«Жастар театры» – төл өнердің жаңа тынысы

12

0

Театр – бар өнердің тоғысқан жері. Онда шығармашылық образдардың шынайы бет-бейнесі бар. Сезім бар, сезіну бар. Бір сөзбен айтқанда, көрермен көңілін күпті еткен өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция.

Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қызылорда қалалық «Жастар театры» шаңырақ көтерді. Осы уақыт ішінде театр өңірге ғана емес, ел аумағына танылды.

Театр «Қызылорда Теміржолшылар клубы» ғимаратына орналасып, дербес шы­­ғар­машылық ұжым қалыптасты. Бү­гінде ұжымда елуден аса қызметкер еңбек етеді. Репертуарында әртүрлі жанрдағы 15 қойылым бар. Оның үшеуі балалар аудиториясына негізделсе, қал­ғаны жастар мен ересектерге арналған. Спектакльдер жыл көле­мінде 65 мәрте сахналанып, 10 мыңнан аса көрерменді қамтыды. Сондай-ақ театр труппасы жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық маңызы бар мәдени-көпшілік іс-шараларда театрландырылған прологтар ұсынып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүр.  Жалпы айтқанда, жастардың шығармашылық ортасы тәжіри­бесін толықтырып, тың тақырыптарға қалам тартып, ерекше ізденіспен еңбек етіп келеді.

Сәл шегініс жасайық, осыдан тура жиырма жыл бұрын, яғни, 1996 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдауына шақырды. Сол жерде менің өнер саласында атқарып жүрген жұмыстарымнан хабардар екенін айтып, облыс орталығына қызметке келуге ұсыныс айтты. Мен ол уақытта Арал ауданында мәдениет үйінің меңгерушісі едім. Ойланыңқырап қалдым, өйткені ең басты мәселе баспана болатын. Дегенмен, ол мәселенің шешілетінін айтты. Осылайша облыс басшысының қолдауымен басты мәселе де шешімін тауып,  аймақтың өнер саласына араласып кеттім. Облыстық халық шығармашылығы орталығында, Н.Бекежанов атындағы драма театрда қызмет атқардым. Өңір мәдениеті саласындағы көп жылғы тәжірибемді жинақтай келе жастардың театрға деген қызығушылығын арттырып, өнердің қайнаған ортасына тартуды ойладым.

«Жастар театры» – төл өнердің жаңа тынысы

Көп ұзамай, дәлірек айтқанда, 2016 жылдан бастап қалалық мә­дениет бөлімі жанындағы үйірме жұмысын қолға алдық. Сол уақыт­тан бері осы үйірмеге режиссер, сценарист ретінде жетекшілік еттім. Талантты жастарды тауып, оларды түрлі мерекелік іс-шаралардағы сах­налық қойылымдарға тарта оты­рып, өнерге баулып, қабілетін шыңдауға көңіл бөлдік.

Арада бірнеше жыл өтті. Сол уақыттағы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, алға­шында үйірмеден басталған шы­ғар­машылық орта өз бағытына сай кәсіби ұжымға айналды. Енді алдымызда дербес театр ашу мәселесі тұрған еді.

Шығармашылық ұжымның бас­тапқы кезінен бастап, қалай қа­лыптасқанын жақсы білетін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы бір қабылдауында менен «Жастар театрын» құру жөнінде пікірімді сұрады. Әрине, өте қажет екенін, өзге өңірлерде де осындай жас театр­лардың бар екенін айттым. Себебі, уақытпен бірге өсіп, шың­далып қалған шығармашылық топ­тың келешегіне зор сенім арттым.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бір жыл бұрын қалалық «Жас­тар театры» өз алдына шаңырақ кө­терді. Шағын ұжымның үздік­сіз ізденісі, талпынысы мен тал­ғам дең­гейі өзіндік нәтижесін көр­сет­ті. Айталық, актерлердің шы­ғар­ма­шылығы шыңдалып, ал театр ре­пертуары жаңа деңгейге көтеріл­генін байқауға болады.

