Әлеуметтік желілерде жаңа пандемия туралы видео тарап жатыр. Онда вирус 2025 жылы пайда болатыны және SPARS деп аталатыны айтылады. Желіде тараған ақпаратта бұл вирус миллиард адамға жұғатыны, олардың басым бөлігі балалар екені айтылады. Аман қалғандары сал болып қалады немесе миына ауыр зақым келеді екен. Алайда бұл – әлеуметтік желіде талай рет жарияланған жалған ақпарат, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Видео авторы Джонс Хопкинс денсаулық сақтау орталығының мәліметтеріне сүйеніп, «SPARS вирусы қауіпті» дейді. Алайда бұл хабарлама 2017 жылы шыққан екен. Ол – денсаулық сақтау мамандарын даярлауға арналған оқу материалы. Онда дәрігерлерге ықтимал індеттерге дайындалуға көмектесетін 2025-2028 жылдардағы SPARS вирусының ойдан шығарылған сценарийі сипатталған. Бұл құжаттың мақсаты – дәрігерлер мен денсаулық сақтау қызметкерлерін инфекциялық қауіптерге байланысты қатерлерді түсінуге және оларға дайын болуға үйрету.
Видеода бұл пандемия Дүниежүзілік банк, ДДСҰ және Ақ үйдің ісі екені айтылады. Алайда бұл мекемелердің ресми сайттарында мұндай мәлімдемелерді растайтын деректер жоқ. Ақ үйдің сайтында да, ДДСҰ сайтында да жаңа пандемияға дайындық жоспарлары туралы ақпарат шықпаған. SPARS вирусы туралы ештеңе жазылмаған.
«Дүниежүзілік банк коронавируспен күресу үшін пайдаланылған қаражат туралы ғана хабарлаған. Есептердің ешқайсында жаңа вирус туралы айтылмайды. Видеодағы SPARS вирусы және болашақ пандемия туралы айтылғанның бәріне нақты негіз жоқ», – деп жазылған мәліметте.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<