Жеңіс солдаттары

2409

0

Яхия Тасыров

1922 жылы қазіргі Сырдария ауданының «Қара­өзек» ауылында дүниеге келген.


Ташкенттегі текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасында жұмыс істеген. 1941 жылы әскерге алынып, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберілген. Мәскеуді қорғауға қатысқан. Сталинградты, Ку­рскыні, Польшаны жау­дан азат еткен. Гданьск порты үшін болған шайқаста аяғынан ауыр жараланған. Госпитальда жатып емделіп, соғыс жорығын одан әрі жалғастырған. Жеңісті Германияда қарсы алып, аман-сау елге оралған.


Отан алдындағы еңбегі баға­ланып, «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.


Елге келген соң Тереңөзек, Жалағаш сүт зауытында, 1962 жылдан бастап туған ауылында қойма меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Мұнан соң ПМК-1608 мекемесінде, аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Яхия ата – бүгінде үш ұл, бір қыздан тараған немере-шөберелеріне елін сүйген болмысымен үлгі-өнеге беріп отырған ардагер.

Төлеген Жүнісов

1923 жылы қазіргі Сырдария ауданы Жаңарық ауылында дүниеге келген.
Ашаршылық жылдары әке-шешесі қайтыс болып, балалар үйінде тәрбиеленген.


Қызылөзек мектебінде оқып жүргенде 1942 жылы әскерге алынған. Самарқанд қаласындағы кіші командирлер дайындайтын курстан өтіп, жиырма жасында әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курс­та оқып, Украина майданындағы 688-атқыштар полкінің сапында соғысқа кірген. Жас қазақ жауынгері Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсете білген.


Берлинді алуға қатысқан.
Елге оралған соң колхоз жұмыстарында, май зауытында еңбек еткен. Алматы бақша тәжірибе стансасында жұмыс істеген, зейнетке шыққанша теміржол дүкенінде сатушы болған.


І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Герма­ния­ны жеңгені үшін», жауын­герлік медальдарымен және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Жәмила Сәрсенбайқызымен бас қосып, өзінен тараған екі қыз, бір ұлдан өрбіген немере-шөберенің атасы болды.

Әбдіраман Әбішев

1923 жылы Қазалы ауданы Сартоғай ауылында дүниеге келген.


Ауыл мектебінен білім алып, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.
1941 жылы соғысқа аттанып, Мәскеу түбіндегі майданға қатысқан. Атақты Панфилов дивизиясының 316-шы атқыштар полкінде болған. 1943 жылы ­Украин майданына кіріп, ­ «Максим» пуле­метінен оқ жаудырып, талай жаудың көзін жойған. От-жалын кешкен жауынгер жеңісті Берлинде қарсы алған. Бір әулеттен үш азамат – әкесі Әбіш, ағасы Әбдірейім және өзі соғыс сұмдығын көріп, үшеуі де туған жеріне аман-сау оралды.


Бейбіт күндерде «Қазалы» қой совхозында есепші болып еңбек етті. Қырық жыл совхоз қоймасының меңгерушісі болып зейнетке шықты.
Ә.Әбішев «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Маршал Жуков», «Украинаны азат еткені үшін», басқа да медальдардың иегері атанды. 2016 жылы Ресей елші­лі­гінен арнайы өкіл келіп, Мәскеу шайқасының 75 жылдығына орай «Мәскеуді азат еткені үшін» медалін табыстады.


Әбдіраман әке мен Жанкүл ана он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, олардан тараған ұрпақтың бәйтерегі.

Қалеп Бектұрғанов

1923 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.


1942 жылы соғысқа аттанып, көптеген шешуші майдандардың алғы шебінде болған. 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралады.


Елге келген соң бейбіт күн майданының алғы сапында болды. Туған жерін түлетуге соғыстағыдан кем күш-жігер жұмсамады. Елім аман болсын деп отқа түскен жауынгер еңбегімен дара шығып, сый-құрмет иеленді.


Қ.Бектұрғанов ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «СССР Қарулы күштеріне 70 жыл», басқа да көптеген мерекелік медальдарымен марап­ат­тал­ған.
Зайыбы Айымша екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Балаларынан өрбіген немере-шөберенің сүйікті атасы.


