ЖАСТАР ҚАНАТЫ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІНДЕ

549

0

ЖАСТАР ҚАНАТЫ  ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІНДЕ Елімізде осыдан он сегіз жыл бұрын еріктілер ұйымы жұмысын бастады. Бүгінде ол – барша жастың басын қосқан ауқымды саяси ұйым.  Көшбасшы жас, креативті идея да осында. Иә, бүгінде «Жас Отан» Жастар қанаты сәтті бастамалар алаңына айналды. Биыл жастар қозғалысында елеулі өзгерістер орын алып, әсіресе, жаңа форматта өткен «Жас Отанның» IV съезіне қатысқандар саны артты. Дәл қазір жастар қанатында жаңғыру кезеңі. Бұл тақырып турасында «Жас Отан» Жастар қанаты хатшылығының басшысы Дәулет Кәрібекпен әңгімелесіп, сөз тарқаттық.

– Биыл «Жас Отанның» бұрынғы жүйесі өзгеріп, жұ­мыс үш бағытта жүзеге асатын болды. Тіпті, орталық кең­се «Open spase» форматына да көшіп үлгерді. Дәулет, бұл өз­герістердің ұтымды тұсы қан­дай?

– Елдің басым бөлігі жаңа дүние бастау үшін батысқа елеңдейтіні, солардың тәжіри­бесіне сүйенетіні белгілі. Ал біз «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыру кезеңінде бұрынғы ұйымдастыру, ақпараттандыру секілді бөлімдерді жаңаша атаулармен атай бастадық. Екінші ұстаз әл-Фараби «Қайырымды қала» туралы кітабында былай дейді: «Адамның денесінде ешбір мүшесіне бағынбайтын жүрек деген мүше болады. Сол жүректен басқа мүшелердің бәріне ми ғана әмірін жүргізеді. Егер осы екеуі қатар дамитын болса, адам бойында ізеттілік пен тапқырлық сынды қасиеттер пайда болады» дейді. Сондықтан партиялық, жастар жобаларын ұйымдастыратын бағытты «Жүрек» деп атадық. Себебі жүрек орындалу, орындалмау мүмкіндігіне қарамастан, үлкен сеніммен мықты жобаларды алып шыға алады.

 Қазақ миды ауызекі тілде «сана» деп атаған. Бізде «Сана» бағыты пиарға, SMM бағытына жауап береді. Қазір адамдар SMM бағытын пиар деп ойлайды. Анығында, бірі – қоғаммен байланыс болса, бірі – істелген жұмысты сата білу. Өзіміздің идеологиялық өнімді өткізе алу. Сондай-ақ, «Сана» жастарға мотивация беретін жобалармен айналысады.

Бүгінде «Жас Отан» Жастар қанатының республика бойынша 164 мың мүшесі, мұнан өзге облыс, аудандарда мәслихат де­пу­таттары бар. Аймақтағы жоба­ларды ұйымдастырумен «Да­му» бағыты айналысады.

Ал «Open spase» – ашық алаң­қай деген мағынаны біл­діреді. Орталық кеңседе каби­неттерге бөліп тұратын қабыр­ғалар алынып, ұйым төр­ағасынан бастап барлық қыз­меткер үлкен залда отыруға жағдай жасалған. Тіпті, бұл жерді әзілдеп «Қазақстанның гуглы» деп те атаймыз, небір жаңа идеялар осында жарыққа шығады. Алғаш еріктілер ұйымы ретінде құрылған «Жас Отан» жас­тар қанаты қазір өзіндік бастамаларымен белгілі. Он сегіз жыл ішінде «Сәтті қадам», «Дип­ломмен – ауылға!», «Жас­тар кадрлық резерві» секілді жас­тардың әлеуметтік жобалары дү­ниеге келді. Сол дүниелерді жаң­ғырту мақсатында 2015 жы­лы «Жас Отан» ребрендинг кезеңінен өтті. Енді келесі кезең – қайта жаңғыру, рухани байлығымызды түгелдеуді жал­ғас­тыру.

 – Биыл «Жастар – Отанға!» саяси лагерінің өткізіліп келе жатқанына 10 жыл толыпты. Лагерьді ұйымдастыруда жылдағыдан өзгешелік болды ма? 

– Бізде «табыс траекториясы» деген ұғым бар. Себебі, лагерьді тек «Жас Отан­ның» ғана емес, ел жастарының идеясы тоғысатын алаңқайы деп атауға болады. Партиялық жобалар бастауын осындай кездесулерден алады. Әрине, бұл жолы да әрбір кездесуді, тренд-сессия, тренингтерді сұранысқа сәйкес етіп ұйымдастыруға ты­рыстық. Тіпті көшбасшы жастар бойларына байқамай сіңірген білімін жаңа деңгейде басқаларға бере білсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны.

– Биыл съезде Орталық кеңеске Алматы қаласынан «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сайлан­ған­да қоғам пікірі екіге жарылды. Бұл шешім арқылы нені көздедіңіздер, нәтижесі қандай болмақ? 

