Жатақхана жайы шешімін табады

411

0

Арман қуып, ауылдан қалаға келген студент-жастар үшін жатақхана мәселесі әр кезде маңызды. Елбасы Н.Назарбаев бес әлеуметтік бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75000 орынды қамтамасыз ететін жатақхана салуды тапсырған болатын. Бұл міндетті жүзеге асыру жұмыстары жер-жерде жүргізілуде.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ менеджері Алпамыс Сатыбалдин сыр­бойылық кәсіпкерлер мен оқу орындары басшыларымен кездесуінде жатақ­хана құрылысын жүргізетін кәсіпкерлер үшін жасалатын жеңілдік жайын түсіндірді.
Елімізде 90 мыңнан аса студент жатақханаға мұқтаж. Оның 63 мыңдайы жоғары оқу орнында, 24 мыңнан астамы колледж студенттері. Ал,  облысымызда 22 мыңға жуық студент болса, 1300-ден аса студентке жатақхана қажет. Елбасы тапсырмасымен өңірде кәсіпкерлер арқылы жатақхана мәселесін шешу жұмысы жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы облыс орталығынан 330 және 400 орынға арналған жатақхана құрылысы басталса, аудандарда жер телімін бөлу жұмыстары басталып кеткен. Мұнан бөлек, қаланың сол жағалауында «Болашақ» университеті кампусында 800 орынға арналған жатақхана құрылысы жүргізілуде. Демек, Сыр өңірінде жатақхана мәселесі толығымен шешімін табатын күн алыс емес деуге негіз бар.
– Елбасының бес әлеуметтік бас­тамасының үшіншісінде айтыл­ған­дай, студенттерді жатақ­ханамен қам­­тамасыз ету үшін «Қаржы ор­та­­­лығы» білім және ғылым ми­нистрлігімен бірлесе мемлекеттік тап­­сырыс арқылы жүзеге асыру меха­низмін іске қосты. Осыған сәйкес, кез келген жеке кәсіпкер студенттерге жатақхана  салатын болса, оған жыл сайын әрбір орын үшін 122 ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде қар­жы төленетін болады. Ал, дайын ғи­маратты жатақханаға лайықтап реконструкция жасаса, 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төленеді. Төлем мерзімі – 8 жыл. Мұнан бөлек, кәсіпкер студенттердің жатақхана үшін төлемақысын алады және ақылы қызмет ұйымдастыруға болады,– деді Алпамыс Сатыбалдин.
«Қаржы орталығы» бүгінге дейін еліміз бойынша жатақхана құрылысын жүргізуге ынта білдірген жеке кәсіпкерлермен құны 20 миллиард теңгеден асатын 30 келісім-шартқа қол қойған. Биылдың өзінде 5000 орынды қамтамасыз ететін жатақхана құрылысы пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Мұндай қарқынмен 2022 жылға қа­рай студенттер үшін жатақхана жө­ні­­­нен мә­селе болмайды деген сенім бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<