Балаларының бірі жеке қожалық иесі, бірі кәсіп иесі, бірі дәрігер болып еліміздің әр жерінде тұрып, еңбек етіп жатыр. Олар әр мамыр сайын жеңіс жауынгерін құттықтап, ерлікке бас иеді.

Қабақ Смағұл

1923 жылы Қазалы ауда­ны­ның қазіргі Бекарыстан би ауылында дүниеге келген.


1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Қанды қырғында бас бұқпай шайқасқан жас жауынгер 1943 жылы ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт гос­питальда жатқан.
Сол жарақатынан толық айық­пағандықтан елге қай­та­рылған.


Елге оралып, «Жаңабас­шы­лық» колхозында есепші болып жұмыс бастаған. 1944 жылдың желтоқсан айында «Октябрь» колхозында ферма есепшісі болған. Одан кейін № 24 мектепте, аудандық оқу бөлімінде, мал сою пунктінде, санаториялық мектеп-интернатта, Майдакөл ауылдық советінде есепшілік қызметтер атқарған.
Қ.Смағұл ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Зайыбы Гүлжан ана екеуі он бала тәрбиелеп өсірген. Олардан өсіп-өнген ұрпақтың мақтанышы.

Сарсенбек Байжанов

1923 жылы Шиелі ауданы «Үлгілі» елді мекенінде дү­ниеге келген.


1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Сталинград май­даны­ның солтүстік батысында «Магеллан» деген жердегі ауыр шайқасқа қатысқан. Өзінің жауынгерлік борышына адалдық танытқан ол алғы шептерде көзге түсіп, ерлік үлгісін көрсеткен. 1944 жылы жараланып, елге оралған.


Елге келісімен колхоз шаруа­шы­лықтарында әртүрлі жұмыстар атқарған.
1950-1953 жылдары Түр­кістан педагогикалық учи­ли­щесінде оқы­ған. 1963-1991 жылдар ара­лығында №156 қазақ орта мектебінде мұғалім болды. Отыз сегізжыл мұғалімдік қызмет атқа­рып, жас ұрпақ тәрбиелеу ісінде де алдыңғы қатардан көрінді. Абыройлы еңбек етіп, елу бес жасында мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шық­ты.


Сарсенбек ата бүгінде бес ұл, алты қыздан тараған тоқсанға жуық немере-шөбере, жиендердің алтын діңгегі болып отыр.

Әбдірахман Байтіков

1924 жылы Қызылорда қала­сында дүниеге келген.


Қаладағы жетіжылдық мектепті бітірген. 1942 жылы әскерге шақы­рылып, Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа жібе­рілген. Осы жерден майданға аттанып кеткен.


1943 жылы соғыстың ең ыстық ошағы болған Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан. Он тоғыз жастағы қазақ жауынгері от пен оқтан тайсалмай, алғы шепте соғысқан. Алайда, осы ұрыста ауыр жарақат алып, 1944 жылы ІІ топ­тағы соғыс мүгедегі болып елге оралған.


Елге келген соң «Кооператор» колхозында еңбек еткен. Еңбек майданында да күш-жігерін аямай жұмыс жасаған. Осы шаруашылықтың аты «Коммунизм», «Комсомол» болып бірнеше өзгерген, соның бәрінде Ә.Байтіков есепші, бригадир сияқты әртүрлі жұмыс атқарып, елдің еңсесін көтеруге көп үлесін қосқан.
Отан алдындағы еңбегі бағаланып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Курск шайқасына 70 жыл» секілді көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.


Әбуова Кеңескүлмен отбасын құрып, он бала тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйді.
Бүгінде бала-шаға бақытына куә болған Әбдірахман ата 97 жасқа шықты.

Тілеуберген Тобабергенов

1924 жылы Қазалы ауданы Басықара елді мекенінде дүниеге келген.


1942 жылы қаңтар айында әскер қатарына шақырылған. Соғыстың ауыр күндерін бас­тан кешкен. Еуропаны азат ету, Кенигсбергті, Бер­линді алу шайқастарына қатыс­қан.