«Жастар театры» – төл өнердің жаңа тынысы

Жыл көлемінде атқарылған жұ­мысты сараласақ, қол жеткізген же­тістіктер көңіл қуантарлықтай. Ай­талық, театр 2024-2025 жылдар аралығында көрермен наза­рына жеті премьера ұсынды. Оның бесеуі қалалық бюджеттен, қал­ған екі қойылым  жергілікті кә­сіп­кер­лердің қолдауымен және театр­дың  ақылы қызмет есебінен жүзеге асырылды.

Жазушы Т.Әбдіктің әңгімесінің желісімен жас драматург Н.Бай­маханның инсценровкасы бойын­ша сахналанған «Оң қол» психо­ло­гиялық драмасы өте әсерлі қо­йылымның бірі болды. Әдеттегі қа­лыптасқан ұғым бойынша спек­такльдің жетістігі көрерменнің көп болуына байланысты. Осы тұр­ғы­дан қарасақ, «Оң қол» қойылымы бір айда 4 рет сахналанып, әрбір сеанс аншлаг болып өтті.

Өткен жылы осы уақытта Ха­лықаралық театр күні мерекесі аясында «Жастар театры» теат­ры­ның актері, жас драматург Н.Бай­маханның «Сезімді қайте­йін…?» атты музыкалық-лири­калық қойы­лымының премьерасы Б.Ах­мед­тің режиссерлігімен сахналанды. Музыкалық және поэзиялық диа­логтар үйлесімін тапқан, махаб­батқа толы қойылым жастар ара­сында үлкен сұранысқа ие болып, аймақ көлеміндегі бірнеше гаст­рольдік сапарларда көрермен назарына ұсынылғанын атап өткеніміз жөн.

Ақпарат көздерінен белгілі, тұң­ғыш қазақ театры 1926  жылы қасиетті Сыр топырағында М.Әуез­овтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылған. Ал араға бір ғасырға жуық уақыт салып, «Жастар театры» «Еңлік-Кебек» трагедиясын жаңа форматта жаңғыртып, кезекті премьера ретінде көрерменге ұсынды. Қойылымға белгілі театр және кино актерлері Ұлан Болатбек және Шағуан Үмбетқалиев арнайы шақыртумен келіп, режиссерлік жасады. Қойылым көркемдік ке­ңесте талқыланып, өңірімізге бел­гілі зиялы қауым өкілдері мен театр сыншыларының оң бағасын алды. Сондай-ақ көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Жалпы театр ұжымы өткен жылғы маусымды «Еңлік-Кебек» трагедиялық қо­йы­лымымен жоғары деңгейде қоры­тындылады.

«Жастар театрын» жасақтау­дағы негізгі мақсатымыз қоғамдағы жастар мен жасөспірімдердің іш­кі мәдениетін қалыптастырып, өмір­ге деген құлшынысын арттыру бо­латын. Театр шығармашылық ба­ғытында осы ұстанымнан айны­май, жас ұрпақ тәрбиесіне аса жа­уаптылық танытып келеді. Осы орайда өткен жылдың қыркүйек айында театр ұжымы ақын, жазушы Толыбай Абылаев екеуміздің дайындаған (режиссер, сценарист Оңталап Нұрмаханов) «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» лирикалық драмамен жаңа маусымды ашқан еді. «Құрыш қазақ» атанған жерлесіміз ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған.

Тағдырлы ақынның бойындағы талантымен бірге өмірге деген шексіз құштарлық, қайсарлық пен табандылық, сонымен қатар, өш­пес сезім – махаббатты сипаттау арқылы адам баласын жан таза­лы­ғына жетелейтін қойылым маз­мұнының тереңдігімен ерекше болды. Қала күні мерекесінің алғашқы шараларының бірі болған жаңа туынды  қала қонақтары және театр көрермендерінің ерекше құрметіне кенелді.

