ЖАТАҚХАНАЛАР ЖАҒДАЙЫ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ТЕКСЕРІЛДІ

514

0

Қала аумағындағы барлық жатақхананың жағдайы  толық техникалық тексеруден өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев ­хабарлады.

 Басқарма басшысының ай­туын­ша, қалада 22 жатақхана бар. Бүгінгі күні оның біреуі, яғни Титов көшесіндегі №32 жатақхана комиссия шешімімен апаттық жағдайда деп танылып отыр. Ал 18 жатақханаға тез арада күрделі жөндеу қажет. 2012-2014 жылдары жөндеуден өткен қалған баспаналардың жағдайы қанағаттанарлық деп танылған.   

– Осыдан он күн бұрын облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы жатақханалардың жағ­дайын анықтайтын арнайы комис­сия құрылған болатын. Онда аккредитациядан өткен экспорт мамандары бар 4 мекеме қатысты. Қазіргі таңда комиссия өз шешімін шығарып, тиісті шараларды жүр­гізуде. Апаттық жағдайдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін үйлерге байланысты қала әкімдігіне ұсыныс берілді. Айта кету керек, аудандарда 8 жатақхана бар. Олардың да техникалық жағдайын зерделедік. Тек Қармақшы ауданындағы агро­колледж жатахқанасының жағ­дайы сын көтермейтіндіктен қазіргі уақытта бос тұр, – деген  басқарма басшысы барлық жұмыс қайтарымды қаражат есебінен жүретіндігін жеткізді. Ал, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту» бағдарламасы аясында жүргізілетін болса, онда тұрғындардың 70 процентінің келісімі болу керектігін баса айтты.

Жалпы Қызылорда қаласында 2013-2016 жылдары 34 апаттық үй анықталған. Ондағы тұрғындар кезек­ке алынып, заңдылыққа сәй­кес жыл сайын тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осыған сәйкес өңірде апаттық жағдайдағы үй­лердің мәселесі шешімін тапқан.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<