Жылу беру маусымы басталуға жақын. Жылда ескірген құбырлар мен тозығы жеткен құрылғыларды ауыстырып дайындық жүреді.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Мәселен, жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 13,5 млрд теңге қаржы жоспарланған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 5 млрд теңге, Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге, облыс қазынасынан 5,6 млрд теңге, кәсіпорын қаражаты есебінен
364 млн теңге.
«Қызылорда жылу-электр орталығында» Үкімет резерві мен жергілікті бюджеттен қаралған қаржы есебінен Оңтүстік қазандықтағы «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қалған екеуі осы айдың аяғына дейін жеткізіледі. Барлық жұмыстар 10 қазанға дейін толық аяқталмақ.
Сонымен бірге жергілікті бюджет пен кәсіпорын қаражаты есебінен 1 генератор, 4 трансформаторды жаңғырту, 10 бу қазандығы мен 21 автономды қазандыққа жөндеу жұмыстары жоспарланды.
– Жылу беру маусымына дайындық бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта 35 кВ ашық тарату қондырғысы (ОРУ-35 кВ) жөнделуде, қалған негізгі жабдықтардың жұмыстары толығымен аяқталды. Жалпы негізгі жұмыстың 92 пайызы орындалды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.
Өңірде 217 шақырым жылу желілері бар, оның 42 пайызы тозған. Биыл 8,7 шақырым жылу желілерін қайта жаңғыртуға бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінде оның 6,5 шақырымы ауыстырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 5 қазанға дейін аяқталады деп күтілуде. Ал электр желілерін жаңғыртуға 5,9 млрд теңге бөлінген.
Бұл қаражатқа 280 шақырым электр желілері мен 87 қосалқы станция жөнделуде. Қазіргі таңда 43,8 шақырымға күрделі жөндеу және 15,9 шақырымға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, толық аяқталды. Ауылдардағы әуе желілері 90 пайызы жаңғыртылды.
Аймақта 1079 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 544 білім беру, 247 денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт нысандары. Барлығы жылу беру маусымына толық дайын.
«Қызылорда жылу электр орталығының» негізгі отыны – газ, резервтік түрі – мазут. Қазіргі уақытта 4233 тонна мазут қоры бар. Сондай-ақ автономды қазандықтарға қажетті 77,7 тонна дизель сатып алуға қосымша қаржы қарастырылып отыр.
– Биыл өңірге 139 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде халыққа 117 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 22 мың тонна. Қазір 30,6 мың тонна көмір келіп тұр. Бағасы маркасына және жеткізу қашықтығына қарай 17-26 мың теңге аралығында сатылуда, – дейді басқарма басшысы.
Жалпы аймақта жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, негізгі нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға берілмек.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





