Жасыл әлемнің жанашыры

42

0

Сыр бойының түлегі, Қазақстандағы эксперименттік микология мектебінің негізін қалаушы, биология ғылымдарының докторы, профессор Сардарбек Әбиев сексен жасқа келді. Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басып», зерттеушілігін, іскерлігін және ұстаздығын қатар ұштастырған көрнекті ғалымның өнегелі өмір өрнектерімен бөліскенді жөн көрдік.

Өмір жолы бұралаң, адам тағдыры әрқи­лы. Жаңақорған ауданының Қожакент ауы­лында дүниеге келіп, мектепте үздік оқып жүрген бала Сардарбек әуелі ұшқыш, сонсоң дәрігер болуды армандапты. Биологияны таңдау тіпті қаперіне кірмеген. Алматыға оқу іздеп барған сәтінде ауруханада жат­қан Сұлтанбек деген ағасының бірауыз ақы­лына ұйып, Қазақ ауыл шаруашылығы инсти­ту­тының агрономия факультетіне құжат тап­сырады. Сәтін салып, студент қатарына ілі­геді. Білімге құштарлығын, сабаққа ал­ғыр­лығын мұғалімдері тез аңғарады. Әсі­ресе, фитопатология пәнінен дәріс бер­ген биология ғылымдарының докторы, про­фес­сор Бердіқұл Қалымбетов ағайының на­зары оған ерекше ауады. Бұл ұстазы – өзі се­кілді Сыр бойының тумасы екен. Ол – қа­зақстандық микология мектебінің негізін салған ғалым, яғни саңырауқұлақтарды зерт­тейтін академиялық саланың ұлтымыздан шыққан тұңғыш маманы. Қазір жануарлар дүниесімен бірлікте қарастырылатын бұл өсімдіктің бұрын ғылымға беймәлім болған 100-ге таяу түрін ашқан. Міне, сол ардақты ұстазы салған сара соқпақпен жүріп, іргелі ісін абыроймен жалғастыру Сардарбек Әбиев­­тің маңдайына жазылыпты. Әуелі шә­­кірт ретінде оңтүстіктің суармалы ай­мақ­­­­тарында өсетін қант қызылшасының ау­ру­­ларын зерттеп, диплом жұмысын қор­ғады. Содан соң туған жеріне оралып, бас агро­ном болып жұмысқа кіріскен. Кім біл­сін, егер ұстазының ықпалымен, өзінің ғы­лымға ынтызарлығымен аспирантура та­бал­дырығынан аттамағанда, әрі қарайғы тір­шілік сүрлеуі басқа арнамен кетер ме еді… Сөйтіп бетбұрысты сәт ғылымның пайда­сына шешілді.

