Жау шебінде өткен жастық шақ

214

0

Фото: Автордан

Көкем соғыс жайлы айтуды қаламайтын. Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында өзге ардагерлермен бірге ауыл орталығындағы, мектептегі салтанатты шараға шақыры­латын. Сондай кездері кеудесіне бар орден-медальдарын тағынғанымен ол кісі ма­ған сол шараға әзер баратындай әсер қал­дыратын. Онымен ісіміз қанша, салта­натқа қатысқан ардагерлердің  балалары, неміс басқыншыларын  тек өз әкеміз жеңгендей күй кешуші едік…

Иә, содан бері де  қаншама уақыт зырғып өтіп те кетіпті. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жыл­дығы тойланбақшы, әкемнің туғанына да 100 жыл толыпты.

Әкем Балабай Оралбайұлы 1925 жылы  Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында  дүниеге келген. Соғыс басталған жылдары Қызылорда педагогикалық учи­лищесінде оқып жүрген  екен. Әскерге алыныпты. Самарқандағы кіші  командирлер даярлайтын курсты бітірген күні бір топ жасты іріктеп, ерекше тапсырма беріліпті. Ол тапсырма бойынша бұл топқа жауынгерлер мінген эшелонды тиісті орынға жет­кізу тапсырылады. Оны орындаған соң елге қайтулары қажет-ті. Алайда, соғыста не болмайды?! Бұлар «Қызыл Ту», «Кутузов», «Суворов» және «Богдан Хмельинский» орденді Черкасс артиллерия полкінің жауынгерлерімен  бірге ұрысқа қатысады. Ол зеңбіректе оқтаушы болыпты. 

Иә, «артиллерия – соғыс құдайы» деп аталғанымен ол дәлдікті, жылдамдықты қажет етеді.

– Осы талап Польшаның Краков қаласы үшін  шайқаста анық байқалды,– деп еске алатын көкем. – Оқ борап тұр, алға жылжуға мүмкіндік жоқ. Жаудың нүктесін жойып жіберу ғана  жаяу әскердің ілгері жылжуына  мүмкіндік береді. Завод трубасының түбіне бекінген  жау мергені  бас көтертпей оқ боратып тұр. Ұяны нысанаға алған алғашқы оғымыз мүлт кетті, соңғы екі снаряд  көздеген мақсатқа жеткізді. Сөйтіп жаяу әскер алға жылжыды.  Бұған дейін де Украина, Молдавия, Румыния  жерлерін азат етуге  атсалысып,  өмір мен өлім тайталасқан небір сұрапыл жағдайларды  бастан өткергенбіз.

Бірде өзіне бетпе-бет қару кезенген жау әскерінен жалтарып, ту сыртынан шы­ғып, екі солдатын тұтқынға алғаны бар. Тағы бірде Карпат тауының жотасында бекініп жатып,  екінші жотаның үстімен қашып бара жатқан неміс машиналарын атқылаған-ды. Екі машина қирады, бірі санитар машинасы екен де, екіншісі үлкен шенді  офицер мінген  көлік екен, жаудың бесеуі жер жастаныпты.

Үш жылға созылған майдан даласын еске түсіргенде  көкем көзімен көрген бір сұмдықты айтатын. Польшаның Майдоники селосындағы  концлагерьде кілең кемпір-шал мен  балалардың сұлап жатқан мүрделерін көрді, бәрін атып кетіпті. Өлімді көзімен көріп, бойы қанша үйренсе де, осы жолы жылап жүріп, олардың бәрін көмгендерін, есіне түссе әлі күнге тұла бойы түршігетінін айтып отыратын-ды. Майданда күтпеген жағдайлар бола беретіні бар. Бірде бұлардың полкі картадан жаңылысып, өзге деревняға  кіріп кетіпті. Взвод жауынгерлері түскен  үйде  жасөспірім қызымен  ересек әйел тұрады екен. Іштерінде неміс тілін түсінетін еврей жігіті олармен сөйлесіп, жақын маң­дағы үйде көп адам жасырынғанын бі­леді. Взвод командирі  қасына еврей жігіті мен көкемді алып, сол үйге барады. Кіл қарттар мен бала-шаға, әйелдер, бар­лығы елу шақты адам екен. Неміс  азаматтарына зорлық-зомбылық көрсетпеу ту­ралы  Ста­линнің  бұйрығымен танысқан олар осы арада жасырынған 200-дей неміс солдаты барын  айтады.  Олар бекінген сарайды қор­шауға алған кеңес әскерлері жау жағын оңай қолға түсіреді. Сөйтсе көп­шілігі 15-16 жастағы жасөспірімдер екен. Демек, ел басшылығының ойланбай жасаған  әре­кеттері қаншама неміс хал­қының қы­ры­луына әкеп соқтырды. Ендігі ауыртпалық мына жасөспірімдердің мойнына түскені ғой. «Жауды аяған жаралы» дей тұрғанмен де, өмірдің мәнін енді сезініп келе жатқан шақтарында қолдарына қару алған оларды аяғаны бар.

