Жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Syrboyi.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», – деп жазды Едіге Мағауин.
Ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпан күні Семей облысының Шұбартау (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы) Шыңғыстаудың күнгей етегіндегі Көпбейіт-Босаға деген қоныста, ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастаған. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.
1960-1961 жылдары «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты» және т.б. әңгімелері баспасөз бетінде жарық көреді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған.
«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984 ж.). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997 ж.). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002 ж.). 2015 жылы Америка Құрама Штаттарына түпкілікті қоныс аударды.
Stan.kz ақпарат агенттігі марқұмның отбасы, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<