«Театр – адамның өзін-өзі сах­надан көретін орны» демекші, қо­ғамдағы  сан алуан шиеленістер мен өзекті мәселелерді астар­лы әзіл, әсерлі ән, керемет бимен жет­кізу – өнердің баға жет­пес құн­­­ды­лығы. Бұл орайда «Жастар теат­рының» жыл со­ңына қарай сахналаған  амери­калық жазушы К.Людвигтің «Бикештер» музы­калық комедиясы шығар­­машылық топтың шебер­лігін шыңдауға ерек­ше әсер етті. Қойылым­ның ре­жиссері Б.Ах­медтің өзіндік ізденісі де тақы­рыпты аша түскендей. Сон­дай-ақ әдеттегі жұмыс жоспарына сәйкес 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай театр ұжымы Бауыржанқызы Жансаяның «Қайдасың, мама?!» монодрамасын театр артисі Ақерке Жаңабайдың режиссерлік етуімен  көрермен назарына ұсынды. Бұл қойылым да тақырыбына сай ашылды.

Театрдың тағы бір бағыты – балаларға арналған қойылымдар. Айта кетейік, бұл бағыттағы ізде­ністің орны бөлек. Өйткені кө­біне адамның таным, талғам деңгейі бала күнінен бастап қалыптасады. Жас бүлдіршіндердің рухани же­тілуіне, сана-сезімінің дұрыс қа­лыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан тақырыптар өте зерек­тікпен таңдалуы қажет. 

Осы орайда  «Жастар театры» кішкентай көрермендер наза­ры­на режиссер-сценарист Ұлан Бо­латбектің «Туған күн» музыка­лық балалар қойылымы режиссер, театр артисі Мұхамедхан Алихановтың жетекшілігімен қойылды. Адалдық пен зұлымдық, мейірім мен достық тақырыбы үйлесім тапқан балалар қойылымы көпшіліктің сұра­нысына  ие болып, аймақтағы бір­неше балабақшаларда және театрда үздіксіз сахналанып келеді.

Иә, балаларға базарлықтың кө­кесі – «Қошқар мен теке» жаңа­жылдық қойылымы болды. Әсем ән, көңілді би және мерекелік салтанатты айшықтайтын ертегінің режиссері Берік Ахмед. Бір сәт ертегі әлеміне еніп, шынайы қуа­нышқа кенелген балақайлар мен ата-аналар өнер ұжымына айрықша алғысын білдірді.

Театр репертуарында шетелдік авторлардың да шығармалары жоқ емес. Оның бірі К.Людвигтің «Би­­кештер» музыкалық комедиясы қо­йылғанын жоғарыда айтып өттік. Бұдан бөлек, Халықаралық Театр күні мерекесі аясында өзбек драматургі Еркін Күншуақовтың «Қызыл алма» комедиясының пре­мьерасы өтті. Берік Ахмедтің ре­жиссерлігімен қойылған бұл шы­ғарма көрермен көңілін көтеріп, ерекше әсер қалдырды. Енді бі­рі – Антуан Галланның «Аладдин» ертегісінің премьерасы. Шы­ғар­маның негізгі идеясы жастар мен жасөспірімдерді адалдық пен отан­сүйгіштікке, мейірім мен шы­найылыққа тәрбиелеу. Қойы­лым­ның режиссері Санат Жүзбай.

«Ұлт тарихын тану – болашаққа бағдар» деп қарасақ, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Жас Алаш. Шындық шырағы» та­рихи драмасы театрдың сүйекті, кө­рерменнің сүйікті қойылымына айналды. Алаш арыстарының ұлтқа қызмет жолындағы ұлы мұрат, ас­қақ арманын суреттейтін тағылымы мол туынды Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналды. Қойылымның режиссері Ұлан Болатбек.

Тарихи драманы тамашалауға асылдың сынығы, текті әулеттің жалғасы Гүлнар Дулатованың қы­зы,  Міржақып Дулатұлының жиені, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Әбенқызы өңірімізге арнайы келіп, алғаусыз алғысын білдірді.  Өздеріңіз бай­қап отырғандай, театрдағы әрбір қо­йылым өз заманының озық идея­лары мен қызықты оқиғаларын суреттейді. Осылайша көрермен көңіліне ой салып, әрбір оқиғаның артық-кем  тұсын ажыратуға, сол арқылы дұрыс шешім қабылдауына сеп болады.