Бірде әншейінде едәуір алда жүретін  жаяу әскер тым  жақын болды. Жау жағы әбден бекініп алған, ілгері бастырмайды. Көздеген нысананы байқап атпаса, өз жауынгерлерін жаралайды. Алдан немістің танк коллоннасы көрінді, аузынан от бүркіп қойып, алға жылжып келеді. Оларды атуға команда берілді. Ысқырған снаряд даусынан құлақ тұнады. Жау танкісінің біреуі отқа оранды, екіншісі, үшіншісін саптан шығарды. Төртіншісін көздегені анық, атты ма, жоқ па білмейді, есінен танып қалыпты. Кейін білгендей өз бөлімшесі  жау танктерін қиратып, алға жылжыпты. Атқан оқтан жаудың төрт танкісі, 17 жауынгері жер жас­таныпты, өзі де ауыр жараланыпты. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Осы­ның алдындағы Краков майданында «Ерлігі үшін» медалін алған-ды.

Ұлы Жеңіс хабарын әскери госпитальда естіді. «Жеңіс!», «Біз жеңдік!» деп бірін-бірі құшақтаған жаралы жауынгерлерге қарап тұрып, үнсіз егілген еді.

Әкем Балабай Оралбайұлы соғыстан кейінгі жылдары ауылдың бар шаруасына атсалысты. Ферма басқарды, партия ұйымының хатшысы, совхоздың бас агрономы болды, сауда саласында жұмыс істеді. Қайда жүрсе де, қайбір  істі қолға алса да өзінің адалдығынан, жауапкершілігінен әсте ауытқыған емес.

Бәрі де еске түседі. Біз ол кезде ауыл­дың шет жағында «Қосапан» деп аталатын жердегі екі бөлмелі қоржын тамда тұра­тынбыз. Үйден адам арылмайтын. Осы кез­де ойласам, олардың дені ата-анасыз қал­ған жетім балалар, мейірімге шөлдеген жандар екен ғой. Солардың бірі көкемнің  нағашысынан қалған Садуақас жастайынан біздің үйде өсті. Үйлендіріп, өз алдына отау етіп шығарды. Әттең, ғұмыры келте болғаны ғой, кездейсоқ қазаға тап болған оны көкем өзі арулап жерлеген-ді. Бірі шопан, бірі бақташы болып, мал бағатын екі ағамыздың аналары кезектесіп, немерелерімен біздің үйде болатын. Оның үстіне Оралбай атамыз бар. Қазір ойлаймын, осы адамдардың бәріне, өзінің он баласына, олардан тараған немерелеріне, үйдің бүкіл шаруасына  анамыз Айжамал қалай үлгерген?!

Осылай адам топырлап жатқан үйімізге  көкем бірде қыстың қақаған суығында мосқалдау келген үш ер кісі мен бір әйелді ертіп келді. Тоңып та, ашығып та қалыпты. Алматыдан келген артистер екен. Ауыл-ауылды жаяу аралап, концерт беріп жүрген олар қайда барарын білмей тұрып қалғанын, басшылықтан ешкімнің жоламағанын айта келіп, алғыс білдіріп жатты. Мезгілсіз уақыт болса да көкем қорадағы бір қойын сойып, сол кісілерді күтті, ертеңіне келесі ауылға дейін жеткізіп салып, басшылыққа тапсырып келді. Өзінің от боп жанар жастық шағын жау шебінде өткізген  әкем ұрпағына, бүкіл елге тыныштық пен бейбіт өмір тілеумен өтті.

Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінде  бүкіл ағайын-туыс, көрші-көлем біздің үйде бас қосатын еді. Жеңіс күнін әкеміздің туған күні етіп алғанбыз, сол күні  әулеттің үрім-бұтағы бас қосып, құттықтаушы едік. Қазір де сол күні  әке рухына Құран бағыштаймыз.

Жеңіс күнін жақындатуға, ауылдың өсіп-өркендеуіне Балабай Оралбаев та  елеулі үлес қосты. Демек, күн сайын көркейіп келе жатқан ауылдың бір көшесін әкеміздің атына беруге әбден болады деп сенемін.

Қожабек ОРАЛБАЕВ,

еңбек ардагері.

Сырдария ауданы,

Аманкелді ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<