Оқыстан оң көзіне тиген доп өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл футбол ойыны кезінде болған оқиға еді. Жанарының тор қабықшасы жарылып кеткен екен. Көзіне жасалған ота да сәтсіз аяқталып, небәрі жиырма жасында су қараңғы күй кешті. Бұл жағдай Арал ауданы Мергенсай ауылында дүниеге келген Бауыржан Әбіловтің басынан өткен болатын.
Тағдырдың жазуымен зағиптың күйін кешкен ол он жылға жуық үйден алысқа ұзаған жоқ. Тіпті жақын достарының да тойына баруға зауқы соқпады. Жалғанда жалғыз өзінің көзі көрмей қалғандай күй кешті. Бір жерге бара қалғанда өзінің кейпінен ұялатын. Елдің бәрі өзіне қарап тұрғандай сезілетін еді.
– Сол бір қиын сәтте жақындарым жаныма жалау болды. Өзіме келуіме қолдан келгенше жанашырлық танытты. Тағдырдың маған сақтаған сыйы көп екен. Жақындарымның көмегімен екі жоғары оқу орнын бітірдім. Жарым Айнұр Тайжанова еңсемді тіктеуге әсерін тигізді. Өзі де жеңіл атлетикадан халықаралық деңгейде спорт шебері атанған параспортшы. Қазір мен зағип жандардан құралған Blind Football командасының мүшесімін. Бұл ұжым «Қайрат» клубының жанынан құрылған, – деді Бауыржан.
Көшеде аяқ жолын таяқ арқылы сезетін ерекше жандардың футбол ойыны барысындағы әрекеті көңіл сүйсінтеді. Еркін қимылдап, жанкүйер қошеметіне ие болады. Алайда оған ептілік қажет. Сол мақсатта команда мүшелері тынбай тер төгеді. Шеберлігін жетілдіреді. Бүгінде Бауыржан зағип жандардан құралған Қазақстан ұлттық құрамасында ел намысын абыроймен қорғап келеді. Оның айтуынша, ойын барысында өзі еркіндікті сезінеді.
– Көзі көрмейтін азаматтар арасында футбол өтетінін естігенде қуана келістім. Өзімнің жаныма жақын ғой. Бұл маған өте таныс. Сондықтан ешқандай қиындық туған жоқ. Алғашқы уақытта абдырап қалғаным да рас. Кейіннен барлығын меңгеріп алдым, – дейді ол ағынан жарылып.
Зағип жандардан құралған ұлттық құраманың бапкері Анатолий Антипин оны көп гол соғатынына байланысты әзілдеп Забилов деп атайтынын тілге тиек етті. Шешуші ойындарда оның голы құрамаға талай мәрте жеңіс алып келген. Қазірге дейін ұлттық құрама Үндістан, Таиланд, Германия, Ресейде өткен халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Енді олар Польшада болатын жарыста бақ сынайды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<