Зерделі де зерек жас ғалым ұстазының ұсынысы бойынша еліміздегі табиғи жә­не мәдени өсімдіктерді зақымдайтын тат са­ңырауқұлақтарын зерттеумен айналыс­ты. Аспирантураны бітірген бойда сол та­қырып бойынша кандидаттық диссер­та­­ция­сын қорғап үлгерді. Ізінше Ғылым ака­демиясы Ботаника институтының Бер­ді­құл Қалымбетов құрып, басшылық еткен «Споралы өсімдіктер биологиясы» зертха­насына аға лаборант болып орналасты. Кейін жаңадан ашылған «Эксперименттік микология» зертханасының меңгерушілігіне тағайындалып, осы бағыттағы тұңғыш ғы­лыми мектепті қалыптастырды. Бұл зерт­хананың нысандары – балдырлар, саңы­рауқұлақтар, қыналар болатын. Іскер ға­лым бөлімшенің жұмысын жан-жақты жан­дан­дырып қана қоймай, өзі де «Қа­зақстанның астық тұқымдас дақыл­дарының тат саңырауқұлақтары» тақыры­бында док­тор­лық диссертациясын қорғап шықты. Ба­ла қиялындағыдай адам дәрігері болмаса да, «өсімдік дәрігері» атанатын дәрежеге жет­ті. Мысалы, өзі әбден зерттеген бидай дақылының құрамындағы белок – 20, ал саңырауқұлақ 30 пайызға жетеді екен. «Астық тұқымдастарын ауруға ұшыратып, зақым келтіретін паразиттердің қатарына ең алдымен осы тат саңырауқұлақтары жатады. Бұлар бидай өнімінің 20-30 пайызын жойып жібереді. Бидай – бүкіл адамзат баласының басты қорегі. Егетін дақылымыздың сапа­сын үнемі арттырып отырмасақ, ауыл шаруа­шылығы саласынан мол өнім күту мүмкін емес. Жер бетіндегі барлық тірі организм табиғи ортадағы өзгерістерге бейімделу үде­рісінде болады. Неғұрлым жылдам бе­йім­делген түрлер жақсы дамып, көбейеді, таралады. Керісінше, бейімделе алмаған түрлер бірте-бірте азайып, жойылып кету қаупіне ұшырайды. Сондықтан бағалы деп танылған бидай сұрыптары сол аймақта кең таралған ауру түрлеріне төзімділік тұр­ғысынан арнайы сынақтан өтуі тиіс», – дейді ғалым. Оның көптеген зерттеу нәтижелері өсімдікті қорғау мәселесіне сәйкес өндіріске енгізіліп, еліміздің ауыл шаруашылығына нақты пайдасын келтірді.

Сардарбек Әбиев тәуелсіз Қазақстанның ғылымын дамытуда мықты менеджерлігімен де танылды. 1995 жылы Алматыдағы Бо­та­ника ғылыми-зерттеу институты мен елі­міздің Бас ботаникалық бағы бірікті­ріліп, сол уақыттағы Білім және ғылым ми­нистр­лігіне қарасты Ботаника және фи­то­интродукция институты болып құрыл­ды. Тәжірибелі ғалым сол мекеменің басшы­лы­ғына тағайындалып, қарымды қайрат­кер­лігінің арқасында он жыл бойы тізгінін ұстады. Бұл ғылымның күйі тайған аса бір қиын жылдар еді. Басқалар секілді, биолог ма­мандардың да көбі күнкөріс соңында бас­қа кәсіппен айналысып, тиын-тебен із­деп кеткен. Міне, сол қиын-қыстау шақта жауапкершілікті мойнына алған салмақты да салиқалы директор ботаника, микология, фитоинтродукция саласында көптеген ірі жобаларды іске асыра білді. Бірқатар ғы­лыми-зерттеу бағдарламаларын түзді. Рес­публикадағы өсімдіктер дүниесінің жағдайы сараланып, бүкіләлемдік биоалуантүрлілікті сақтау талаптарына сәйкестендірілді. Таби­ғи өсімдіктердің аймақтық мәлімет қоры түгенделіп, экологиялық картасы жасал­ды. Сөйтіп институт еліміздің халық шаруа­шы­лығын өзекті қолданбалы ғылым жетістік­терімен және табиғатты қорғау техноло­гия­ларымен қамтамасыз ететін ботаника саласындағы жетекші орнын айқындады.