Театр ұжымы, әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан «Жас­тар театры» үшін тәжірибе ала­ңы қа­жет. Қазір бұл бағыттағы жұ­мыс­тар да жолға қойылған. Арнайы тоқ­талсақ, «Театр – өмір тынысы» та­­қы­рыбында  Қызылорда қала­сы­­ның  «Жастар театры»  және  «Аты­­рау Жастар театры»  ұжымы ара­­сын­­да шығармашылық кездесу өтті.

Театр тарихында ерекше есте қалған сәттер деп айтсақ болады, Қазақстан театр қайраткерлері ода­ғының төрағасы, ҚР Халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаман­құл­ов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда театр труппасына шеберлік сағатын өткізді. Танымал актерлер өнерге құштар жастардың сұрақтарына жауап бере отырып, осы саладағы  көп жылдық ең­бектері барысында жиған-түйген тәжірибелерін бөлісті.

 Жыл көлеміндегі жетістіктер де аз емес.  Соның дәлелі, Қ.Жан­дарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен «Қа­зақтың Құрманбегі-I» атты респуб­ликалық театрлар фестива­лінде  Қызылорда қаласы «Жастар театры» «Жас Алаш. Шындық шы­рағы» қойылымын сахналап, театр актрисасы Жанерке Серік «Үміт» жүлдесін жеңіп алды.  Ал театр директорының орынбасары, айтыс­кер ақын Бексұлтан Орынбасаров  Абай Құнанбайұлының 180 жыл­дығына арналған «Адамзаттың бә­рін сүй» атты «Алтын домбыра – 2025» республикалық  ақындар айтысында I орын иеленіп, автокөлік жеңіп алды. Сондай-ақ аймақтағы өнерпаз жастар арасында үздік деп танылып, «Сыр сүлейі», «Сыр дарыны» номинацияларымен марапатталды. Жыл қорытындысы бо­йынша қала мәдениеті мен руха­ниятына қосқан үлесі үшін театр артисі Мұхамедхан Әлиханов «Үз­дік шығармашыл жас» номинациясымен марапатталса, талантты актриса Тоғжан Аяпова қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының же­ңімпазы атанды.

Тағы бір айта кетерлік жаңа­лық, 2024 жылы «Руханият жы­лы» аясында облыс әкімінің қол­да­уымен театр балансына екі қыз­­меттік пәтер берілген болатын. Биыл мекеме меншігіне тағы бір үш бөлмелі пәтердің кілті табыс­талып, өнер өкілдері үшін ерекше қолдау болды.

Кәсіпорын директоры Нұрмат Мансұр еліміздегі өнер ұжым­да­рымен тығыз байланыс орнатып, «Атырау Жастар театры», Шанин театры және Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті бөлімімен кең ауқымды жоспар аясында меморандум жасасты. Оған қоса, өңіріміздегі мектептер мен жоғары оқу орындарының театр үйірмелерімен  бірлесе жұ­мыс атқарып, мемлекеттік меке­мелердің жұмыс жоспарына театр күнін енгізу туралы келіссөздер жүргізді. Атқарылған ауқымды жұ­мыстар мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Жастар театры» 2025 жылдың «Үздік ұжым» номинациясын жеңіп алды.

Жас театрдың шығармашылық жетістіктері мен жоспарлы жұмы­сы қалалық және облыстық бас­пасөз беттерінде, жергілікті теле­ар­­наларда кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар, өнер ұжымы Қы­зыл­орда облыстық прокуратурасымен бірлесіп «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында  бірнеше тақырыптық бейнероликтер жариялап, қоғамдық бастамаға үлес қосты.

Театр – алуан өнердің орда­сы екенін сөз басында айтып өттік. Олай болса, алуан өнерді бір арна­да тоғыстырып, өмірлік құнды­лық­тарды дәріптеуге атсалысып келе жатқан аймақтағы «Жастар теат­ры­ның» да алар асуы биік екені сөзсіз.

Оңталап НҰРМАХАН,

театрдың көркемдік жетекшісі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстан театр қайраткерлері одағының

«Дара» төсбелгісінің иегері