Жеңіс шеруіне қатысқан сарбаз

306

0

Майдангер Шамша Бисембаев дүниеге келген 1921 жыл қоғам екіұдай болып арбасып тұрған заман еді. Осындай өліара кезде өмір есігін ашқан бала тез жетілді. Мектепті бітірмей жатып теміржол депосының жұмысшысы атанды. Елгезек бала еңбегімен ел аузына іліне бастаған тұста «соғыс басталды» деген суық хабар жетті. Жарты әлемді жайпап өткен соғыстың басталғанына 2 ай өткенде Шамша майданға аттанды. Жиырмаға енді толған жастың көкейінде «жауды жайпап, ертең-ақ елге ораламын» деген сенім басым еді.

Көз сүрінер төбесі жоқ жазықта өс­кен ол ұрысты қатпар-қатпар Қап та­уы­нан бастады. Кавказ майданын­дағы №152-артиллериялық полктің көз­деу­ші-атқышы болған сарбаз әр зеңбі­ректі кеудесіндегі кекке малып атты.

Кавказ майданы желісіндегі Таган­рог – жау тырнағына алғаш іліккен қа­лалардың бірі. 1941 жылдың 17 қа­за­нында неміс әскері 200 мыңдай тұр­ғыны бар қалаға басып кіріп, өз тәртібін ор­натып та тастап еді. Екі жылға жуық айқастан соң Таганрог қайта біз­дің қолға өтті.

Мына қызықты қара­ңыз, 1943 жылдың 30 тамызы күні та­ңер­тең шыққан қалалық газетте қала тұр­ғындарын неміс әскерлеріне ба­рынша қолдау көрсетуге шақырған үндеу жарияланыпты, ал сол күні кешке қайта шыққан басылымда ша­һарды Кеңес әскерлерінің алғаны жө­нінде ақпарат берілді. Осы ұрыста Шамша Бисембаев III дәрежелі «Даңқ» орденімен мара­патталды. Одес­са қа­ласы үшін болған қиян-кескі ұрыс­тағы ерлігі жас жігіттің кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» ордені болып тағылды.

Орталық Беларусь майданында жал­ғасқан соғыс соқпағында қазақ жа­уынгері Румынияның Яссы, Кишинев қалаларын жаудан азат етуге қатысты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өледі» деген рас екен. Май­данға бірге түскен қандыкөйлек қару­ластарының қатарын азайтып кеткен бұл қасаптан жас жігіт Құдай қағып аман шықты. Жанын аяп қалған жері жоқ, қайта ұрыста алдыңғы шепте болуға тырысатын.

Оған II дәрежелі «Даңқ» орденінің табысталуы – тегеу­рінді ерліктің дәлелі, батырлық­тың белгісі.
Венгрияның Хвайстаспол қаласы үшін болған шайқаста жаудың үш танкісін атып, отқа орады. Қарсы­лас­тың қуатты қаруын талқандаған жа­уын­гердің жан­қиярлық ерлігінің өте­уіне берілген II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің шежіресі осылай сыр шертеді. Соғысқа бастан-аяқ қа­тысқан майдангер Прага қаласын жау тырнағынан құтқаруға атсалысты.

Ержүрек жауынгер 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне шақырту алды. Танк армиясы колоннасында Отанның сынық сүйе­мін де жау табанына бастырмаған Сыр­дың батыр ұлы да бара жатты.

Оның соғыстағы сұрапыл қимылы, ел үшін жасаған ерлігі майдан гене­ралы, Кеңес Одағының Батыры ата­ғына екі мәрте ие болған қолбасшы Ис­са Александрович Плиевтің «Гоби және Хинган арқылы» атты кітабында су­рет­теледі.

Айтпақшы, Шамша Бисембаев есі­мі ресми түрде Сыр батырларының қа­тарында аталуына толық мүмкіндік бар еді. Олай деуімізге себеп мына бір оқиға. Ауыр шайқастардың бірінен ке­йін №152-артиллериялық гвардия пол­кі командирі, Кеңес Одағының Баты­ры, подполковник Костелеев саптағы сарбаздар алдында жауынгер Шамша Бисембаевтың I дәрежелі «Даңқ» ор­де­ніне ұсынылғанын хабарлайды. Алай­да ол марапатты алып үлгермей елге оралды.

Келісімен соғыстан ти­тық­та­ған ел тірлігін түзетуге кірісті. Өкі­ніштісі, марапат иесін сол күйі тапқан жоқ. Егер сол орден табыс­тал­ғанда, «Даңқ» орденінің толық кавалері ата­нып, ресми түрде Сыр бойындағы Со­вет Одағының Батырлары қатарынан орын алар еді.

Сол бір ауыр жылдарда Қазалы ау­дандық өндірістік комбинатында жұ­мыс істеген Шәкең әр жылдары вагон-лавка меңгерушісі, шаруашылық дү­­­ке­­нінің сатушысы, өндірістік тауар­­лар дү­кенінің меңгерушісі болды. 1965 жыл­­дан бастап Энгельс кеңша­рын­дағы құры­лыс нысандарын қа­был­даушы бо­лып еңбек етті. Осыдан кейін көп жыл «Бозкөл» кеңша­рын­да шаруашылық қой­масының меңге­рушісі болып, 1988 жылы зейнетке шықты.

Қос майданның батыры қай уақыт­та да халқына адал, абыройлы қызмет етті. Соғыстан кейін шаңырақ құрып, зайыбы Қанымкүл Оспанова екеуі 10 бала өсіріп, оларға жақсы тәрбие берді. Қазір әрқайсысы бір-бір шаңы­раққа айналды.

Соғысқа бастан-аяқ қатысқан май­­дангер 1993 жылы 72 жасында ба­қилық болды. Бүгінде өмірінің соңғы жыл­да­ры тұрған үйдің көше бетінде ескерткіш-тақта орнатылған. Бұл ер есімінің ел жадынан өшпейтінінің дә­лелі болса керек.

Жары Қанымкүл Оспанова да сауда саласындағы үздіктердің бірі атанды. Қазір немере-шөберенің қызығына ке­неліп отырған бақытты әже өмірін май­дангер ізін өшірмеуге арнады де­сек артық емес.

Кенттегі кең көшелердің бірі Шамша Бисембаев есімін иеленген. «Жеңіс» саябағын­да­ғы бейнесі жұрт­шылықты бейбіт күннің қадірін білуге шақыратындай.

Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы