Елімізде жарияланған карантин режимі тұтыну нарығындағы тұрақтылықты бұзды. Қатаң шектеулер салдарынан кешегі мамыр, маусым, шілде айларында оңтүстікте пісіп-жетілген көкөніс өнімдерін жеткізуде едәуір қиыншылықтар туындады. Кей жерлерде баға өсті.
Осының барлығы жалпы жергілікті тауар өндірушілердің материалдық жағдайына кері әсерін тигізді. Дегенмен, сауда үдерісі оншалықты бәсеңдемегенін атап өткіміз келеді. Оны статистиканың көрсеткіштерінен аңғаруға болады.
2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2020 жылдың қаңтар-маусым айларындағы сауда көлемі (%)
аймақтар
Тауарлар мен қызмет түрлерінің көлемі %
Шымкент қ. 168 806 201 98,0
Қостанай 154 350 594 97,7
Жамбыл 139 129 493 96,0
Алматы 188 970 750 95,9
Маңғыстау 80 155 466 94,9
Солтүстік-Қазақстан 107 769 301 94,2
Түркістан 72 204 060 94,2
Қарағанды 440 328 358 92,6
Атырау 142 978 775 90,6
Батыс-Қазақстан 149 093 793 90,6
Шығыс-Қазақстан 429 890 414 90,3
Қызылорда 133 550 829 90,2
Ақмола 103 353 985 88,7
Павлодар 166 234 256 86,2
Актөбе 252 772 440 85,8
Нұр-Сұлтан қ. 525 419 070 82,5
Алматы қ. 1 358 135 673 81,2
Республика 4 613 143 458 87,4
Кестеден көрініс тапқандай, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында Шымкент қаласында сауда айналымы мен қызмет көрсету 98 процентті құраған. Одан кейінгі орындарды Қостанай, Жамбыл, Алматы облыстары бөлісуде.
Оңтүстік облыстарда сауданың «қызуы» өңір халқының болмысына тән болғандықтан, біз аталған көрсеткішті қалыпты жағдай ретінде қабылдадық. Ал қостанайлықтардың оңды көрсеткішін астықты өңір болғандықтан, сауда айналымының тұрақты жүруімен байланыстырғымыз келеді.
Жуырда осы мақаланы дайындау барысында біз Қызылорданың базарлары мен ірі сауда орталықтарын аралап, халықтың бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік және көкөніс бағаларының деңгейімен таныстық.
Биыл базарларда картоп және көкөніс бағалары өткен жылмен салыстырғанда біршама қымбат. Бұл, әлбетте, көктемгі карантин кезінде жарияланған шектеулердің теріс ықпалынан болды. Қысқасы, биыл өнім аз, ал ол бағаның көтеріңкі болуына ықпал жасауда.
Дегенмен, базарлардағы көкөністің кейбір түрлерінің «Маgnum», «Small» сауда орталықтарындағы бағадан едәуір жоғары екенін байқадық. Бұл, әсіресе, картоп пен қырыққабатқа қатысты. Базарда картоп, қырыққабат келісі 150 теңге, жуа, сәбіз 100-150 теңге, жуа бағасы осы шамалас. Күріш 270-300 теңге. Еттің бағасы мал түріне қарай 1800-2000 теңге. Еттің қымбаттамай тұрғанының негізгі себебін біз дәстүрлі көпшілік отырыстарға қатаң тыйым салуының ықпалы деп түсіндік.
Жоғарыда аталған сауда орталықтарындағы ет бағасы қымбат. Бұл алыстан тасымалданып, жеткізілген еттің шығыны көп екенін айғақтайды. Халық тұтынатын негізгі азық-түлік және көкөніс бағаларында алдағы уақытта өзгеріс болуы мүмкін бе? Бұл, әрине, күздегі, өнімнің қаншалықты өнімді, берекелі болуына тікелей байланысты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<