Соғыстан кейінгі Германияны қалпына келтіру жұмыстарында болған. 1947 жылы қыркүйек айында елге оралған. 1948 жылдан бас­тап теміржол станциясында еңбек еткен. 1982 жылы зей­неткерлікке шыққанға де­йін осы саланың қыз­метін атқарған.
ІІІ дәрежелі «Отан со­ғысы» орденімен, басқа да жауын­герлік медальдармен мара­патталған.


Жеті баланың әкесі болып, оларды елшіл рухпен тәрбиелеп, өсірген. Олардан тараған ұрпақтың қызығын көріп отыр­ған бақытты ата атанды.

Әбдірауық Сатыбалдиев

1925 жылы Қармақшы ауданы Бозарқаш колхозында дүниеге келген.
Бестам орта мектебін бітірген жас бала өз еркімен соғысқа сұранған.
1943 жылы әскер қатарына алынған. Саратов қаласындағы командирлер дайындайтын 3 айлық курста оқып, сержант әскери шенін алып шыққан. Осыдан соң 361-ші девизия құрамында Ленинградты қорғауға қатысқан.

«Ленинград блокадасы» соғыстағы ең азапты кезеңдердің бірі еді. Халықты оқ пен оттың астындағы аш-жалаңаш хәлден құтқару үшін мұз жастанып, қар төсенген күндерді бастан кешкен. Одан кейін Балтық жағалауын азат етуге, жеңістен соң Жапон соғысына қатысқан. Өзімен бірге ауылдан аттанған отыз жеті азамат, оның ішінде ағасы Мәлік те майданда қаза тапқан.
Ә.Сатыбалдиев І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», басқа да 22 жауынгерлік медальдармен марапатталған.


Ол бейбіт өмірде де қоғам жұмыс­тарына белсене араласты. Мәскеу универ­си­тетін бітіріп, экономист мамандығын игерді. 37 жыл Қармақшы аудандық статистика бөлімінің бастығы болды.
КСРО Статистика үздігі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы атақтарын алды.


Зайыбы, тыл ардагері Смадия­рова Қази ана екеуі екі ұл, бір қыздан немере-шөбере көрді. Әбдірауық атаның тілегі ұрпағының шат-шадыман өмірі, солардың қызығына куә қылған тағдырына разы.

Любовь Колесник

1925 жылы Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы Арыс қала­сында әскери қызметшілер отбасында дүниеге келген.


Жергілікті медициналық техникумда оқып, кәмелет жасқа толысымен 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Беларусь майданының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ер жүрек батылдығымен көзге түскен. От пен оқтың астында жүріп, ажалға араша тұрған ол жүздеген жауынгердің өмірін сақтап қалды.


Дәрігерлер ажал аузында да антына адал болған. Бұл жөнінде Люба әжей былай дейді: «Біз Германияның Ной-Репен қаласындағы госпитальда немістің жаралы солдаттарын да емдедік. Өйткені оларға көмек беретін ешкім жоқ еді. Дәрігер үшін жау мен дос деген ұғым жоқ, адам тағдыры ғана бар».


Өмірін денсаулық саласына арнаған Любовь Сергееевна соғыстан соң Қызылорда темір­жол депосының дәрігерлік тіре­гінде еңбек етті. Сол жұмы­сынан зей­нетке шықты.
Жұбайы Николай Севастьянович те соғыс ардагері.


Колесниктер екі ұл, бір қызды өмірге әкеліп, немере-шөбере көр­ді.


Жасаған ерлігі мен риясыз еңбегі үшін Л.С.Колесник ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталды.

Талжан Жанасов

1925 жылы Қазалы ауданы аумағындағы 84-ші теміржол бекетінде дүниеге келген.


Он жеті жасында әскер қатарына шақырылып, Ақмола қаласында бір айлық әскери дайындықтан өткен. Соғыстың алғы шебі 1-Украин майданына түсіп, соңынан 4-Украин майданында жаяу әскер жауынгері болған жас қазақ небір ауыр күндерді бастан өткерген.


Еуропаны етікпен жүріп өтіп, Ұлы Жеңісті Германияның же­рінде қарсы алды.
Елге оралып, халық игілігін еселеді. 1980 жылы зейнетке шыққанға дейін машинист болып темір жол саласында еңбек етті.


І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Ерлігі үшін», басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.


Бүгінгі күні Талжан ата 96 жасқа толып, бес баласынан тараған ұрпағының шуағы болып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<