– Иә, биыл алғаш рет 16-29 жас аралығындағы жастарды «Жас Отанның» орталық кеңесіне мүшелікке сайлауға ашық конкурс жариялаған болатынбыз. Алдымен, олардың өзі сайлауға түсуге ниет білдіргенін айта кету керек. Сондықтан олар­дың конкурсқа қатысу ту­ралы өтінішін алып тастай ал­маймыз. Өйткені, Дәулет конс­титуциялық құқығын пай­да­ланды және үлкен айыр­ма­шылық, басым дауыспен жеңіп шықты.  Бұл оның өз аудиториясы бар екенін және белгілі бір жастар арасындағы әлеуметтік топтың атынан сайлауға түсе алатын тұлға екенін көрсетті деп айтуға болады. Екіншіден, ол балалар – біздің елдің азаматтары. Қандай да болса, олармен жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Біреудің шашы боялғанына қар­сы топ, ертең әлдекімнің нә­сіліне қатысты да сөз қозғауы мүмкін. Сондықтан оларды толе­ранттылыққа шақы­ру қажет.

Сол съезде аяғынан айырылса да, Әлем чемпионы атанған Серік Исматов, шетелде оқып келіп, ауылында мұғалім болып жұмыс істеген жігіттер, Астанаға келіп «Тұлпар-Тальгоны» басқарған Дана, ұшақ тізгіндеген егіз жас жігіт болды. Елдің басым бөлігі сондай жетістікке жеткен адамдарды емес, жаппай «Ninety One» тобын айтуының өзі сая­си мәдениетінің төмендігін көрсетті деуге болады.

Егер «Ninety One» ұнамайды» деп оның құқығын, тағы біріне кінә тағып, оның да құқығын шектесек, біз кіммен жұмыс істейміз? Біле білсек, олардың 1,5 миллиондай аудиториясы бар. Сондай үлкен аудиторияға өз өнімін сатып жүр. Айта кету керек, Америкада жыл сайын футбол өтеді. Сол жерде адамдар Дженнифер Лопес, Бейонсе секілді адамдарға дауыс беріп, таңдау жасайды. Бір қызығы, соңғы сайлауларда Дженнифер емес, Q-pop өкілдері жеңіске жетті. Егер 5-10 жылдан кейін қазаққа Q-pop келетін болса, ол енді америкалық не кореялық түрде келмейді, қазақстандық Q-pop түрінде және таза қазақ тілінде келеді.

Ескеру керек, Қазақстанда бі­рінші рет «Telegram» желісі ар­қылы онлайн-сайлау өтті. «Telegram» –  ең сенімді, бұзыл­майтын желі. Сондықтан біз сайлауға түсіп жатқан жас­тар­дың ешқайсысының да мүмкін­дігін шектей алмаймыз.

– Қазір «рухани жаңғыру» атын жамылған шара көп. Байқасақ, көпшілігі жылда өтетін дәстүрлі шараны  да рухани жаңғыру мақсатында деп ұйымдастыра салады. Сіз рухани жаңғыру дегенді қалай түсінесіз? Бұл ретте қандай жаңа форматтағы шара қажет деп ойлайсыз? 

– Бұл туралы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» ма­қа­ласында айтылды. Ол сана­ның ашықтығы, бәсекеге қабілет­тілік, прагматизм, Қазақстанның революциялық емес, эволюция­лық дамуы. Жаңғыру әлемнің дамуына ілесіп өзімізді жоғал­тып алмауымыз үшін өте өзек­ті. Рухани жаңғыру – өзіңді із­деу. Көп жақсылық жасаған көркем мінезді жандарды тану, туған жердің тарихына үңілу, табиғаттың ғажап жаратылысын тани білу. Көп адамдар туған елінің тарихын білмесе де, Марвидің геройларын жатқа айтуы мүмкін. Олар не Алпамысты, не Жиембетті ажырата алмайды.

Сондай-ақ, қымызды ұнтақ түрінде ұсыну, қазыны вакуумде ұзақ уақыт сақтаудың жолын табу секілді істер де рухани жаңғыру аясындағы аса маңызды қадам.  Бүгінде «Нұр Отан» партиясы бағдарламасы аясында дәстүрлі кітапхананы жаңғырту, ағылшын тілін үйрету жұмыстары қарқын алды. Бұл да рухани жаңғырудың жемісі. Жастар үшін «үшінші орын» кітапхана болуы қажет. Айталық, үй мен оқу орнының арасындағы не үй мен жұмыс арасындағы. Кітапхана олардың тек кітап оқитын орнына емес, пікір алмасып, ой бөлісетін қызықты алаңына айналуы қажет.

– Қазір жастар шоу-бизнес өкілдеріне еліктейтіні рас. Бұрын аға буын Юрий Гагарин, Жақсылық Үшкемпіров сынды тұлғаларды үлгі тұтыпты. Қазіргі уақытта жастар кімді тұлға санауы керек деп ойлайсыз? Әлде біреуді идеал етудің керегі жоқ па?

– Елбасының идеясын қолда­ғандықтан, жас­тар Елбасы­ға еліктеуі керек деп есептеймін. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» жо­басының да жеңім­паздары үлгі етуге тұрарлық. Бұрын қазақта ел дегенде елгезек, атымтай жо­март батырлар көп болған. Сон­дықтан қазақ баласының әр­қайсысы батыр болуға ты­рысқан. Халық құрметтеген тұл­­ғаны үлгі тұту дұрыс, адам екінші нұсқаға еліктеу арқылы ғана өзін жетілдіре алады. Абай хәкім «Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» демей ме? Ендеше, жақсыларға еліктей жүріп, өз дара жолыңды табу – өмірдегі аса маңызды міндет.

– Сұхбат үшін рахмет!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<