Жазасын өтеушілерге жұмыс көзі бар

89

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс прокуроры Р.Ожаровпен бірге қылмыстық атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінің жұмысымен танысты.

Мұндағы 901 сотталушының 821-і жұмысқа жарамды.

Мекеменің өндірістік аймағында 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 300-ге жуық сотталушы еңбекпен қамтылған. Не­гізгі жұмыс бағыттары – темір бұйымдарын өндіру, ағаш өнімдерін (астау, табақ, домбыра, сан­дық, есік) дайындау, газоблок, песко­блок, брусчатка, күйдірілген кірпіш шығару.

«Еңбек» РМК қаржысына «Конструктив ЛТД» ЖШС ғимарат құры­лысын бастады. Арнайы контин­гентті еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында №60 мекеме аумағындағы бос жер учаскесіне тез тұрғызылатын модульдік өнеркәсіптік ангар салу мәселесі көтерілді.

«Ален» ЖК-не Қызылорда облысы прокуратурасы, ҚАЖ департаментінің қолдауымен, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы және респуб­ликалық инновациялық орталықтың бағдар­ламасы аясында қайтарымды несие рәсімделді. Бұл қаражатқа брус­чатка өндіретін қондырғы орнатылып, 15 сотталушы жұмыспен қамтылды.

«Dalatex» ЖШС-не мекеменің өндірістік аймағынан үй-жай беріліп, 20 тігін машинасы орнатылды. Онда 20 сотталушы тұрақты жұмысқа тартылды.

Сонымен қатар, облыс әкімі сотталушы азаматтардың қолдан жасаған ағаш өнімдерінің көрмесімен танысты. Бұл жерде түйеқұс, күркетауық және басқа да құстарды өсіріп, баптау қолға алынған.