Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Бейбіт аспан астында күн кешіп жатқанымызға осынша уақыт өтсе де, сұрапыл соғыс қасіреті аға буынның ең мұңлы, ең қорқынышты естелігі болып қалады. Өйткені олар – сол соғыста Отанын, жерін, елін қорғау үшін қан майданда оқ пен отқа оранып, Жеңіс туының желбіреуіне өмірімен, ерлігімен үлес қосқан ерлердің ұрпағы. Майдангер әкелерінен, аталарынан естіген соғыс жайлы үрейлі естеліктер қазіргі аға буынның жадында, санасында қаттаулы. Ол – өшпес тарих, ұмытылмас ерлік!
Қан майданда ерліктің үлгісін көрсетіп, жауға қарсы соғысқан майдангерлеріміздің бірі – Шайкамал Тілеубаев Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында дүниеге келген, 1942 жылы 19 тамызда әскерге аттанған.
Соғыс ешкімді аяған жоқ. Бір үйдің жалғызы, бір отбасының неше ер азаматы болса түгел әскерге алынды. Шайкамал ақсақалдың Жақан, Мақан, Сүлеймен, Әлмұрат атты бауырлары болды. Әкеден ерте айрылған бес баланы анасы Мыңқой Тілеубаева жалғыз өсірді. Жақан, Мақан деген екі ұл ертеректе, яғни соғыстан бұрын қайтыс болған. Соғыс өрті өршігенде үш баласын бірдей соғысқа шығарып салды. Кез келген әйел, ана үшін мұнан асқан қасірет жоқ шығар. Бір үйден аттанған үш азаматтың екеуі майдан даласында қаза тауып, Шайкамал аға аман оралды.
Ол әскерге барған алғашқы жылдары Ленинград майданына қатысты. Әуелі минометшілер батальонында, кейін 423-атқыштар полкінде қол пулеметші болған. Соғыстың ауыр кезеңінде ұзақ уақыт қорғаныс шебінде болса, кеңес әскерлері күш алып жауды тықсыра бастаған кезеңде Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге қатысты. 1944 жылдың аяғында жау жағы шегінерге жер жоқ, қорғанысты күшейте түсті. Қиян-кескі ұрыстың әбден ширығып, шарықтау шегіне жеткен кез. Майдан даласы бораған оқ пен оттан көз ашпады. Сондай кезде барлауға барып жаудың қорғанысы туралы мәлімет әкеле жатқан солдаттарды неміс әскерлері байқап қалып, оқ жаудырды. Алайда барлаушылар қандай жағдай болмасын мәліметті жеткізуге бекінді. Шайкамал жолдасымен бірге басын бәйгеге тігіп, жауды бөгеуге қалды. Жан-жағынан атқылаған снаряд пен оқтан аман қалу мүмкін емес еді. Қасындағы жолдасы екеуіне оқ тиді.
Шайкамал ақсақалдың көрер жарығы бар екен, тірі қалды. Тірі қалды дегені болмаса денесінің сау тамтығы жоқ еді. Снаряд жарықшағы басын, арқасын түгел жаралаған. Осылайша өлі мен тірінің арасында жартылай көміліп жатқан кеңес солдатын неміс әскерлері тұтқынға алды. Ал қандыкөйлек жолдасы сол жерде қаза тапты.
Бұл 1944 жылдың желтоқсан айы еді. Сонан 1945 жылдың мамырында Балтық жағалауы азат етілгенге дейін тұтқында болған. Неміс лагерінде тұтқындарға аяушылық көрсетілмейтіні анық. Бұндай жарақатпен тірі қалу да неғайбыл еді. Лагерьдегі тұтқын дәрігер көмегі арқасында ғана жарақаты біршама жазылып, аман қалды. Жеңістен кейін де 158-атқыштар полкінде бір жыл қызмет етіп, 1946 жылы мамырда сол жарақатына байланысты ІІ топ мүгедегі болып елге оралды.
Елге келген соң үйленіп, жары Базаркүл екеуі екі ұл, алты қызды тәрбиелеп, өсірді. Базаркүл апа колхозда сауыншы болды, Шайкамал әке әлі келгенше мал бағып көмектесті. Ардагер 1983 жылы қайтыс болған. Жұбайы Базаркүл Тілеубаева да жарынан кейін тура бір жылдан соң өмірден өтті.
Шайкамал ақсақалдың көзі тірісінде соғыс ардагері ретінде алған жалғыз марапаты – 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығына орай берілген мерекелік медаль ғана. Ал Жеңістің 40 жылдық мерекесінде ол кісі өмірден өтіп кеткен.
– Әкеміз көп сөйлемейтін кісі еді. Соғыс жайлы, майдандағы мехнатқа толы тіршілік туралы әңгіме айтпайтын. Соғысқа қатысқаны үшін атақ-дәреже де берілмеген. «Жеңістің 30 жылдығы» мерекелік медалін алды, біріншісі де, соңғысы да сол болды. Оған басты себеп – тұтқында болуы. Соғыстың бас жағында қызыл әскердің солдаттары неміс тұтқынына көптеп түскен ғой. Сол үшін Сталин тұтқынға түскендерді қатаң жазалауды бұйырды. Тұтқыннан босатылғандарды елге оралған соң соттады, жазалады. Біздің әкей жазадан аман қалды. Өйткені сол барлау кезінде ақпарат жеткізген жолдастары бұл кісілерді «бізді қорғау үшін немістерге бөгет болып қалды» деп айтып барған екен және ол құжат жүзінде жазылып қалыпты. Сотталмай қалуына сол құжат негіз болған. Тұтқынға түскені салдарынан әрі ІІ топ мүгедектігінен ескерусіз қалды. Өйткені ол кісінің құжатында «1944 жылдың қараша айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін тұтқында болған» деген жазу бар. Бірақ мүгедектігіне байланысты жәрдемақысын алып отырған. Негізінен соғыстың алғашқы жылында тұтқынға түскендер жеңілдіктен, жәрдемақыдан қағылған. Ал әкемізге бұйырғаны сол медаль болды, – дейді күйеу баласы Серік Нұртазаев.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шайкамал ақсақал мен жұбайы Базаркүл апа тәрбиелеп өсірген балалардан тараған немере-шөберелер елі үшін ерен ерлік көрсеткен майдангердің ұрпағы болғанын мақтан тұтады. Үлкені Айтбике апа бастаған Мирамкүл, Сәрсенкүл, Алтынкүл, Алма қыздары қарашаңырақтың тілекшісі, жанашыры болса, ұлдары Ақпышақ пен Серік Тілеубаевтар әулетінің діңгегі іспетті. Өкінішке қарай 1960 жылы туған қызы Үрімкүл қайтыс болған.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, майдангерден тараған ұл-қыздар бүгінде өмірден өз орындарын тапқан, ата-ана атына кір келтірмей тіршілік кешуде. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде ұл-қыздары, немере-шөберелері майдангер әкелерінің ерлігін еске алып отырады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, осындай ұрпағы барда Шайкамал ақсақалдың да аты, соғыстағы ерлігі өшпек емес.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