Бұған қоса, Сардарбек Әбиевтің тағы бір ерен еңбегі – Астана төріндегі Ботаникалық бақтың ашылуына бастамашы болғандығы. Ол бұл мәселені тоқсаныншы жылдары, егемендіктің елең-алаңында көтерген еді. Өйткені әлемнің отызға жуық еліне табаны тиген ол қай өркениетті мемлекеттің бас қа­ласына барса да, міндетті түрде ботаникалық бақ болатынын көрді. Сондай-ақ солтүстік өңірдің табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне лайық келетін әлемдік флора түрлерін іріктеп әкеп жерсіндіру, яғни интродукциялау мақсатын жүзеге асы­ру аса қажет деп ойлады. Өсімдіктер дүниесін сақтауда, оның тұқымдық қорын молайтуда, халыққа экологиялық білім беруде ботаникалық бақтардың маңызы өте зор. Бұл ретте тиісті құзырлы ұйымдарға хат жазды, табалдырықтарын тоздырды, тіп­ті олардың басшыларын ертіп апарып, ел­орда аумағындағы сәйкес орындарды көр­сетті. Данышпан Абай: «Адамның адам­шылығы істі бастағандығынан білінеді, қа­лайша бітіргендігінен емес» дейді ғой. Ұзақ­қа созылған талпыныстан соң, ұста­зы­ның идеясын шәкірті – кезінде өзі бас­қарған институттың қазіргі директоры, био­логия ғылымдарының докторы Гүлнар Тоқ­бергенқызы Ситпаева жүзеге асырғанын мақтаныш тұтады.

Сардарбек Әбиев табиғатты, оның ішін­де өсімдіктер дүниесін қорғау ұлттық дең­гейде жолға қойылу үшін экологиялық тәр­бие беруді балабақшада, бастауыш сы­ныпта міндетті пән ретінде жүргізген жөн деп санайды. Ғалымның айтуынша, бір түр­дің сол түр болып қалыптасуы үшін та­биғат миллиондаған жылдар бойы әрекет етеді, ал оны табиғаттан жойып жіберуге адамның бар болғаны ондаған жылдар ішінде жасаған ойсыз тірлігі жетіп жатыр. Мысалы, Қазақстанда өсімдіктерге арналған «Қызыл кітаптың» екі басылымы жарық көріпті. 1982 жылы шыққан алғашқы кітапқа жойылу қаупі төнген 303 өсімдік түрі кірсе, 2014 жылы жарық көрген екіншісіне 387 түр енгізіліпті. Яғни бар болғаны 30 жылдай уақыт ішінде жойылу қаупі төнген өсімдік түрлерінің саны сексен төртке артқан. Жасыл әлемнің жоқшысына айналған ғалым осының бәріне шын алаңдайды.

Сардарбек Әбиев – нағыз ұстаз, кәнігі тәлімгер. Жоғары оқу орындарында жарты ғасырдан астам уақыт бойы дәріс оқып келеді. 2005 жылдан бастап Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Биология және экология» кафедрасын, содан соң «Биология және биотехнология» кафедрасын басқарды. Қазір осы оқу ордасының био­логия және геномика кафедрасының про­фессоры. Өзінің бекзат болмысымен, кісілік келбетімен, қазақы қасиетімен үлкен-кішінің құрметіне бөленген. Ол студенттерге ар­нап «Заманауи микология» және «Фитопа­то­логия» атты құнды оқулықтар жазған. Рес­публиканың және алыс-жақын шет­ел­дердің ғылыми басылымдарында 250-ге жуық мақаласы жарық көрген. Жал­пы саны 24 ғылым докторы мен ғылым канди­даттарын, PhD әзірледі. Қазір 5 докторанты ғылыми жұмысын қорғау үшін дайындық үстінде. Оның Ұлдай Жетігенова, Сәтбай Нұрашов, Ләззат Қызметова, т.б. шәкірттері ғылымдағы өзінің жолын қуып, жоғары же­тістіктерге жетті.

Сардарбек Әбиев бірқатар Еуропа, Азия, Африка, Америка елдеріне ұйымдастырыл­ған ғылыми экспедициялардың құрамында бол­ған. Қазақстанда оның табаны тимеген түкпір жоқ шығар. Сөйтіп жүріп, ол қолы қалт етсе, жанындай жақсы көретін туған өлкесі – Сыр бойына тартып отырады. Өйткені оған бұл өңірдің топырағы, әр бұта, тал, өсімдігі, әлбетте, адамдары ерекше ыстық.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр  бойы»