Биыл 3 наурыздан бастап қарызын өтей алмай жүрген жеке тұлағалар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға сәйкес өтініш бере алады. Бұл заң 3 рәсім арқылы орындалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин хабарлады.
– Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойды. Бұл заң наурыз айында күшіне енетін болады. Аталған заңда 3 түрлі рәсім бекітілген. Атап айтқанда, соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бірінші, соттан тыс банкроттық – жеке тұлағалардың барлық екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында және коллекторлық агенттіктерінде қарыздары болса ғана жүзеге асырылады. Тиісінше, азаматтар мынадай талаптарды орындауы міндетті. Бірінші, азаматтардың қарызы – 1600 АЕК-тен яғни, 5,52 млн.теңгеден аспауы тиіс. Екінші, жеке тұлға өз қарызын 12 ай бойы өтемеген болуы керек. Сонымен қатар азаматтардың банк және қаржы ұйымдары алдындағы берешектері 5 жыл қатарынан төленбей келсе негізгі шарттар қолданылмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімі «электрондық үкімет» порталында жүргізіледі. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылады, – деді департамент басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<