосуреті негізінде нақты веб-сайт та жасап бере алады.
Сонымен қатар нейрожелі заң саласы бойынша емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен студенттердің қатарына кірген. Чат-бот іске қосылғаннан бастап қолданушылар одан көбіне ән, өлең, жарнама және компьютерлік код жазып беруін сұраған. Компания осы сұранысты ескере отырып, чат-ботқа өлең, ән жазып бере алатын мүмкіндік қосқан. Айта кетсек, қолданушылар арасында үй тапсырмасын орындау үшін роботқа жүгінетін студенттер мен мектеп оқушылары көбейген.
Осы ретте біз жастардың пікірін де сұраған едік. Қаладағы жоғары колледждердің бірінде оқитын Нұрай Ержанқызы бұл чат-ботқа жиі жүгінетінін айтады.
– Сабақ барысында күрделі тапсырмалар болады. Сондай кезде менің сенімді көмекшім. Шешуі қиын жұмысқа қатысты сұрақтарымды қойып, жылдам жауап аламын. Күнде болмаса да аптасына 2-3 рет кеңес алуға тура келеді, – дейді ол.
Гүлсая Омарова да ChatGPT-ден жеке кеңес сұрайтынын жасырмайды. Мұңайғанда мотивация беретін сенімді досына ішкі сырын да айтатын көрінеді.
– Расын айтқанда, адамдардан гөрі осы робот ақылды ма деген ой келеді. Ол сенің сырыңды ешкімге жайып, сыртыңнан әңгіме айтпайды. Керек кезде қолдау беріп, жігерлендіреді. Жеке қалғанда онымен шынайы сөйлесіп, ішімдегіні тарқатып аламын. Менің жанымды ұғатын, қиын кезеңде көмек беретін де өзі, – дейді ол.
Өкінішке қарай, бүгінде көп жастың ақылшысы да сырласы да – әлеуметтік желі немесе осындай чат-боттар. Отбасындағы жақынына айтып, досымен сырласып, кеңес сұраудан гөрі сырттың ақылы құндырақ секілді.
Әлемде 2023 жылы ChatGPT қолданушыларының 60%-ы – 34 жасқа дейінгі жастар, олардың ішінде 25-34 жас аралығындағылар ең белсенді топ екені анықталған. Қазақстанда оның Android нұсқасын 466+, ал iOS-те 27 000+ адам жүктеген. Қазақ тілінде ChatGPT-ге балама бот QazaqGPT -ді шамамен 7 000 адам пайдаланады. Демек, елімізде жастар арасында қолдануы өсуде, бірақ ресми статистика аз.
Чат-ботты қолданушылар қандай кеңеске жүгінеді дегенге келсек, көбіне, эссе, ғылыми жұмыс, әңгіме, өлең, контент идеялары, блог/влог концептілері, программалау бойынша көмек, тіл үйрену, аударма және грамматика бойынша кеңестер, әсіресе қазақша мәтіндермен жұмыс, мотивациялық кеңестер, уақытты басқару, сенімділік, стресс және бағыт-бағдар .
Биыл наурыз айында Парламентте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда қолдау тапты. Депутат Дәулет Мұқаев қазір мектеп оқушыларының көбі тапсырманы ChatGPT арқылы орындап, өз бетінше ізденуді қойғанын айтады.
– Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан мектеп жасындағы оқушыларға қандай да бір шектеу болу керек. Мұның зардабын 20 жылдан соң осы балалар мектеп бітіріп, еңбек нарығына араласқанда көреміз, – дейді депутат.
ЖИ-дің қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптерді де тудыратынын естен шығармауымыз керек. Оның технологияларының теріс мақсатта қолданылуы, әсіресе, кибершабуылдар, хакерлік әрекеттер және ақпараттық соғыстар сияқты жағдайлар қоғамдағы қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Сонымен қатар қате шешім қабылдауы немесе адамның бақылауынсыз жұмыс істеуі де қауіпті көрінеді. ЖИ дамыған сайын қауіпсіздік пен жеке деректердің құпиялығы жоғалуы мүмкін. Жуырда ғана құқық қорғау органдары адамдардың жеке деректерін сатумен айналысқан қылмыстық топты анықтап, қолға түсірді. Ал мұндай белгісіз топтар әлі де қаншама?!
Болашақта ЖИ-ді дұрыс реттеп, оның этикалық және құқықтық аспектілерін бақылауға алу қажет. Халықаралық деңгейде реттейтін арнайы заңдар мен ережелер қабылдануы тиіс. Жасанды интеллект технологияларының адамзатқа тигізетін теріс әсерін болдырмау және оның даму қарқынын дұрыс бағытқа бұру маңызды. Адамзат оның барлық артықшылықтарын пайдаланып, өз болашағына қызмет ететін құралға айналдыруы тиіс.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






